Туризм • Кеше

Балалар туризмі қалай дамиды?

190 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде туризм саласын дамыту қажеттігі жөнінде жиі айтып келеді. Бірақ ол үшін халықтың санасында туристік мәдениет, салт-сана қалыптасуы керек. Ал оның бастауы – балалар туризмін дамыту дейді мамандар.

Балалар туризмі қалай дамиды?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

2024 жылғы 13 маусымда Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лығымен өткен ту­ризмді дамыту жөнін­дегі кеңесте Мемлекет басшысы: «Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәсе­лесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мә­селесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсар­ту қажет» деген еді.

Биылғы жыл басында өткен Үкімет­тің кеңейтілген отырысында: «Эконо­микалық өсудің жаңа нүктесі туризм болуға тиіс», деп нақты тапсырма да берді.

«Бірақ туризм саласын дамы­тудың, ел ішінде танымал етудің өз алғышарттары бар. Туристік мәдениет тұлғаның бойында бала күннен қалыптасуға тиіс. Өкініш­ке қарай, елімізде осы салада ше­шіл­мей жатқан түйткілдер бар», дейді «Батыс Қазақстан ту­рис­тік қауымдастығы» заңды тұлға­лар бірлес­тігінің директоры Айболат Құрымбаев.

Айболат Шамұратұлы – қыз­ме­­тін ауыл мектебінде қарапайым мұғалімдіктен бастап, балалар­мен қоян-қолтық жұ­мыс істеген, кейін Орал қаласындағы «Ата­мекен» эко­логия және балалар мен жасөс­пірімдер туризмі орталығын бас­қарған тәжірибелі маман.

Мектеп оқушысын туристік-өлкетану бағытына тартып, оның бойына жас күнінен сапарға шығу, туған өлкемен танысу, та­би­ғатпен етене болу, өзіндік дағ­ды­ларды қалыптастыру – оқу-тәрбие үрдісінің ерекше маңызды бөлігі. Бұл баланың денесін шы­нықтырып қана қоймай, ой-санасын да кеңітеді. Тұлғаның ерекше қабілеттерін ашады.

Мектептен тыс жұмыстар кезін­де әдетте көзге түсе бермей­тін, «қиын» бала­лар­дың өзі басқа қырынан ашылады, жаңаша жар­қырап көрінеді. Мұны бала тәр­биесімен айналысқан маман­дардың бәрі байқаған.

а

Кеңес одағы кезінде пионер­лер мен оқушылардың патриот­тық тәрбиесіне ерекше маңыз бері­летін еді ғой. «Менің елім – СССР» атты бүкілодақтық экспеди­циясына сол кезде мектептерден 16 млн, кәсіптік училищелерден 4 млн-дай оқушы қатысқан екен! Осы қалыптасқан жүйені тәуелсіздік жылдары әлсіретіп алдық.

Мәселен, 1965 жылы туризм және экскурсия бойынша Қазақ республикалық кеңесі құрылып, Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Қара­ғанды, Орал және Шымкент облыстарында бөлімдері ашылған еді. 1969 жылы шыққан «Елімізде туризм мен экскурсияны одан әрі дамыту жөнінде шаралар тура­лы» қаулыдан кейін бар­лық жерде туризм жаппай дамыды. Әсіресе еліміз бойын­ша жаңа туристік базалар са­лы­на бастаған. Жасыбай көлі жа­ғасын­дағы «Баянауыл», Қараған­ды­да­ғы «Қарқаралы», Бұқтырма маңындағы «Алтай бухтасы», Жайық жағасындағы «Орал» ту­ристік базалары сол кезде пайда болған.

Елімізде 1951 жылы Қоста­найда алғаш рет балалар туристік-саяхаттық стансасы ашылған екен. 1960 жылы Орал қаласында балалар мен жасөспірімдер турис­тік орталығы дүниеге келді. 1973 жылы осындай орталықтар еліміздің барлық облысында ашылды.

