Жастар – негізгі қозғаушы күш
Бүгінде әлеуметтік желіні ашсаңыз, қазақша сөйлеуді, қазақша қызмет көрсетуді талап ететін бейнежазбалар мен посттар жиі көзге түседі. Бұрын мұндай бастамалар тек тіл жанашырларының тар аясында айтылса, бүгінде өзекті тақырып ретінде қарапайым қолданушылар да көтеріп, өз парақшаларында қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпалдасып жүр. Соның әсерінен қазақтілді контентті тұтынушылар қатары артқан.
«Жастар» ғылыми зерттеу орталығы 14-35 жас аралығындағы көрермендерге сауалнама жүргізді. Нәтижесінде, қазақтілді медиа өнімдерге сұраныс 18%-ға өскенін анықтады. Биыл жүргізілген зерттеудің пайыздық көрсеткіштерінен жастардың ойын-сауық форматындағы видеоконтентке көбірек қызығатыны байқалған. «Қандай форматтағы видео көресіз?» деген сұраққа 51,2% жастар көркем фильмдер десе, 45,9%-ы YouTube желісіндегі түрлі бейнежазбаларды тамашалаймыз деп жауап беріпті. Ал сериал көретіндердің үлесі 41,7%-ды құрады.
Бүгінде оның үстіне блогерлер мен инфлюенсерлер арасында «қазақ тілінде сөйлеу – өтімді» деген түсінік орныға бастады. Демек қоғамға қазақ тілінде контент ұсыну, тұтыну тек ұлттық мәдениетке құрмет емес, өзіндік стиль мен жаңа медиа эстетиканың бір бөлігіне айналған.
Мемлекеттік тілдегі контентті жүйелі түрде алғашқылардың бірі ретінде жүргізе бастаған тарихшы, археолог Нұрқожа Ерсайын бұл құбылысты еркін ойлы жастардың белсенділігімен байланыстырады.
– Мұндай өзгеріске ықпал еткен бірнеше фактор бар. Бүгінде интернет ауылда да қолжетімді. Ал ондағы тұрғындардың басым бөлігі қазақша сөйлейді, демек олар қазақ тіліндегі контентті көруге ынталы. Қалалықтардың өзі де санадағы шектеуден арылып, мемлекеттік тілге әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қарай бастады. Оған қоса тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген буынның алды 34-ке келді. Яғни қазір жастар санатына енетін азаматтардың барлығы – тәуелсіздік құрдастары. Олардың тілдік таңдауы еркін, басым бөлігі ана тілін тек тұрмыстық қарым-қатынас құралы емес, ұлттық мақтаныш пен мәдени идентификация рәмізі ретінде жоғары қояды. Халықтың қолдауы тағы бар. Аудиторияның демеуі кез келген медиа өндірушіге одан әрі күш береді, – дейді Н.Ерсайын.
Internews-тің 2023 жылғы зерттеуіне сүйенсек, жас буынның 57%-ы әлеуметтік желілерді ақпарат алудың негізгі көзі деп санайды. Бұл көрсеткіш екі жылда әжептәуір өскені анық. Осы орайда блогер қазақша контент мазмұнының сапасына қатысты алаңдаушылық білдірді.
– Бүгінде платформалардағы мазмұндық сипат әзіл-қалжың мен жанжал тақырыбына ауып кеткен. Әлеуметтік желідегі қауымның алыпқашпа әңгімеге, жағымсыз ақпараттарға қызығушылығы басым болып отыр. Оған «бес тиын» пікірін қалдыра жарысатындары да бар. Ал бір ғалымның еңбегін талқылауға не ғылыми жаңалықтың мәнін қозғауға келгенде жұрттың назары тез сейіледі, көз қиығын салмай өтетіндері де кездеседі. Тіпті терең дүниені түсінуге шыдам жетпей, жеңіл-желпі контентке қайта ойысады. Бұл сұраныстың артынан қуғандар сапалы контентті көлеңкеде қалдырады. Салдарынан шынайы білім беретін, практикалық кеңес ұсынатын пайдалы медиа өнім жетіспей жатыр. Қарапайым компьютер жөндеу не тұрмыстық техникаға қатысты ақпараттың өзін көпшілік өзге тілде іздеуге мәжбүр. Сондықтан интернет негізгі ақпарат алаңы болып тұрған қазіргі кезеңде қай салада, қай бағытта болсын пайдалы қазақша контентті көбейту – күн тәртібіндегі маңызды міндет. Осылай цифрлық ортада мемлекеттік тілдің әлеуетін көтере аламыз, – дейді блогер.
