Спорт • Кеше

Дунай жағалауындағы дода

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

13–19 маусым аралығында Мажарстанның бас шаһары – Будапеште дзюдодан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Оған жер жаһанның 92 мемлекетінен келген 566 татами шебері қатысады. Еліміздің құрамасы сапында Елдос Сметов қана жоқ. Қазіргі кезде даңқты спортшымыз Ұлыбританияда білімін жетілдіріп жүр. Басқа белді балуан­дарымыз бұл күндері Дунай өзенінің жағалауында өтетін дүниежүзілік додаға қызу даярланып жатыр.

Дунай жағалауындағы дода

Дзюдодан әлем чемпионаты 1956 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Бірақ еліміздің бірде-бір балуаны КСРО құрамасы сапында дүбірлі додаға қатысқан емес. Жағдай тек тәуелсіздік алғаннан кейін өзгерді. Десек те төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан байрақты бәсекеге үзбей қатысқанымызбен, алғашқы кездері жеңіс тұғырына көтерілу мүмкін болмады. Со­ның салдарынан 1993 жылы Га­мильтон (Канада), 1995 жылы Ти­ба (Жапония), 1997 жылы Париж (Франция), 1999 жылы Бир­мингемде (Англия) өткен жарыс­тардан қоржынымыз бос қайтты.

ХХ ғасыр табалдырықтан ат­та­ғаннан кейін отандық дзюдо еңсе тіктей бастады. 2001 жылы Германияның Мюнхен қаласында шымылдығы түрілген әлем чемпионатында қос Асхат – Житкеев (90 кг) пен Шахаров (73 кг) жүл­дегерлер қатарына қосылып, бар­ша Алаш жұртын қуанышқа бөледі. Оларға қола медаль бұ­йыр­ды. Қазір бұл жігіттердің екеуі де басшылық қызметте. А.Ша­ха­ров – Ақтөбе облысының әкімі, А.Жит­кеев – республикалық дзюдо феде­рациясының бас хатшысы.

Мюнхеннен кейін келесі жүл­дені тағы бақандай сегіз жыл күттік. 2003 жылы Осакаға, 2005 жылы Каирға, 2009 жылы Рио-де-Жанейроға сапарымыз сәтсіз болды. Десек те ел дзюдосында тың серпіліс бары байқалды. Себебі балуандарымыз жүлде алмаса да, жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүрініп жүрді. Сол аралықта Асхат Житкеев Бейжің Олимпиадасында күміс медаль иеленді. Ақыры көздеген мақсатымызға қол жеткіздік. 2009 жылы Роттердамда Максим Раковтың жұлдызы жарқырай жанды. 100 кг салмақ дәрежесінде күрескен Қарағанды дзюдо мек­тебінің түлегі финалда Нидер­ландтың мақтанышы Хенк Гролдың аяғын көктен келтіріп, бас жүлдені қанжығысына байлады. Максим арада екі жыл өткеннен соң Парижде күміс медаль олжалады. Ақтық сынға дейін ал­қын­бай жеткен жерлесіміз шешуші тұста Ресейдің атынан сынға түскен авар жігіті Тагир Хай­булаевқа есе жіберді.

2013 жылы Рио-де-Жанейрода Азамат Мұқанов атой салды. Сам­бодан әлем чемпионы, сол жа­рыстың төрт дүркін жүлдегері деген дардай атағы бар балуан­ның дзюдоға ден қойға­нына небәрі бір жылға толар-тол­мастай болған еді. Соған қара­мастан елішілік бәсекелерде қар­сылас шақ келтірмей, ұлттық коман­даның жейдесін киді. Брази­лияда А.Мұқанов 66 кг салмақ­та сайысқа түсті. Бастапқы бәсе­келерде Еуропа чемпионы, сол жарыстың үш дүркін қола жүл­дегері, командалық сайыста әлем чем­пионатының күміс жүлдегері, ресейлік Алим Гаданов, синга­пур­лық Жоэль Ценг, құрлық бірін­­ші­лігінің екі дүркін жүл­дегері, ұлыбританиялық Кол­лин Оутс, Азия чемпионы, жапо­ния­лық Масааки Фукуоканы ұтты. Жар­тылай финалда әлем, Еу­ропа чемпионы, әлем, құрлық чем­пионаттарының бірнеше дүр­кін жүлдегері, украиналық Георгий Зантараяны жолынан ығыс­тырды. Финалда Жапония­ның бас жұлдызы Масаши Ебуни­маға есе жіберген Азамат күміс медальды мойнында жарқыратты.

2015 жылы Астанада жалауы желбіреген жарыста аса жеңіл салмақтың бас жүлдесін қазақтың қос қыраны – Елдос Сметов пен Рус­там Ыбыраев өзара сарапқа салды. Бұл тартыс Ғалымжан Жыл­келдиевтің шәкіртінің пайдасына шешілді. Сөйтіп, Елдос әлем чем­пионы атанса, Рустам күміс медаль иеленді. Осы табыстың арқасында жалпы есепте өз тарихымызда тұңғыш рет ТОП-5 команданың қатарына қосылдық.

2017 жылы Будапеште Гал­бадрах Отгон­цэцэг (48 кг) қола алса, 2018 жылы Бакуде еліміз­дің туы астында өнер көрсеткен моңғол қызы дәл сол нәтижесін қайталады. Ерлан Серікжанов (66 кг) күміс медальды мойнында жарқыратты. Айдар Қайыр­баевтың шәкірті фи­налда Жапо­нияның жұлдызы Хи­фуми Абеден айласын асыра алмады.

2019 жылы Токиода Елдос Сметов (60 кг) үшінші орынға табан тіреді. 2021 жылы Ма­жар­станның астанасында Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) күміспен күптелді. 2022 жылы Ташкентте аса жеңіл сал­мақта күрескен Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова қола жүлдені олжалады. 2023 жы­лы Дохадан қоржынымыз бос қайтты.

Кейінгі әлем чемпионаты былтыр БАӘ-нің астанасы Әбу-Дабиде өтті. «Мубадала Аренада» 109 мемлекеттен келген 675 спортшы күш сынасты. Жарысқа еліміз толық құрамда қатысқанымен, тек Әбиба Әбужақынованың айы оңынан туды. Бастапқы бәсекелерде барлық қарсы­ла­сынан басым түскен қазақтың қаршығадай қызы жартылай финалда моңғолиялық Басанхуу Бавудорждан жеңілді. Үшінші орын үшін тартыста түркиялық Тукче Бедерден басым түсіп, қола медальды еншіледі.

Міне, енді әлемдік доданың жа­лауы 38-мәрте желбірейді. Буда­пеште ел намысын мына дзю­дошылар қорғайды: Ерлер: 60 кг – Мағжан Шамшадин мен Шер­зод Давлатов, 66 кг – Ғұсман Қыр­ғызбаев, 73 кг – Есет Қуанов, 81 кг – Абы­лайхан Жұбаназар, 90 кг – Мейір­лан Максим, 100 кг – Нұр­­лыхан Шархан мен Ма­рат Бай­камұров, +100 кг – Ера­сыл Қа­жыбаев. Әйелдер: 48 кг – Әбиба Әбужақынова мен Ға­лия Тынбаева, 57 кг – Бақыт Құсақ­баева, 63 кг – Есмигүл Куюлова.