1960 жылдардың соңы, 1970 жылдар­дың басында КСРО-да мектеп туризмін дамытудың жаңа формалары шыға бастады. «Әкелер даңқы жолымен» деп аталатын саяхаттар аға буынның есінде шығар. Осындай сапарларға 3 млн-нан аса оқушы қатысыпты. Олар майданда қаза тапқан жа­уынгерлер туралы дерек жинады, шайқас өткен жерлерге барды, хабарсыз кеткендерді іздеуге атсалысты. Жыл сайын әр қалада бүкілодақтық слеттер өте бастады. Осындай іс-шаралар мек­теп оқушыларын тәрбиелеудің аса маңызды құралы болатынына ұйым­дастырушылардың көзі әбден жетті.

Мектептердегі туристік-өлке­тану жұмысының жандануы оқу-тәрбие ісін жеңілдетіп, жаңа мазмұн берді. Мектеп жанынан музейлер жаппай ашыла бастады. Бұл жерде тақырыптық кездесу, тағылымды жиын өткізуге жағдай туды.

Бір қызығы, балалардың таусылмас қуатын, елгезек энтузиазмын нақты пайдалы мақсат­қа бұруға да болады екен. Турис­тік клубтар, мектеп жанынан ашыл­ған секция мүшелері өзі тұратын аймақты шарлап, мем­лекеттік мекемелердің тапсыруымен геологиялық зерттеулер де жүргізген! Яғни балалар өздері тап­қан тау жыныста­рын орталыққа жібереді, сол арқылы ғылыми мекемелер ісса­парға шықпай-ақ, оған қаржы жұм­самай-ақ алдын ала зерттеу жасап, карта түзіп, болашақ жұмысына бағдар жасайды.

Бір өкініштісі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары келген нарық қиындығы бұрын­нан қалыптас­қан көптеген игі дәстүрді жойып жіберді. Елімізде 18 балалар ту­ристік-өлкетану мекемесі жабы­лып қалды. 1997 жылы респуб­ликалық жас туристер стансасы қызметін тоқтатты.

Әрине, балалар туризмі елі­мізде мүлдем жоғалып кеткен жоқ. Дегенмен барлық өңірде жағдай бірдей емес. 2023 жылы елімізде 41 жас туристер стан­сасы, балалар мен жасөспірімдер орта­лығы болған болса, соның 14-і – Батыс Қазақстанда, 11-і – Түркістан облы­сында, 3-еуі – Алматы облысында қалған екен. Ал Абай, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау облыстарында, Шымкент қаласында мүлдем қалмаған. Еліміз бойынша жас туристер орталығына тартылып, өлкетану жұмыстарына қосылған оқушы саны 2023 жылы – 30 451 адам болыпты. Бұл еліміздегі 3,9 млн оқушының 0,8%-ы ғана екен. Әрине, өте аз.

Дегенмен ең үлкен қиын­дық осы саланы дамытатын мем­лекеттік нормативтік құжаттар­дың болмауы­нан туындап отыр. Мәселен, дәл қазір еліміз­де балалар туризмін дамытуға жауапты нақты мекеме жоқ.

«Елімізде балалар туризмі, өлкета­ну, экология» ұғымдарын жас ерекше­ліктеріне қарай министрліктер арасында бөлу керек. Яғни осы ұғымдарды 0-18 жас аралығында Оқу-ағарту министрлігіне тапсыру қажет. Дәл қазір балалар туризмін да­мы­ту­ға жауапты нақты мекеме жоқ. Мектептен тыс білім беру жұ­мы­сында балалар туризмі, соның ішінде балалармен далалық жағдайда саяхат жасау, оларды қажеттіліктерімен қамтамасыз ету мәселесі ескерілмей қалған», дейді Айболат Шамұратұлы.

