
Әскери бөлім басшылығының айтуынша, гранттар жауынгерлік, тәртіптік және оқу дайындығында үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға беріліп отыр. Әр сарбаздың жетістігі күнделікті бақылауға алынып, арнайы журналдарда тіркеледі. Жүйелі түрде жүргізілетін рейтинг нәтижесі электрондық форматта сарапталып, шешім әділ түрде қабылданады.
– Грант иегерлері – азаматтық борышын абыроймен өтеп, әскери дайындықта жоғары көрсеткішке қол жеткізген жастар. Биыл осындай мүмкіндікке 21 сарбаз ие болды. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпестен-ақ еліміздің беделді университеттеріне түсе алады, — дейді бөлім командирінің орынбасары Дәурен Рахымбеков.
Білім грантына ие болған сарбаздың бірі — Ғалымжан Көшер. Ол «Срочник.02» бағдарламасы арқылы өз армандаған оқу орнына түсу мүмкіндігіне ие болған.
– Ұлттық ұланда қызмет ете жүріп, өз болашағыма нақты қадам жасадым. Бұл мүмкіндік үшін командирлеріме зор алғыс білдіремін. Мен «Astana IT University» оқу орнын таңдап отырмын, – дейді қатардағы жауынгер.
Батыс Қазақстан облысы