
Фото: astana-akshamy.kz
Хакім Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын өлеңінде:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті», деп жазады.
Егер «Адамзаттың бәрін сүю» ұғымын әр ұлттағы әрбір адамды жақсы көру деп ойласақ, (әрбір адамды сүю мүмкін де емес) біржақты көзқарас болмай ма, олай болса, қазақтың «жаманнан жирен» деген мақалы қайда қалады? Ойымызша, хакім «заты бар адамды сүй», деп айтып тұрған сияқты. Біз әдетте материалдық түрлі дүниелерді «зат» деп атаймыз, шын мәнінде материалдық дүниелер – зат емес, нәрсе. Жалпы, «зат» деп Алла жаратқан жаратылыстарды әрі рухани дүниелерді айтса керек. Айтпағымыз, адам өзінің Алла жаратып қойған адами болмысына ие болса, яғни нәпсісін жеңіп, рухымен өмір сүрсе, «адам+зат» болады. Қазақта «аты бар да заты жоқ» деген сөз бар (адам деген аты бар, бірақ заты жоқ деген мағынада).
Еліміздегі түрлі ұлттар өздерінің тілін, салт-дәстүрін, руханиятын сақтап, мәдениетін өркендетіп, жайлы өмір сүріп келеді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айнымас тұрақты саясатының бірі – татулық, бейбітшілік. Ендеше, Қазақстандағы халықтар бірлігі нығая бермек.
Заманалардың түрлі кезеңдеріңде қазақ халқы кең байтақ даласына келген кез келген ұлтты жатырқамай, қонақжайлылықпен дәмін бөлісіп, кең пейілдік танытты. Бұл зор мұсылмандық белгісі, қазақ халқының кемел қасиеті.