Осыдан туындайтын бірнеше мәселе бар. Жақында балалар туризмін дамытуға жанашыр болып жүрген батысқазақстандық бірнеше маман осы саланың түйткілді түйіндерін түгендеп, астаналық мекемелерге хат жолдады. Ол хатта мәселенің мәнісін көрсетіп қана қоймай, оны шешу жолын да ұсынған:

Мысалы, Білім және ғылым министрі мен Туризм және спорт министрінің 2007 жылғы 5, 11 сәуірдегі №165 бірлескен бұй­рығында «Менің Отаным – Қазақ­стан» атты республикалық туристік экспедициясын (турис­тік жорықты) ұйымдастыру ере­желері» бекітілген. Дәл қазір осы құжат күшінде ме, әлде қол­даныстан алынған ба? Осыны тіпті осы сала мамандарының өзі нақты айта алмайды.

 – Осы бұйрыққа өзгерістер мен түзетулер енгізу қажет. Соның ішінде «Менің Отаным – Қазақстан» жобасының үшінші кезеңін жыл сайын 31 тамызға дейін екі апталық шатырлы лагерь түрінде, экспедиция формасында өткізу өте маңызды, – дейді Айболат Құрымбаев.

Бұдан бөлек, елімізде «Жас турист», «Қазақстан саяхатшысы» белгілерін алудың ережесі бекітілуі керек. Мұның негізі оқушы­ларға қосымша білім беру ұйымдарында оқытылғаны жөн болар еді.

Ең бастысы – «Балалар ту­ризмі, өлкетану, экология» ұғым­дарын жас ерек­шеліктеріне қа­рай министрліктер арасында бөлу қажет. Яғни осы ұғым­дар­ды бала кәмелет жасына, яғни 18-ге толғанға дейін Оқу-ағарту минис­трлігі өз құзыретіне алуы керек.

Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұй­рығына да толықтыру қажеттігін өмір көрсетіп отыр. Яғни елімізде жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар бай­қаула­рының (ғылыми жарыстар) тізбесі, орындаушылар конкурстары, кәсіптік шеберлік кон­курстары және спорттық жарыстар тізі­міне «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициялардың сле­ті қосылуға тиіс. Ол аудандық, қала­лық, облыстық, ең соңында респуб­ликалық кезеңге бөлінгені жөн.

Сондай-ақ әлі күнге қолда­ныста жүр­ген Қазақстан Респуб­ликасы Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 15 маусымдағы №127-р «Балалардың тамақтану нормалары туралы» қаулысының күшін жоймаса болмайды дейді мамандар. Оның жаңа нұсқасында «жорық кезінде, экспедицияларда және экскурсияларда, туристік, қорғаныс-спорттық лагерьлерде, категориялық және дәрежелік туристік саяхаттарда, палаткалық сауықтыру, турис­тік лагерьлерде балалардың тамақ­та­ну нормалары қосылуы қажет.

Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтарда шық­қан №70 бұйрығында мектепке дейінгі, орта білім беру ұйым­дарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтау нор­м­а­­лары бекітілген. Бірақ мұнда балалар туризмі, соның ішін­де дала­лық жорықтар тағы да еске­ріл­­мей қалған.

– Қажетті заттардың тізіміне жолқап­шық, шатыр, ұйықтайтын қапшық, туристік төсеніш, от жағатын жабдықтар, туристік ыдыстар жиынтығы, құтқару кеудешесі, қорғаныш каскасы, стати­калық арқандар, муфталы карабиндер, ескекті қайық пен велосипедтер қосылмай балалар туризмін дамыту мүмкін емес, – дейді туризм саласының ардагері, Оқу ісінің үздігі, кезінде КСРО географиялық қоғамының мүшесі, халықаралық балалар мен жасөспірімдер туризмі мен өлкетану академиясының мүшесі болған Мақсұт Мырзағалиев.

Бұған қоса елімізде спорттық туризм саласында разрядтар мен атақ­тар беру, ол үшін арнайы спорт­­тық жорықтар мен ту­ристік көп­сайыстар ұйымдастыру да туризмді насихаттау үшін маңыз­ды болар еді.

