
Фото: Ашық дереккөз
Жаңа ЖИ-агенттің басты мақсаты – газға қосылуға арналған өтінімдерді дұрыс толтыруға жәрдемдесу. Вице-министрдің айтуынша, қолданыстағы жүйеде өтінім берушілер тарапынан жиі қателіктер жіберіліп, техникалық шарттарды алу ұзаққа созылып жатады. ЖИ көмегімен мұндай олқылықтар барынша азайып, қателер саны қазіргі 30 пайыздан небәрі 5 пайызға дейін төмендейді деп күтіледі. Бұл ретте техникалық шарттарды алу уақыты да едәуір қысқарады.
Аталған жоба 2025–2026 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асырылады. Жоба іске қосылғаннан кейін, ол еліміз бойынша 2,3 миллионнан астам адамды қамтып, газ инфрақұрылымына қосылуды анағұрлым жеңіл әрі қолжетімді етеді.
Бүгінде газ саласында 74 түрлі мемлекеттік қызмет толық цифрландырылған. Бұл азаматтар мен бизнес өкілдерінің уақытын үнемдеп, бюрократиялық кедергілерді азайтады.
Сонымен қатар, «Astana Hub» технопаркі аясында газ саласын жаңғыртуға бағытталған 14 инновациялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында:
- Жасанды интеллектпен жабдықталған виртуалды кен орны тренажерлері;
- Компрессорлық қондырғыларды бақылау жүйелері;
- Цифрлық егіздер технологиясы;
- Инспекцияға арналған дрондар және бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған платформалар бар.
Айта кетейік, 2024 жылдың өзінде бұл жобалар 1,2 миллиард теңге табыс әкелсе, жалпы басталғаннан бері 3,8 миллиард теңгеден астам кіріс түсірген. Сонымен бірге, 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, саланың цифрлық трансформациясы қарқын алып жатыр.