Өнер • Кеше

Ерекше әшекейге айналған «Қарлығаш»

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдемі әшекей кім-кімнің де көзінің жауын алады. Түймедей әсемдікке еріксіз тамсанып, сән қылып тағып алғандағы әсер тіптен басқаша. Десе де кез келген қолөнер туындысы қандай құштарлықпен, қаншама еңбекпен жасалатыны, шеберге ғана мәлім.

Ерекше әшекейге айналған «Қарлығаш»

Зергер Абзал Молдабектің әйгілі «Қарлығашын» әлеуметтік желідегі жұрт жақсы біледі. Әр жұмысына ерекше ден қоятын, әсемдікпен қатар мазмұнға айрықша мән беретін шебер құс символикасын шы­ғар­машылығына өзек еткен. Мұны оның әр туындысынан байқауға болады.

Ол қолөнермен негізінен шығармашылық, шеберлік, жеке қызығушылық ыңғайында  айналысады. Тіпті кейде «мына әшекейді жасап болған соң, сатуға қимай қалдым», дейді. Әр әшекейіне тауар емес, өнер туын­дысы деп қарайтын зергердің мазмұнды туындылары да осынысымен сұранысқа ие.

«Зергерлік қабілет әкем жағынан да, анам жағынан да дарыған. Өйткені әкемнің қолөнерге икемі бар. Ол кісі инженер болған. Неше түрлі құрал-жабдық ойлап тауып, соларды сатылымға шығаратын. Маған нағашы жақтан да зергерлік қарым-қабілет, қасиет берілген. Аталарымыз домбыра жасаған, бүркіт ұстаған, қолөнермен айналысқан кісілер. Меніңше, өнерге жетелеп әкелген қаннан берілген қасиет деп ойлаймын. Сондықтан зергерлік өнер мен үшін мәртебелі жұмыс», дейді өзі.

Шебердің айтуынша, елге белгілі «Елігім», «Қарлығаш» атты туындылары қарындастарына арналған.

«Жалпы, шабыт тыныштықты жанға серік еткеннен келеді ғой. Жан дүние, жүрек тыныштығы бұл жерде үлкен рөл ойнайды. Сол кезде ғана өнер иесі ғаламат туындыларды жарыққа шығарады», дейді зергер.

Иә, зергерлік бұйымдарды әзірлеу ең әуелі сурет салудан бас­талса керек.

а

«Адамның ойын, идеясын бірінші қағазға түсіріп, сызып, содан кейін барып жобалаймыз. Сосын металдан жасалған туындыны тағар кезде қаншалықты ыңғайлы болады деп қарастырып көреміз. Бәрін есептеп, елеп, екшеп алған соң техникалық жағына кірісеміз. Жалпы, бір туындыны жасау бір аптадан бастап бір ай немесе бір жылға дейін созылуы мүмкін», дейді Абзал Молдабек.

Сондай-ақ ол тапсырыспен көп жұмыс істемегенін де ашық айтты. Негізінен қолтаңба ретінде  қалатын авторлық туындылар жасауды мақсат тұтқан.

р

«Осы кәсіпті бастаған кезде екі-үш жылдай тәжірибе жинау мақсатында тапсырыс алып, азын-аулақ жұмыс істегенмін. Кейін өзімнің авторлық дизайнымды жасай бастадым. Соның ішіндегі ең ерекше есте қалғаны «Қарлығаш» туындысы болды. Өзіме  ерекше ұнайды және көпшіліктің көңілінен де шықты. Одан кейін адамның жас ерекшелігін көп талғамайды. Жастардан бастап үлкен кісілерге дейін таға берсе болады», дейді зергер.

Зергердің алғашқы көрмесі былтыр өткен еді. Шебер көрмеде онжылдық жұмысын қорытындылап, «Alash Jewels» брендінің барлық туындылары  мен «Қарлығаш» атты жаңа топтамасын таныстырғаны есімізде. Жүзден аса дизайн, әшекей қойылған көрмені дайындауға үш ай уақыт кеткен. Ал жаңа топтаманы жасауға бір жыл уақыт жұмсапты. Автордың алғашқы көрмесіне Франция, Швейцария, Ресей, еліміздің бірнеше қаласынан тұрақты тұтынушылары арнайы келген.

мм

«Әлеуметтік желіге әшекейдің суретін сала салғанмен, оның құндылығы, артында қандай ой мен еңбек жатқаны көрінбей қалады. Сондықтан арнайы көрме өткізіп, жақсылап таныстыра­йын деп шештім», деген еді сонда Абзал Молдабек.

Әр әшекей-бұйымынан әсем­дік пен жоғары эстетикалық тал­ғам, қазақы нақыш көрінетін зер­гердің шығармашылығы ерік­сіз көз тартады. «Alash Jewels» бұйымдарын әлемнің әр түкпірі­нен тапсырыс беріп алатын әй­дік брендке айналса, қазақ мәде­ниетінің де қанаты кеңге жайылғаны емес пе?

«Зергерлікке кәсіп ретінде әлі кіріскен жоқпын. Қазір тек шығармашылық даму жолындамын. Осы мамандықты оқуым, жұ­мыс істеуімді қосқанда 15 жыл­дай уақытым кетті. Қазақтың ұлт­тық өрнектерін, мәдениетін, салт-санасын зергерлік өнер арқылы әлемге танытқым келеді», дейді шебер.

Аспанда қалықтап ұшар қар­лығаштарды оймақтай қылып қолымызға қондыра алмаспыз, сірә. Десе де Абзал Молдабектің әйгілі «Қарлығаштары» бүгінде талғамды әр қыздың сүйікті әше­кейіне айналған.