Фото: Үкімет, телеграм
Үкімет жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемінен экономикалық өсу сапасына назар аудара отырып, елдің дамуын бағалаудың жаңа моделіне көшіп жатыр.
С.Жұманғаринның айтуынша, өсуді қамтамасыз етуде адами капитал, негізгі капитал, табиғи ресурстар, еңбек өнімділігі және технологиялар сияқты маңызды факторлардың үлесі ескерілетін болады. Осыған байланысты әлеуетті жалпы ішкі өнім бойынша экономикалық өсудің декомпозициялануы енгізіліп жатыр, бұл экономиканың нақты неден өсіп жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.
Өсудің ең маңызды факторы «жиынтық өнімділік» болып отыр. Ол экономикалық өнімді құру процесінде еңбек пен капитал сияқты барлық өндіріс факторларын пайдалану тиімділігін өлшейді.
Жиынтық өнімділіктің өсуі тиімділіктің жақсарғаны мен технологиялық прогресті көрсетеді. Статистикаға сүйенсек, 2001-2024 жылдар аралығында өндіріс тиімділігі экономиканың негізгі қозғаушы күші болған.
«Еңбек өнімділігін, тиімді жұмыспен қамтуды және капиталдың технологиялық деңгейін арттыру арқылы ұзақмерзімді өндірістік қабілеттілікті жоғарылатуға басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде жалпы ішкі өнім өсуі мен жалақының артуы арасындағы алшақтықты біртіндеп жоюға алып келеді», деді Серік Жұманғарин.