
Суреттерді түсірген – Ақәділ РЫСМАХАН
Жоба аясында тартылған инвестиция көлемі – 564 млрд теңге. Алпауыт компания өндірістегі тәжірибесіне сүйеніп, темір рудасын терең өңдеудің толық циклін жолға қоюға тәуекел еткен. Бірінші кезеңде 1 млн тоннаға дейін арматура, созба сым, бұрышты болат өндіруді қолға алса, кейін 2 млн тонна профильді және жолақты болат шығаруды қолға алмақ. Алғашқы кезеңде 1 000-нан аса адам «екі қолға бір күрек» тапса, толық қуатқа көшкенде 2 500 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.
Компания өкілдерінің айтуынша, темірді бастапқы қалпына келтіру технологиясы арқылы өнім құрамындағы темірдің жоғары мөлшерде сақталуына басымдық берілмек.
«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы арқасында өңірде инвесторлар үшін қолайлы ахуал қалыптасты. Шетелдің іргелі компанияларымен бірлесе жұмыс істеу арқылы ірі жобаларды іске асыруға басымдық беріп отырмыз. Өңірдің инвестициялық қоржынында құны 3,6 трлн теңгені құрайтын, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған 82 жоба бар. Осы жылы жалпы сомасы 175,2 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Биыл бірінші тоқсанда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тартылған инвестиция көлемі 37,1%-ға артты. Қолға алынып отырған жоба – мемлекет пен бизнес арасындағы табысты ынтымақтастықтың жарқын үлгісі әрі жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты өсудің көрсеткіші», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.
«Fujian Hengwang Investment Co Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Цзен Чжаоцянь Қазақстан тарапынан көрсетілген қолдауға дән риза екенін жеткізді. Оның айтуынша, ауқымды жоба көршілес елдер арасындағы байланысты бекемдей түсуге дәнекер болмақ.
Бұдан кейін өңір басшысының қатысуымен жүгеріні терең өңдеу бойынша ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруға байланысты жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Жобаға қатысушы «Shengtai Biotech Co Ltd» ЖШС өкілдерінің айтуынша, іске халықаралық нарыққа арнап биоөнімдер өндірумен айналысатын «Fufeng Group» компаниясы кіріскен. Жаңа зауыттың өндірістегі қуаты жылына 500 мыңнан 1 млн тоннаға дейін жүгері өндіруге жетеді. Жоба аясында тартылған инвестиция көлемі – 420 млрд теңге.
Жобаның құрылыс кезеңінде 6 мың адам жұмыспен қамтылады. Зауыт пайдалануға берілген кезде 1 500 жұмыс орны құрылады. Десе де кәсіпорын бастапқы кезеңде 400 адамды жұмыспен қамтиды. Компания басшылары 2026 жылы өнім өндіру үшін әзірге 300 мың тонна жүгері сатып алуға құлшынып отыр. Сондықтан жамбылдық шаруалармен офтейк-келісімшарт жасасып, өзара тиімді әріптестік негізінде жұмыс істеуге ниетті.
«Президент өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70%-ға жеткізу туралы тапсырма берді. Сондықтан дәнді дақылдарды терең өңдеу ісіне басымдық береміз. Бұл зауыт егістіктен бастап, тұтынушыға дейін қосылған құны жоғары өнім өндіретін біртұтас жүйені қалыптастырады», дейді облыс әкімі.
Жамбыл облысы,
Шу ауданы