Жалпы, ел көлемінде алғанда Батыс Қазақстан облысында бала­лар туризмі­нің жағдайы қанағат­танарлық екенін, жоға­рыда айтылды. Бұл әрине, осы салада табанды еңбек етіп жүрген маман­дардың арқасы.

Мысалы, облыстың Ақжайық ауданында балалар туризмі, жар­тасқа шығу сайысы жақсы да­мыған. Соңғы жылдары аудан өлке­тану саласы бойынша да жақ­сы нәтижелерге жетіп, облыста алдыңғы үштіктен түспей келеді. Бұл көрсеткіште Алмалы ауыл округіндегі Атамекен ауылында «Жерұйық» музейін ұстап отырған қосымша білім беру педагогі Жәнібек Әбілпейісовтің де үлесі бар. Шәкірттері респуб­ли­калық, облыстық сайыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз болған ұстаз «Үздік қосымша білім беру педагогі 2024» жыл қорытындысы бойынша Гран-При иегері атанған. «Tourism Awards – 2024» жыл қорытындысында екі шәкірті «Үздік үйірме оқушысы» атанды.

 – Әдетте маған көлік пен оның жанармайы үшін, балалар­ға қажетті азық-түлік үшін қара­жат береді. Өйткені мен жазғ­ы экспедицияның нәтижесінде жарыс­тарға жоба мен слайд да­йындап, оқу­шыларымды қатыс­тырып, жүлде алып келе жатырмын. Ал менің әріптес­терім, қосымша білім беру педагог­тері көбіне экскурсияларға өз қаражатымен шығады, – дейді Махамбет Өтемісұлы атындағы орта мектептің қосымша бі­лім беру педагогі Жәнібек Әбіл­пейісов.

Сөз реті келгенде айта ке­тейік, жа­қын­да осы ауылдың аума­­ғынан ерте заман­дағы алып мүйіз­тұмсықтың жілігі табыл­ған еді ғой. Міне, оқушылардың жазғы каникулын тиімді пайдалану, оларды ғылыми жұмысқа бау­лу әрі туған өлкенің тарихы мен табиғатты зерттеуде ғалымдарға көмектесу үшін ұстаз жақында «Атамекен ауылы аума­ғын­дағы кайнозой фаунасының палеон­тологиялық қалдықтарын іздес­тіру-зерттеу» экспедициясын жос­парлап қойыпты. Бұл жорық­­­қа Оралдан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік универ­си­тетінің мықты мамандары Мақсот Берліғожин мен Жәмилә Якупова келгелі жатыр екен.

Балалар туризмін жүйелі дамытып отыр­ған өңірдің бірі – Бөрлі ауданы. Жақында осы аудан­ның Бумакөл ауылындағы жас турис­тер стансасының жұмысын көзімізбен көріп қайттық. 20 адамға арналған орталықта оқу­шылар жататын, тамақ ішетін, түрлі бағыттағы жорықтар ұйым­дастыратын толық жағ­дай жа­салған. Мекеме басшысы Манас Жолдығалиұлы станса жыл бойы жұ­мыс істейтінін, аудан мектептерінен іріктел­ген балалар кезең-кезеңімен осы жер­ге келіп, әрі демалып, әрі туризм са­ласының жаңа дағдыларын үйре­не­тінін жеткізді. Табиғаты әсем аймақ­та орналасқан Бума­көл ауылында болашақта оқушы­лардың жазғы лагері ашылатын болса, шекара шебіндегі елдімекеннің екінші тынысы ашылып, жергілікті халық үшін де оңтайлы жағдай туатыны сөзсіз.

Дегенмен Бумакөлдегідей жағ­дай барлық жерде жоқ. Қазақ­стан Президенті өзінің сайлауалды бағдарламасында елі­мізде балалардың 50 сауықтыру лагерін, оқушылардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытатын 100-ден кем емес ірі нысандарды салу жоспарын жариялаған. Осының ішінде балалар мен жасөспірімдердің респуб­ликалық туризм және өлкетану орталығы құрылса, нұр үстіне нұр болар еді-ау. Өйткені елімізде балаларды ту­ризм саласына, өлке­тану ісіне тарту көрсет­кіші жоғарыда айтқанымыздай, өте төмен.

