
Оңайгүл Тұржан да – талғамы жоғары оқырманның еншісіне ғана бұйыратын жұмбақ ақын. Осы тұста оның Фариза апасына арнап жазған жырындағы мына жолдары өте өзекті:
«Ақындық-ай, өлшеммен саналмаған,
Арал сынды ол, көпшілік бара алмаған.
Ұлы ақындық деген де ұлы жұмбақ,
Ешкім әлі шешуін таба алмаған».
Бір анық: ұлы жұмбақты шешуге ұмтылған ару ақынды оқыған адам өзін де табады, Оңайгүлді де табады. Керісінше кестелесек, оның өлеңдерінен өзін таба алмағандар Оңайгүлді де түсіне қоюы екіталай. Сондықтан болар Оңайгүл Тұржанды дара ақындай көремін. Оның поэзиясы ойға жетелеп тұратынын талай айтып жүрмін. Қазақ жырына абстракционизм элементтерін алып келген ақынның субъективтік көңіл-күйінен туған туындылары мұңсыз адамның өзін ойландыра алатынына бәс тігемін. Мәселе сол туындыға кіріге алуыңда жатыр. Иә, кірігу – қиын. Кіріге алсаң, миың қозғалысқа түсті дей бер.
Маған Оңайгүл поэзиясының ырғақтық-интонациялық жүйесі ерекше ұнайды. Неге? Негесі сол, оның жырларында қазіргі қоғамның даму үрдісі анық байқалады. Ол жеке адам мәселесін алдыңғы планға шығара алуымен төрге шығып тұр. Пенденің дербес жан дүниесіндегі жаңғыруды жырға қосқан ақын амплуасы еріксіз өзіне тартып тұратыны да – құдіретті құбылыс. Оңайгүл поэзиясының интонациялық мазмұны көркем декламацияға негізделуімен қатар индивидуалдық сипатқа да ие екенін де қатар айтқан ләзім.
«Соларға қарап сан тарау жолды кесе өтем,
Елу жыл өтті, ел жаңа деген – осы екен.
Бүгінгі күні жайнап тұрса да, адамның
Баяғы күнін сағынатыны несі екен?»
Ақын бір өлеңінде осылай толғанады. Оңайгүл ойдың ең маңызды сәтіне ерекше акцент жасау өнерін жетік меңгерген. Көркем декламация деп отырғаным сондықтан. «Адам-Уақыт-Кеңістік» үштағанындағы органикалық тұтастық индивидумның жан дүниесін алдыңа ақтарып салады. Бұл орайда Оңайгүл тақырып жағынан болсын, көркемдік-бейнелік сапа тұрғысынан болсын, қазақ поэзиясына жаңалық алып келді.
Қуанарлығы сол, Оңайгүл – поэззияның ішкі сарайы мен оның сыртқы құрылымдық қалтарыстарын бірдей меңгерген ақын. Оның дәл осы қасиеті ақынның бітімін бөлектеп тұрады. Бір өлеңінен үзінді:
«Бәрін түсіндім деп жүресің – көкірегің шырадай.
Бірақ, Өмір философиясы – алағай да бұлағай,
Бір ғана сұрақ тұрады соңыңда: Бұ қалай?».
Ол жырларында біреуге ақыл айтатынымен емес, оқырманмен ойласып отырып ой айтатынымен алға озып тұр. Ол біреуге ақыл айту ақылдың тасығанынан емес, ақылдың тоқырауынан екенін жақсы біледі. Оңайгүл – өзінің әдемі нәзік әлемінде өлеңін өркениетті өре білетін жаны ақық жан. Шиллердің бір шығармасында ғажап девиз бар: «Live and Let Live» – «Живи и давай жить другим». Гинзбург мұны, тіпті, керемет аударған: «Сам не робей и других не тревож». Оңайгүлдің өмір сүру девизі ұлы ақынның осы әдеби қағидатымен үндес жатқанына жаның сүйсінеді.
Оңайгүл лирикасы дүниені ерекше сезінумен ұштасып жатыр. Онда нәзік философия бар. Оның поэзиясына тән дара қасиеттер мен тың тақырыптар алуандығы да таңдай қақтырады. Маған ол кейде футурист ақындай көрінеді, бірақ онда символизм басым. Содан да болар, оның өлеңдерінде «жұлдыздар» мәңгіліктің образындай көрінсе, «боран» адамға ие бермейтін стихияны көз алдыңа алып келеді. Ақын отан тақырыбының өзін метафоралық және символикалық образдармен тұғырға қондыратыны да – осының айқын дәлелі. Туған жері туралы қашанда терең толғанатын Оңайгүл ақын бірде былай шабыттанады:
«Төбелер жатыр үнсіз сақ-қамалдай,
Тұр десең, қазір тұрып аттанардай.