Қоғамдық іске жұмылған дұрыс
Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға үлес қосып жүрген жазушы, «Ситуативный казахский» оқулығының авторы, «Мәміле» қазақ тілі клубының негізін қалаушы Қанат Тасыбеков те қазіргі тілдік қозғалысты қоғамның оң өзгерісі деп бағалайды. Оның пікірінше, тілдің қолданыс аясын кеңейту, оған қатысты мәселені шешу – тек филологтердің немесе шенеуніктердің шаруасы емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
– Блогерлердің қазақша сөйлеп, өз аудиториясына ықпал етуі – үлкен жетістік. Иә, кейде олардың сөзі дөрекі шығуы мүмкін. Бірақ тіл – тірі ағза. Әдеби де, бейресми сөйлеу тілі де қатар дамуы – табиғи құбылыс. Алайда бәріне ортақ құндылық – қай ортада болсын тілді ілгерілетудегі адал ниет. Әрине, «қазақша сөйлеуді талап ету» формасы агрессияға ұласпау қажет. Мысалы, әлеуметтік желіде біреуді «неге қазақша жазбадың?» деп айыптау – ең оңай іс. Қазақша жақсы білсең, бір адамды болса да өзің үйрет. Тіл клубтарына қатыс, үйренуге талпынғандарға қолдау көрсет. Біреуді мінеп-сынау емес, өз шама-шарқың келгенше осы жолда игілік жасау, бауырыңа тартып, ынталандырып, бірге алға жылжуға ұмтылу – нағыз тіл жанашырының ісі. Қоғамдағы тіл мәселесінің шешімі жоғарыдан емес, төменнен, қарапайым азаматтардың саналы әрі жүйелі ұмтылысынан басталатынын естен шығармау қажет. Мен 9 жылдан бері Ұлттық кітапханада «Мәміле» клубын тұрақты түрде жүргізіп келемін. Бұл – ерікті бастама, жалақысыз жұмыс. Алайда нәтижесі – ауыз толтырып айтарлықтай. Бүгінде республика көлемінде 17 қалада клубтың филиалдары ашылып, қазақ тілін үйренгісі келетін жастар мен ересектерге тегін мүмкіндік беріліп отыр. Өзім TikTok желісіне қазақ тілінде ру, мәдениет, ұлттық сана тақырыптарына арналған бейнежазбалар жүктеймін. Миллионға жуық қаралымы да болды. Яғни қоғамда мемлекеттік тілге деген қызығушылық бар, – дейді Қ.Тасыбеков.
Тіл тағдыры экономикалық факторға да тәуелді
Мойындау керек, тілдің беделі экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктермен де тығыз байланысты. Егер ол бәсекеге қабілетті білімнің, табыстың, кәсіби жетістіктің негізгі құралына айналса, табиғи түрде кеңінен қолданылады. Осы орайда тіл жанашыры қазақша үйренуге материалдық ынталандыру әлі де жеткіліксіз екенін айтады.
– Адамның тіл үйренуі мен сөйлеуге деген талабы қажеттіліктен туындайтыны рас. Тіл – адамның өмірлік мақсаттарына жету, қоғамда өз орнын табу тетігі. Сөйлеу талабына ықпал ететін негізгі екі фактор бар: материалдық және рухани қажеттілік. Неге адамдар ағылшын тілін тез үйренеді? Себебі ол – ақша мен халықаралық мүмкіндік тілі. Өзім француз тілін дәл осындай себеппен үйрендім. Францияда үш жылдан аса уақыт тұрып, балаларымды асырау үшін жұмыс істеуге тіл маған қажет болды. Сол қажеттілік тілді тез үйренуіме себеп болды. Ал қазақ тілін білудің экономикалық жағынан тиімділігін көрсететін жүйе қалыптасып үлгерген жоқ. Әлеуметтік, кәсіби және экономикалық пайда тұрғысынан көбірек қолдау қажет. Мемлекет те өз тарапынан әлі де нақты бағыттарды толық жүйелемегені белгілі. Мәселен, қызметте өсу немесе кәсіби артықшылық беру тетіктері жұмыс істемей тұр. Бірақ материалдық мәселеге ғана сүйеніп қоймай, өз тарапымыздан рухани тіректерімізді күшейтуге, сол құндылықтар туралы көбірек ойлануға тиіспіз. Өйткені ұлт ретінде дамудың өзегі – рухани биіктік. Бұл – адамның өз мәдениетіне, тамырына деген сүйіспеншілігі. Тілді сақтау тұтас ұлтты сақтау деген сөз. Қазір, шүкір, қазақ қоғамында осы рухани фактор күшейіп келеді. Бірқатар жас тілді мансап немесе ақша үшін емес, ұлттың болашағы үшін, жүрек қалауымен үйреніп, білетіндері өзгелерден талап етіп жатыр, – дейді Қ.Тасыбеков.
Кейінгі жылдары IT, бизнес саласында қазақ тілінің әлеуеті тұрғысынан оң динамика байқалады. Бұрын кәсіпкерлер арасында өзге тілде шүлдірлейтіндер басым болса, бүгінде қазақша еркін сөйлейтін іскер азаматтардың қатары көбейіп келеді. Олар қазақ тілін тек кәсібінің жарнамалық элементі ғана емес, тұтынушымен шынайы байланыс орнатудың, брендке деген сенімді арттырудың тиімді тетігі ретінде көре бастады. Десек те, ғылым саласында жағдай мүлде басқаша.
– Scopus секілді халықаралық дерекқорларда қазақ тіліндегі еңбектердің үлесі бір пайызға да жетпейді. Негізінен ағылшын мен қытай тіліндегі зерттеулер басым. Тіпті орыс тілінде жарияланған материалдар бізден әлдеқайда көп. Салдарынан университеттер мен зерттеу институттары көбіне өзге тілдегі дереккөздерге сүйенеді. Бұл қазақ тіліндегі ғылыми контентті дамытуда үлкен жұмыс қажеттігін көрсетеді. Толыққанды тіл экожүйесін құру үшін күнделікті тұрмыстық, медиа немесе кәсіпкерлік деңгей ғана емес, ғылыми-академиялық салада да қазақ тілінде ойлайтын орта қажет, – дейді тіл жанашыры.
Қазақ тілін талап ету үрдісі – тілдің табиғи эволюциясының жаңа кезеңі. Ендігі міндет – осы серпінді сақтап, мемлекеттік тілді тек әлеуметтік желінің ұраны емес, күнделікті өмірдің, кәсібиліктің және жаңа медиа мәдениетінің негізгі тіліне айналдыру.