 – Оның үстіне қазіргі бар жас туристер орталықтарының да жағ­дайы мәз емес. Олардың тек 17-сі үлгі жобадағы ғимаратта орналасқан. 23 орталықтың ғи­ма­раты өзіне сай емес, кейін бейім­­дел­ген. 8 ғимарат күрделі жөн­деуді қажет етеді, ал екеуі – апат жағдайында, – дейді Айболат Құрымбаев.

Айболат әр өңірдегі балалар­дың жазғы демалыс лагерьлері Орал қала­сын­дағы «Атамекен» балалар мен жас­өспірімдер туризмі және өлкетану орталығы секілді формаға көшіп, жыл бойы жұмыс істегені тиімді деп санайды. Өйт­кені жазғы лагерьлердің көбі тек үш ай каникул кезінде жұмыс істеп, өзге уақытта қаңырап бос тұрады. «Жазғы лагерь­лер­дің мате­риалдық-техникалық әлеуетін жыл бойы пайдаланып, сабақ уақытында оқушылар осы жерде туризм мен өлкетану бағы­тында түрлі шараға қатысса, осы салаға тартылған балалардың санын 52,5 мыңға дейін жеткізуге болар еді», дейді маман.

«Бүгінде әлемдік жалпы өнім­дегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни пандемияға дейінгі деңгейіне қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 па­йызы туризм саласына тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсе­тілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвес­тицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Елімізде туризм­нің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 13 маусымында өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан, тарихи және табиғи нысандары мол Батыс Қазақстан облысының өзінде туризм саласын дамыту мәселесі әлі де өзекті. Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және ин­дустриалдық-инновациялық даму басқармасына қарасты «Туризм және сыртқы экономика­лық байланыстар» бөлімінің бюджеті бірнеше жылдан бері бар болғаны 16 миллион теңгені құрап отыр. Ал көршілес Атырау облысында 102 миллион теңгеге туристік ақпарат беру орталығы ашылса, Ақтөбе облысында да осындай орталық жұмыс істейді. Туризмді дамытуға бөлінген бюджет те әлдеқайда жоғары. Маңғыстау об­лы­сында арнайы туризм бас­қар­­масы, оның құзыретінде арнайы орталық бар, ол мекеменің жылдық бюджеті – 900 миллион теңге.

– Көрші өңірлердің тәжіри­бесіне қарап отырып, біздің облыста туризмді дамыту жұмысы жеткіліксіз екенін байқаймыз. Енді «Туризм және сыртқы эконо­микалық байланыстар» бөлімі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына берілетінін естіп жатырмыз. Осы орайда жаңа басқармада туризмге жауапты бөлім ашыла ма, бөлім­нің штаттық бірлігі сақтала ма, бөлімнің бюджеті ұлғая ма, әзірге белгі­сіз. Қазіргі таңда Батыс Қазақ­стан облысы ел бойынша туризм саласына қаржы бөлу жағынан ең соңғы орында. Егер өңірге турист тартумен кәсіби деңгейде ешкім айналыспаса, жаңадан салынып, жөнделіп жатқан жолдар мен туристік нысандардың еш мәні болмайды, – дейді Айболат Құрымбаев.

 

P.S. Дегенмен тағы да қайталап айтамыз, тұлғаның бойында туристік мәдениет, саяхаттау дағдысы бала кезден, мектеп партасынан қалыптасуға тиіс. Бұл тәрбие туған өлкені тану, отансүйгіштік ұғымдармен қатар жүруі керек. Мұның бәрі бір кездері болған еді. Сол дәстүрдің тозығын қалдырып, озығын жаңғыртсақ, Мемлекет басшысы айтқан туризм саласын дамытудың іргетасы берік қаланар еді.

 

Батыс Қазақстан облысы