
Іс-шараны Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина ашып, соғыс жылдарындағы майдангерлердің ерлігін есте сақтаудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар басылымды дайындаған архившілер мен серіктес ұйымдарға алғысын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз» деген болатын. «Ерлікке тағзым» жинағы – архивтік фотосуреттер мен материалдар негізінде әзірленген ғылыми-зерттеудің нәтижесі. Жинақ Президент архивінің қорларын көпшілікке таныстыруға және насихаттауға мүмкіндік береді деп сенемін. Екі жинаққа отандық және шетелдік архивтер мен кітапханалар қорынан фотосуреттер мен құжаттар да енген, – деді архив директоры.
«Ерлікке тағзым» жинағында Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова және басқа да батырлардың естеліктері қамтылған. Онда шынайы оқиғалар мен нақты адамдар, олардың тағдыры мен жүрек тербеген сезімдері туралы сыр шертіледі. Жинақ сонымен бірге Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақстандық сарбаздардың майдандағы ерлік жолын, ел экономикасының соғыс жағдайына бейімделуін, қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің құрылуы және республиканың майданның қуатты арсеналына айналу тарихын баяндайды.
Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов, академик Дихан Қамзабекұлы, мұрағат маманы Евгения Чиликова аталған кітаптардың тұсауын кесіп, өзекті ойларын ортаға салды.
– Бірінші бөлімде Екінші дүниежүзілік соғыс шайқастарына Қазақстанның әскери құрамаларының қатысуы туралы айтылады. Жарияланған зерттеулерге қарағанда, елімізден соғысқа кемінде 9,5 мың әйел қатысқан. Кітаптың екінші бөлімінде елімізге эвакуацияланған өнеркәсіп кәсіпорындары, ауыл шаруашылығының үлесі, еңбеккерлердің жанқиярлығы туралы айтылады. Үшінші бөлім қарапайым адамдардың соғыс кезіндегі өміріне арналды. Тыл ардагерлерінің жеңіске қосқан үлесін ұмытпауымыз керек», деді кітап құрастырушыларының бірі
Евгения Чиликова.
Айтуларынша, жинақты дайындауға екі жылға жуық уақыт кеткен. Президент архивінің мамандары өз қорларындағы материалдарды пайдаланумен қатар, еліміздің өңірлік архивтері мен ұлттық кітапханаларынан, Өзбекстан мен Ресей архивтерінен де ақпарат жинақтаған. Жинақтың жалпы көлемі 253 бетті құрайды. Жинаққа соғыс жылдарында шыққан 30-дан астам газет қиындысы, 170-тен астам фотосурет және 130 тарихи құжат енген.
«Даңқ» орденінің үш дәрежесінің толық иегері Әлмұқан Сембинов туралы жинақ (құрастырғандар: Т.Қышқашбай, Ғ.Исахан, А.Қаршығаұлы) батырдың майдандағы және бейбіт жылдардағы еңбегін түрлі құжаттармен, деректі жазбалармен, естеліктермен дәйектей түседі. Бұл мұра елордалықтардың Ә.О.Сембинов жөніндегі (Астанада көше аты берілген) мағлұматын толықтырады.