Жер шарын шыр айналып желіп жүріп,
Біздің ауыл тұсына тоқтағандай».
Ақын туған жердің асқақтығын, даналығын, мәрттігін әсірепафоссыз жырлайды. Айқайлап ұрандамайды. Жалған патриотизмнен бойын аулақ ұстайды. Туған жердің лүп еткен желін де өзінің жүрек лүпілі арқылы байсалды гармониямен жеткізеді. Бірақ сол ішкі үйлесімдіктің өн бойынан ақынның мөлдір махаббаты атойлап тұрады. Оның өлеңдері тың метафораларға құрылуымен де, табиғат пен адам байланысының жасырынып тұрған шығармашылық күшін аша білуімен де әркімге парасатты поэзия дарбазасын ашуға мүмкіндік береді. Мүмкіндік беріп ғана қоймайды, сол алып поэзияға деген алғаусыз сүйіспеншілігін оятады.
Жылдар бойы байқағаным, Оңайгүл Тұржан поэзиясы өзінің бастауынан бүгінгі күнге дейін үлкен эволюциялық жолдан өтіп келеді. Оның өлеңдеріндегі кез келген мотив төрткүл дүниені пәлсәпалық тұрғыдан түсінуге ұйытатынымен шаттыққа бөлейді. Әсіресе ізденіс пен талпынысқа толы өзінің ішкі әлеміндегі буырқанған үдерістерді жете сезіне білетін ақын табиғаттың тамыршысындай кез келген құбылысты дөп баса білетінімен қайран қалдырады. Ақын маңғаз Маңғыстауы мен қарт Каспийін жырлағанда да осы қасиеті сәт сайын сезіліп тұрады:
«Маңғыстауда маңып жүр кереметтер,
Бір-бір мазар көтерген төбе-бөктер.
Кемер құмның көзінде кеңеседі,
Сары далаға үй тіккен ебелектер» немесе
«Жата қалып жұлдыздарды санайды,
Көк Тәңірді жорамалдап табарға.
Толқын сосын жүз бұрылып қарайды,
Жағадағы жалғыз тұрған саған да».
Ақынның Маңғыстау мен Каспий туралы өлеңдеріндегі сыршыл лирика сакралды киелікпен астасып жатқаны да – ақынның әдемі фишкасы. Тағы бір тоқтала кететін нәрсе, Оңайгүлдің ерекше ритмикалық құрылымдағы өлеңдерін оқығаннан гөрі тыңдағаннан көбірек ләззат аласың. Өйткені оның өлеңдерінде дыбыс байлығы барынша жарқырай көрінеді. Жырлары үйлесімді үндестік заңына бағынады. Осы қасиетінен де оның абстракцияға жақын екенін байқайсың. Әдетте, абстракция автордың өзіне ғана түсінікті образдар жиынтығы болып келеді. Дегенмен, ақынның тосын тылсым теңеулері тұтас бір тұжырымға құрылғандықтан да ойлауға ұмтылған оқырманға Оңайгүл жырларын ұғыну соншалықты қиынға түсе қоймайды. Оның басты себебі, абстракты теңеулерді тынымсыз табуға әдеттенген Оңайгүл әр өлеңін тұтастай абстракция аясында қарастырмайды. Ол Антон Чеховтың («Шектен асқанда ең әдемі нәрсе ұсқынсыз болып қалады») өлшем шекарасын қатаң сақтайды. Ол түсініксіз айқыш-ұйқыш өлең жолдарының сапырылысынан гөрі барынша сергек стиль мен контенттік креативке ұмтылғанды ұнатады. Оның өлеңдеріндегі дүлей динамика, концептуалдық ырғақ және жарқын жаңашылдық ақынды абстракцияның аласапыран апанына түпкілікті түсіп кетуден сақтап тұр. Шекарадан аспайды деп отырғанымыз сол. Осы тұрғыдан алғанда Оңайгүл абстракциялық метафора мұхитында еркін жүзетінін талай дәлелдеді.
