
Суретті түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН
Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы ұйымдастырған бұл ерекше кеш ежелгі қазақтың есті өнерін – жыршылық дәстүрін жаңаша жаңғыртқан іс-шара болды. Кештің бас кейіпкері Берік Жүсіп – 12-13 жасынан бастап халық мұрасын жинаған фольклортанушы ғалым әрі эпик жыршы болса, кеш тізгінін ұстаған Бауыржан Бабажанұлы да осал емес, бала кезінен Құдайберген, Наурызбек, Қалдаш жыраулардың жырын тыңдап, Бесқала қазақтары арасында күні кешеге дейін қаймағы бұзылмай сақталған жыраулық өнердің кәусарына қанып өскен ақын. Бұл екеуінің сахна төрінде қара әңгіме мен жыр-термені араластыра шерткен сыр-сұхбаты көрерменді де қызығына тартып әкетті.
– Асылында, жыршылық – сахналық өнер емес қой. Бұл өзі дастарқан басында, алқа қотан ағайынның алдында кіріспесінің өзі 2-3 сағатқа созылып, жырлаушы содан соң ғана қыза түсетін құбылыс. Жырау әуелі тамағын қыздырып ән айтып, кейін жеңіл-желпі жыр-термеге түседі. Арасында әр шығарманың тарихы, оқиғасы қара әңгімемен қоса баяндалып, отырыс қыза түседі. Одан әрі жырау өзі білетін жырларды бір-бірлеп таныстырып, қайсысын таңдауды халықтың өз талқысына қалдырады. Мұны «ортаға салу» деп атайды. Содан кейін ғана жиналған жұртшылықтың қалауымен негізгі шығармаға – үлкен жырға кезек келеді, – дейді қазақы жыршылық өнердің мән-жайымен таныстырған Берік Жүсіп.
Бір ғажабы, Берік Мырзалыұлы Сыр еліндегі сөз ұстаған үлкендердің ізіне ерте түскен екен. 12-13 жасында ел аралап, көкірегі қазынаға толы қариялармен кездескен, жыршы-жыраулардың шығармаларын таспаға түсіре берген. Осылайша, қазіргі таңда Берік Жүсіптің жеке қорында таспаға түсіріп алған 2 500 сағаттық мұра сақтаулы тұр екен! Бұл жайында филармонияның ақпарат бөлімі дайындаған «Көкірегі – көне кітап» бейне фильмінде де айтылды.
Ақын Темірхан Медетбек бірде: «Әуелден шал болып туған мен білетін екі адам бар: Оның бірі Әбіш Кекілбай болса, екіншісі – Берік Жүсіп» деген екен. Сол айтқандай, сүлейлердің сарқытын сарқып ішкен, қариялармен көп жүріп өзі де данаға айналған Бекең осы кеште кеңінен көсілді. Көне қазақтар арасындағы жырлау тәртібі мен тыңдау мәдениеті туралы сөз қозғап, әр орындаған ән-жырға түсіндірме беріп отырды. Жадында жазылып қалған қазақы қалжыңдарды да ортаға салып, көрерменді серпілтіп, көңілдендіре білді. Түйін сөзінде «жыршылық өнерді дамытатын жалғыз жол – тыңдаушының сауатты болуы» деді.
Әрине, бүгінгі қым-қуыт тірлік, бәрі асығыс заманда қазақтың жыраулық өнері жетімсіреп, жырлаушы да, тыңдаушы да азайып бара жатқаны рас. Дегенмен әйгілі Марабай жыраудың отаны – Батыс Қазақстан облысында жыраулық дәстүрді сақтауға ұмтылыс бар. Республикалық, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген жергілікті Фархат Оразов сынды өнерпаздар да өз мектебін қалыптастырып жатыр. Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы 2021 жылы халық жыршысы Марабай жыраудың туғанына 180 жыл толуына орай «Марабай таным» жобасын бастап, республикалық деңгейдегі ғылыми конференция өткізген еді. Парламент депутаты Абзал Құспан, DANAqaz орталығының жетекшісі Жантас Сафуллин сынды азаматтар әр жылдары Семейден Дүйсенғазы жырау Нығметжановты, Бейнеуден Сәрсенбай жырау Қыдырұлын алдырып, халықпен қауыштырған болатын. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының басшысы, белгілі өнер қайраткері Бауыржан Халиолла ұйымдастырған «Сүлейдария» кеші де ұлы көшті жалғаған жарасымды іс болды. Кеш соңында Бауыржан Ергенұлы Берік жыраудың асыл жары, Ақ Жайық елінің қонағы Гүлфайрус ханымға гүл ұсынып, қамзол жауып құрмет көрсетті. Ал жымпитылық кәсіпкер, белгілі меценат Ғанимат Қайыржанұлы Берік Мырзалыұлы мен кешті жүргізген Бауыржан Бабажанұлына елдің атынан ат мінгізді. Осылайша, төл өнеріміз өрге озған, көңіл қияға қол созған керемет кеш өтті.
Батыс Қазақстан облысы