Қоғам • Бүгін, 09:40

Ақпарат кеңістігінде ұлттық мүдде қорғалуға тиіс

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі цифрлық дәуір адам санасына ақпаратты молынан сіңіріп, оның пай­дасы мен зиянын қатар тигізетін әлемдік жүйенің бір бөлшегіне айналды. Смартфонымызға сәт сайын келіп түсіп жатқан небір хабарлама, видео, түрлі мәтіндер, әлеуметтік желідегі жазбалар ойымызды ұштап, дүние­танымымызды кеңейтіп, тіпті әрекетімізді қалыптастырып жатқаны белгілі. Дегенмен бұл үрдіс бізге жаңа мүмкіндік ашып қана қойған жоқ, сонымен қатар тегеурінді сын-қатерлер де алып келді.

Ақпарат кеңістігінде ұлттық мүдде қорғалуға тиіс

Сурет: zanmedia.kz

Жалпы, әлемдік цифрлық кеңістіктің шексіз қозғалысында ұлттық мүддені, тілдік және мәдени бірегейлігімізді, рухани құндылықтарымызды сақтау міндеті күн тәртібінен түспеуге тиіс. Бұл – жаңа дәуірдің сынағы. Ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігі, отандық БАҚ-тың дамуы, жастардың медиа сауаттылығы маңызды. Өйткені бүгінгі цифрлық өнімдерді көбіне жас буын тұтынады. Бірақ олар үздіксіз қабылдап жатқан ақпаратын әр­дайым сыни тұрғыдан талдай алмайды. Сол себепті сапалы, этикалық, ұлттық құндылықтарға негізделген контентті қалып­тастыруды тек мәдени міндет емес, болашаққа бағытталған стратегиялық инвес­тиция деп қабылдаған жөн.

Контентті өндіру емес, оны заманауи форматқа бейімдеу, жастар аудиториясына жеткізу, олардың сыни ойлау қабілетін арттыру да маңыз­ды. Бұл міндеттер Президенттің биылғы Жолдауында да айқын көрсетілген. Яғни цифрлық трансформация мен медиа саласын дамыту – еліміздің стратегия­лық басымдықтарының бірі.

Таяуда Сенаттың Әлеуметтік даму және ғылым комитетінің ұйымдасты­руы­мен «Ақпараттық кеңістікте ұлт­тық мүдделерді қорғау: БАҚ-тың контент сая­сатын және онлайн-платформаларды жетілдіру, сапалы отандық контентті дамыту тетіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында еліміздің ақпараттық кеңістігін қорғау, ұлттық медиа өнімнің сапасын арттыру және цифрлық платформаларда ұлт­тық мүддені қамтама­сыз ету мәселелері талқыланды. Бүгінгі ақпараттық кеңістік бұрынғыдан өзгеше екені рас. Жұртшылық жаңалықтар мен бейнежазбаларды әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардан алады. Әсіресе TikTok, Instagram, Facebook, YouTube, Telegram күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды.

Цифрлық медиа жаңа мүмкіндік­терді ұсынса да, қауіптерді де бірге алып келетінін жоғарыда айттық. Атап айтсақ, жалған ақпарат, транс­шекаралық контенттің ықпалы қоғамға­ тез тарайды. Мысалы, осы жылдың басы­нан интернетті мониторингілеу барысында ­96 730 құқық­қа қайшы материал анықта­лып, оның 25 689-ына қолжетімділік шектел­гені, 71 041 материал бойынша 3 437 ескерту хат жолданғаны елімізде ақпарат­тық кеңістіктің қаншалықты жылдам өзгеріп отырғанын нақты көрсетеді.

Сенаттың салалық министрлікпен және медиа сарапшыларымен өткізген дөңгелек үстел отырысы дәл осы мәселені ашық көрсетті. Қатысушылар ұлттық медиа саласындағы проблемаларды бірнеше негізгі бағыт бойынша талқылады.

Халық, әсіресе жастар, ұлттық тарихты, рухани құндылықтарды, айтулы тұлғаларды цифрлық форматта көргісі келеді. Қазақ тіліндегі жаңа сериалдар, подкасттар, бейнероликтер жастар арасында белсенді қаралады. Бірақ олардың әлі де болса саны аз, таралуы шетелдік платформаларға қарағанда шектеулі. Дөң­ге­лек үстелде контенттің көркемдік, тех­никалық, сценарийлік деңгейін көтеру, коммерциялық модельдерді жетіл­діру, өңірлік айырмашылықтарды жою маңызды екені аталып өтті. Бұл ұлттық медиа өнімнің тартымдылығын, аудиторияға қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты қадамдар болып отыр.