Айтары жоқ, Оңайгүл поэзиясын абстракцияға жатқызуымыздың басты сыры адамның түсіне кірмейтін, өңіңде есіңнен тандыратын, ешкім бұған дейін қолданбаған эксклюзивті метафора мен теңеулердің адам баласын терең ойларға тарта жөнелетіндігінде жатыр. Ақынның таңдай қақтырар тіл оралымы, инстинкті оятатын ізгі иіндері мен иірімдері, поэзиядағы парасатты пәрмені мен Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы оқшау сөз қолданысы тосыннан айтылған ой сияқты санаңды жаулап алады. Ақын бір өлеңінде «үсіп өлді үмітім» дейді. Таңданбай көр?! Әдетте үміт біткеннің бәрі үзіледі не өшеді. Мұнда үсіп өледі. Тапқырлық па? Тапқырлық. Бастапқыда қабылдау қиын. Сәл ойлансаң, үміттің де үсіп өлетініне иланасың. Ең бастысы, оқырманды ойлауға үйретіп тұр. Бұл – ақын үшін үлкен нәтиже. Бүгінгі прагматизм заманында оқырманды ойдан құрастырылған драматургияға еліте алмайсың. Олар тек ғана нәтижеге мойын ұсынады. Сондықтан да ақын көзі ашық, көкірегі ояу оқырманын еркінен тыс өз дегеніне көндіру арқылы төл түпкі мақсатына жете алды деп батыл айтуға болады.
Тағы бір мысал: «Қара жермен жарысқан киіктерге,/Құйындар жалт қарады тоқтай қалып». Ғажап сурет. Калька емес. Клише емес. Тосын картина. Динамикаға құрылған даңғайыр теңеу. Екі жол бірінен бірі асып түседі. Қара жермен жарысып бара жатқан киіктерге таңырқап тұрғанда сұрапыл табиғатын бір сәтке ысырып қойып, киіктерге жалт қараған құйынды көргенде басқа планетада жүргендей күй кешіп кететінің тағы бар.
Ақынның тағы бір теңеуі тіпті, таң-тамаша қылады адамды: «Каспий күнге қыздырынып жатады». Ал керек болса? Бұдан асқан контрасты теңеу тапқан емеспін поэзиядан. Абстракция ақынына аямай қол соғасың. Өлеңді оқып отырып. Неге? Миыңды қозғалысқа түсіргені үшін.
Мына суретке не дейсің?! «Далаға келсем,/қобызы сынған күйлердің,/ ырғағы әлі жылап тұр». Қобызы сынған күйді көз алдыңа елестете алдың ба? Салған бетте елестете алмай қиналасың. Сәл ойланып көр. Мен айтпасам да, ақын сені бәрібір соған мәжбүрлеп тұр. Сондықтан да мұңайып отырып ойға ерік бересің. Міне, міне, сен енді көрдің, күйдің қобызы сынғанын. Өйткені күйдің жылағанынан қобыздың парша-паршасы шыққаны көзіңе енді шалынды. Дау жоқ, ақын абстракциясының құдіретіне өзіңнің қалай астар болғаныңды білмей қаласың. «Бұл дүниядан пірлер де көшкен,/Тас шайнап таңдай жібіткен» немесе «Өлең болып көшеді біздің арман,/Сүйегі сықырлаған қағаздарға». Оңайгүлде мұндай қиыннан қиыстырып, қисынын келтірген керемет троптар топ-тобымен жүр. Жүздеп саналады. Мұндай екі аяғынан тік тұрған сәтті абстрактілі теңеулерді Оңайгүлдің жыр-жинақтарының атауынан да кездестіресіз: «Теңіздер де шөлдейді» немесе «Мифтің түбі – ақиқат». Рас-ау, теңіздің шөлдейтініне және мифтің ақиқат екеніне миың жетпей біраз сарсаңкесекке түсесің. Сәлден кейін есіңді жинап алғанда тоғыспайтын параллельдерді бір сызықтың бойына түзей білген шайыр шеберлігіне шын қуанасың. Оқырманды ойлауға үйретудің классикалық үлгісі демесіңе шара қайсы?
Оңайгүл Тұржанның поэзиясында тағы бір ерекше тоқталуды қажет ететін тақырып бар. Ол – неологизм мен пассеизмнің синтезіне жеткен ақын. Ақын пассеизм (көне) мен неологизмді (жаңа) ағайынды қоңыр қаздай бір шумақта табыстыратыны да – шын шеберлік. Мысал дейсіз бе? Мысал жетеді. Мінекейіңіз!
«Кедергілер де алдыңды кесіп жүз өтпек,
Көбік моральдан қарап тұратын күзет көп.
Дәптер бетінде жағаласады менімен,
Қиялыңдағы ассиметрияны түзет деп.
Интеллектуалдық ипподромдар шақырып,
Мен отырамын – шәй демдеуім де тақырып.
Кесемнің беті айдын сияқты көрініп,
Жүзіп баратам елтітіп мені хақ-үміт».
