
Қайырымдылық бастамасының мәні – саламатты өмір салтын ұстана отырып, ерекше балаларға қолдау көрсету. Айта кетерлігі, былтыр марафоннан жиналған қаржыға ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 5 инклюзия кабинеті ашылса, биыл тағы да 10 сыныпты ашу көзделіп отыр. Бұл – ұлттық әл-ауқат қорының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында қолдау көрсететін басым бағыттарының бірі.
«Баршамыз бірігіп игі іске атсалыстық. «Самұрық-Казына» тобында әлеуметтік жауапкершілік – корпоративтік мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, ол біздің басты адами құндылықтарымыздың бірі. Марафоннан жиналған қаржыға дамуында ерекшелігі бар балаларға инклюзивті кабинеттерді ашпақпыз. Инклюзивті білім – жауапкершілігі мол, бүгінгі қоғамның ажырамас бөлігі. Сондықтан білім алу мен дамуда баршаның мүмкіндіктері тең болуына өз үлесімізді қосамыз», деді «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов.
Қор басшысы биыл да жарысқа белсенді қатысып, 10 шақырым қашықтықты бағындырды.
«Бір рет жүгіріп өту, марафонға бір мәрте қатысу – бұл жарқын болашаққа қосқан әрқайсымыздың үлесіміз. Бүгінгі игі іс-шараға қатысқан әр жанға алғысымызды білдіреміз», деді Нұрлан Жақыпов.
Тағы бір айта кетер жайт, биылғы марафон жиналған қаражат пен қатысушылар саны жөнінен рекорд орнатты. Мәселен, былтыр жүгіру жарысына 1 200 адам қатысса, бұл жылы олардың саны 3 000-ға жетті. Осылайша, қатысушылар 5 және 10 шақырым қашықтыққа жүгіріп, бақ сынасты. Нәтижесінде, 200 млн теңгеге жуық қаражат жиналды.
Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» қорының инклюзия кабинеттерінде білім алатын мектеп оқушылары да марафонға белсене қатысты. Олар «Мейірімділік мекені» арнайы аймағында жүгірушілермен бірге 50 гүл көшетін отырғызып, өсімдік өсірудің қыр-сырын үйренді. Сөйтіп, әр гүл құмырасы марафонға қатысушылардың маңызды қайырымдылық шарасына қосқан үлесін еске салатын рәмізге айналды. Жеткіншектердің игі іске қатысуы, олардың инклюзивті кабинетте білім алу барысында физикалық жағдайының жақсарғанын, қоғамда әлеуметтену жолында бейімделгенін байқатты.
Одан бөлек, балаларға «Қазақ ауылы» аймағында асық ату, арқан тартыс, бес тас сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Марафон барысында бағдар бойында қолдау көрсеткен үздік компаниялар да анықталды. «III Charity Samruk Marathon» тұрақты қатысушыларының бірі – «Қазатомпром» IT-департаментінің қызметкері, спортшы Дмитрий Докучаев. Қайырымдылық марафонына ол осымен үшінші жыл қатарынан қатысып отыр.
«Жүгірумен 2022 жылдан бері айналысамын. Осы уақыт ішінде бірнеше рет 5, 10 км және жартылай марафондарда жүгірдім. Бұл жолы марафонға қатысуымның себебі де ерекше – жиналған қаражаттың барлығы балаларға көмек көрсетуге жұмсалады», дейді.
«Самұрық-Қазына» басқарушы директоры Айдар Рысқұлов та 10 км қашықтықты 42 минутта жүгіріп өтті.
«Марафон – біз үшін әрқашан ауқымы кең маңызды оқиға. Мен жүгірумен 7 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде бірнеше марафонға қатыстым, оның ішінде «Ironman», «Алматы марафоны» да бар. Бүгін өте жеңіл жүгірдім, жарысты жоғары деңгейде өткізген ұйымдастырушыларға рақмет. Баршаңызды спортпен шұғылдануға шақырамын», деді топ-менеджер.
Марафонға 18 бен 60 жастан жоғары жас аралығындағы белсенді азаматтар қатысты. Осылайша, әйелдер арасында 18-29 жас аралығы бойынша Дина Афанасьева, Әнел Қыдырбекова мен Малика Рахымбаева жеңімпаз атанды. Дәл осы қашықтықта ерлер арасында Бағдат Әмен, Альберт Валинуров пен Владимир Куяниченко жеңіс тұғырынан көрінді.
Сол сияқты қайырымдылық іс-шарасына жасы 60-тан асқан зейнеткерлер де қатысты. Саламатты өмір салтын ұстанатын жүгірушілер өз жастарына қарамастан, 5 және 10 км қашықтықты абыроймен жүгіріп өтті. Мәселен, 5 км қашықтықта ерлер арасында Хамет Сераев, Ғалиолла Ысқақов, Шахимурат Жаруллаев жеңімпаз атанса, әйелдер арасында Майгүл Жаруллаева, Айгүл Байтурова мен Сәлима Молтабаева мәре сызығын алғаш үштікте кесіп өтті.
Дәл осылай қатысушылар 10 км қашықтықты да бағындырды. Осылайша, 18-29 жас аралығында Ульяна Чугай, Диана Зейнуллина, Нұрғайша Рамазанова жеңімпаздар қатарынан көрінсе, 30-39 жас аралығында Арайлым Шегебаева, Назым Серікбаева, Айна Үсеновалар үздік деп танылды.
Ерлер арасында мұндай қашықтықта Данияр Шүлкебаев, Жасұлан Дәулетбеков, Бекзат Қалелов (18-29 жас) топ жарса, Еркебұлан Ахмадиев, Арман Ғалымов, Рүстем Сағадиев (30-39 жас) өз жас аралығы бойынша үздіктер қатарынан көрінді.
Еске сала кетейік, былтыр «Charity Samruk Marathon»-ына 127 млн теңге қаржы жиналған еді. Бұл қаражатқа елорданың 5 мектебінде инклюзия кабинеттері ашылған. Бүгінде қор компаниялар тобының атынан 11 инклюзия сыныбы ашылып, онда 500-ден астам ерекше бала білім алып жатыр. Кабинеттерде логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыс істейді. Сонымен бірге, шеберханалар мен емдік денешынықтыру залдары да бар. Олар балалардың толыққанды дамуы мен білім алуы үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Жалпы, қор жыл сайын 700 000-нан астам азаматқа көмек көрсетеді.
Майнұр Жанақова