
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Оқиға орнына жеткен жедел медициналық көмек бригадасы әйел адамның қан қысымының тым жоғары екенін анықтап, жағдайының ауырлығын ескеріп, санитариялық авиация арқылы шұғыл түрде Павлодар қаласындағы Кардиоорталыққа жеткізген.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, науқасқа шұғыл түрде мидың компьютерлік томографиясы (КТ) жасалып, субарахноидалді қан құйылу және маңдай бөлігі аймағында үлкен аралық гематома бары анықталған. Нейрохирург кеңесінен кейін 3D реконструкциясы бар ангиография жасалып, алдыңғы біріктіруші артерияда екі қосымша дивертикулы бар, кең негізді, жарылған қапшық тәрізді аневризма табылған. Сонымен қатар, екі ішкі ұйқы артериясында иілім (кинкинг) байқалған. Дегенмен, алдыңғы біріктіруші артерия қалыпты жұмыс істеп тұрған.
«Өмірлік көрсетілімдері бойынша рентгенэндоваскулярлық операция жасалды – аневризма арнайы микрокатушкалармен (микроспиралдармен) толық эмболизацияланды. Операция сәтті өтті, аневризманың бүкіл қуысы сенімді түрде жабылды. Пациенттің жағдайы ауыр күйде қалып, 9 күн бойы реанимация бөлімшесінде қарқынды ем алды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін ол әрі қарай ем қабылдау үшін неврология бөлімшесіне ауыстырылып, кейін денсаулығы жақсарған күйде үйіне шығарылды. Осындай патологиялар кезінде өлім деңгейі, әсіресе аурудың жіті және ерте кезеңдерінде 50%-ға дейін жетеді. Алайда жедел жәрдем бригадасының уақтылы әрекеті, санитариялық авиациямен жедел жеткізу және Кардиоорталық мамандарының кәсіби жұмысы пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.Пациентке көрсетілген барлық медициналық көмек әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде тегін көрсетілді», делінген хабарламада.