Осы екі шумақтағы көбік, хақ-үміт сияқты пассеизмдер ассиметрия, ипподром секілді неологизм сөздермен қабысып кете барады. Енді мына бір шумақты оқып көріңіз. Көне қазақтың менталитетіндегі пір мен қара қазан сияқты ұғымдар Хачатурянның балетінде бірге билеп бара жатқандай:
«Шабыт жүргенде жүз келіп, сосын жүз келмей,
Ол кезде шәйнек әні де демеу пір-демдей.
Қара қазанның қайнауы да ғажап бұрқырай,
Хачатурянның балеті мұнда жүргендей».
Тағы бір мысал:
«Табиғат қой – тәңірдің тура биі,
Көктем еді – көңілдің туған үйі.
Жапырақтар ұшты енді күзден қашып,
Секілденіп сезімнің цунамиі».
Тәңір мен цунами ынтымағы жарасып, көңілдің түкпіріне әдемі жайғаса салған.
«Мына желмая-заманда,
Стереотиптердің бәтеңкесі
тарлық етер деп қадамға,
Тікен кірмес деп біздегі түйе-табанға,
Жол басшы болар деп ақыл-дүз,
Өшпей тұрғанда бұрынғылардың ақырғы із,
Доспамбеттердің қабылан жырының ішінде,
Қасқайып келе жатырмыз».
Бұл шумақта да желмая мен стереотип егіз қозыдай бір-біріне еміреніп тұр емес пе?! Несін айтасыз, Оңайгүл бұл тұрғыдан алғанда да басқа ақындардың аяғы тимеген жерден жемісін теріп жүрген олжалы ақын екені даусыз.
Дегенмен, ақын Оңайгүл Тұржанға берілер әділ баға өзінің түп төрелігіне озды деп айта алмаймыз. Әрине, мұндайда абыз Әбіштің біздің кейіпкерімізге қаратып айтқан сөзі ойға оралмай қоймайды: «Гималай таулары бар ғой. Сол Гималай тауларының артқы жағында тағы да дәл сондай таулар бар. Бірақ Гималай өзінің зор даңқымен ол тауларды байқатпай, көрсетпей тұрады. Сол сияқты біз Фариза екеуіміз атышулы атағымызбен сені көлегейлеп қойдық қой». Ендігінің сөзі де, өзі де Тұрсын Жұртбай ағамның да айтқаны есімде: «Оңайгүлдің өлеңдері адамды трансқа жібереді». Көрнекті көкбөрі ақын Серік Ақсұңқарұлы былайша тебіренеді: «Оның (Оңайгүлдің – Ш.Қ.) поэзиясынан қара өлеңге Абай әкелген Абай-Еуропа мәдениеті айқұлақтанып көрініп тұрады». Үш ағам да келістіріп-ақ айтқан. Осы пікірлердің өзі-ақ Оңайгүл поэзиясын аспандатуға жетіп-ақ жатыр.
Алайда, мұның бәрі сөз арасында айтылған бір ауыз пікір екенін жоққа шығара алмаймын. Өкінішті, Оңайгүл поэзиясына әлі күнге дейін кең құлашты талдау жасалмай келеді. Ерек поэзия да терек сияқты. Күтім керек. Күтімнен бұрын ықылас керек. Ол өз алдына, Оңайгүл Тұржанды зерттеу қазақ поэзиясының теориясы, тарихы және тәжірибесі үшін ауадай қажет.
* * *
Абстракция – қисық айналар патшалығы. Бұл патшалыққа Байрон сияқты батыл жанды бард-живописец бара алады. Осал не ортаң қол ақындардың бұл патшалықтың есігін қағуға жүрегі дауалай қоймайды. Қазақ ақындарының арасынан бірінші болып осы патшалықтың шарбағын айқара ашқан Оңайгүл екенін мойындайтын кез келді. Ару ақын абстракциясының айнасы – алабөтен айна. Аталмыш айнаның өзіне емес, астарына үңілу керек. Шынында да, бұл айна түсінбеген адамға қисық айнадай көрінеді. Ал түсінген жанға бұл – қисық айналар патшалығы.
Сонау жетпісінші жылдары ақындыққа бет бұрған өрімдей Оңайгүл бертін келе батылдықпен аттаған қисық айналар патшалығында барлық қиындықты жеңіп шықты. Поэзиядағы өзінің төл қасиетінің арман құсын қолына қондырды. Нағыз ақынға тән күрескерлік қасиетті бойына сіңірді. Ол осы патшалықта басқаларға ұқсамаудың сара жолын таба білді. Бөлек бітімін қалыптастырды. Қысқасы, танымал фэнтезидегі Оля сияқты Оңайгүл де бұл патшалықтан өз ортасына, қазақ поэзиясына бақытты болып оралды. Метафора Мадоннасы болып оралды. Троп тәңіріндей оралды. Оңайгүл бізге ең алдымен осынысымен құнды.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