Жиында шетелдік платформалармен өзара әрекеттесудің жаңа моделін құру қажеттігі талқыланды. Бұл модель авторлық құқықты, дербес деректерді қорғауды, ұлттық заңнаманың үстемдігін қамтамасыз етуге тиіс. Онлайн платформалар иелерінің өкілдіктерін тіркеу, уәкілетті органның құқыққа қайшы контентті жою бойынша нұсқамаларын орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік енгізу, сондай-ақ аудиовизуалды платформаларды (OTT-сервистер) заңнамалық тұрғыдан реттеу мәселелері қаралды.

Бұл шаралардың қажеттігі қазіргі ақпа­раттық ахуалдан туындайды. Әлеуметтік желілер мен стримингтік платформалар арқылы жылдам таралатын жалған ақпарат немесе манипулятивті контент ұлттық бірлікке, ұлттық бірізділікке, қоғамдық сенімге қауіп төндіреді. Соны­мен қатар шетелдік платформалар көбіне коммерциялық мақсатта жұмыс істейді де, ұлттық контенттің таралуына кедергі келтіруі мүмкін. Заңнамалық түзетулер платформалар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекетті нақтылап, ұлттық медиа өнімнің қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағыт­талған. Бұл қадам ұлттық ақпараттық кеңістіктің тұрақтылығын арттырып, отандық контенттің аудиторияға жетуін оңтайландырады.

Жалған ақпаратқа қарсы күрес – ұлт­тық медиа қорғанының басты бөлігі. Мысалы, «24KZ» телеарнасында апталық «Fact Check» бағдарламасы іске қосылып, 20-дан астам шығарылым жарық көрді. «Қазконтент» базасында «FakeDetector» жобасы іске қосылып, 146 аудиовизуалды контент фактчекингтен өтті. Сонымен қатар «NoFake» жобасы жалған ақпаратқа қарсы позитивті нарративтер құруға ба­ғытталған. Мектептер мен университеттерде медиа сауаттылық бағдарламала­рын жүйелі түрде енгізу жастарға ақпарат­ты сыни тұрғыдан қабылдауды үйретіп, цифрлық кеңістікте сауатты әрекет етуге мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойын­ша, ұлттық контенттің дамуы мен ақпарат­тық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтама­сыз ету үшін отандық контентті қолдау, дамыту, цифрлық және инновациялық шешімдерге басымдық беру, заңнама­лық реттеу және жауапкершілікті арттыру, медиа сауаттылық пен этиканы қалыптастыру, ұлттық ерекшелік пен мәдени құндылықтарды сақтау сынды бірқатар маңызды бағыт айқындалды.

Осы бағыттар арқылы ұлттық медиа мен контент саясатының тиімділігі артады, шетелдік ықпал мен жалған ақпаратқа қарсы тұрақтылық күшейеді.

Ұлттық медиа өнімді дамытуда шетелдік тәжірибелер маңыз­ды үлгі болып саналады. Францияда «Netflix» және басқа халықаралық платформа­лар­ға француз тіліндегі контенттің кемінде 30%-ын қамту міндеттелген. Сонымен қатар табыстың бір бөлігін ұлттық фильм­дер мен сериалдарға инвестиция­лау талап етіледі. Бұл тәсіл ұлттық тіл мен мәдениетті сақтау және халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілік жасауға бағытталған.

Түркия өз тарихи сериалдары ар­қы­лы ұлттық нарративті күшейтіп, мәдени ықпал орнатты. Оңтүстік Корея «K-content» стратегиясы арқылы мәдениет пен экономиканы біріктіріп, әлемдік брендке айналдырды (BTS, «Squid Game»). Бұл мысал­дар көрсеткендей, ұлттық контентті жүйелі түрде қолдау мемлекетке мәдени дип­ломатияны күшейтуге, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Ал Қытай контентті сүзгілеумен шектелмей, өз инфрақұрылымын – WeChat, Douyin, Bilibili сияқты эко­жүйе­лерді қалыптастырып, цифрлық медианы ұлттық мүдде үшін қолдану моделін көрсетті.

Бізде инфрақұрылым бар болғаны­мен, идеялық контент ядросы әлі қалып­тасу үстінде. Сондықтан шетелдік тәжірибе көрсеткендей, ұлттық медиа саясаты сапалы және тартымды контент қалыптастыруға негізделуге тиіс.

Біздің елде де ұлттық кон­тенттің сапасын арттыру және цифрлық медиа саласын реттеу бағытында бірқатар заңнамалық және ұйымдастырушылық қадамдар жасалды. Өткен жылы қабыл­данған «Масс-медиа туралы» заң БАҚ қызметін жылдам қарау мерзімімен, суи­цид жасау тәсілдерін насихаттауға тыйым салу және журналистердің этикалық кодек­сін бекіту арқылы ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар OTT-сервистерді реттеу және онлайн платформалармен өзара әрекеттестікті қамтамасыз ету тетіктерін заңдық тұрғыда жетілдіру қарастырылып жатыр. Бұл ұлттық медианың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

 

Айгүл ҚАПБАРОВА,

Сенат депутаты