Фото: Ашық дереккөз
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов биылғы қолдау шаралары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, қор мемлекеттен ірі көлемде субсидиялауды қажет ететін модельден бас тартқан.
«Осы жылы біз екі кепілдік қорын «Даму» базасында құрдық. Кәсіпкерлер үшін ең маңызды міндет – жеткіліксіз кепілзат проблемасын шешу. Егер кәсіпкерлерге толық кепіл болмаса, банк тәуекелдің бір бөлігін «Дамудың» кепілдігі арқылы шешіп, кәсіпкерге несие беру мүмкіндігі туады. Нәтижесінде 700 млрд теңгеден астам несие берілді. Оның ішінде Қор берген кепілдіктің мөлшері 447 млрд теңгеге жетті. Бұл нәтиже өткен жылмен салыстырғанда 158%-ға артты», деді Талғат Смағұлов.
Бірінші кепілдік қоры айтарлықтай нәтижелер көрсетті: 383 млрд теңге көлемінде несие берілген, оның 212 млрд теңгесі «Даму» қоры арқылы бағытталды.
Бұрын кепілдік қорының резерві тек мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылса, қазір жарна көлемі ұлғайып, қаржыландыру көздері кеңейді. Екінші деңгейлі банктер міндетті жарналар құяды, қаржы институттары ерікті жарналар төлейді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің комиссиялары мен қордың өз қаражаты бар.
Кепілдіктер портфельдік тәсілмен рәсімделеді. Яғни, банк оң шешім қабылдағаннан кейін «Даму» қоры екі жұмыс күні ішінде шешім шығарады.