Пікір • 18 Сәуір, 2025

Бабадан мирас балбалым...

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ерте, ерте, ертеден ескерткіш атаулыны қадір тұтқан елміз. Қиян даламыздың қай қиырына барсаңыз да, қисапсыз мол мәдени мұрамыздың үздік үлгілерін кездестіресіз.

Бабадан мирас балбалдар, тау-тасымызда таңбаланған петроглифтер, талай ғасырдың тағылымы тұнған тарихи орындар, аттары аңызға айналған алып тұлғалардың табан ізі қалған қасиетті мекендер, арғы-бергідегі жақсы-жайсаңдарымыз жатқан киелі қорымдар, елдігімізді танытатын еңселі ескерткіштер – ұлтымыздың ұлы байлығы. Біз мұның бәрін көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Барымызды бағалай алмасақ, жеті ықылымнан жеткен асыл қазынамыздан айырылып қаламыз. Сордың үлкені – сол. Өйткені халқының өткенінен хабарсыз ұрпақтың санасы саяз болады. Ондайлар Отанын сүйіп жарытпайды. Елі үшін еңіремейді. Қанына тартып қарық қылмайды. Қысқасы, ақыл-естен айырылып, арам ниетті әлдекімдердің әмірімен туған анасын атып тастаудан тайынбайтын Айтматов­тың мәңгүртінен айнымай қалуы оп-оңай. Он­сыз да жаһандану жалмаңдаған мына заманда ұлт­тық ұстынымызға ұшан-теңіз залалын тигізер жамандық атаулының беті аулақ болуын тілейік, ағайын.

Ен Еуразияны емін-еркін жайлаған арда аталарымыз анау батыстың байыпқа бармас ғалымдары айтқандай, аттың жалында, түйенің қомында көшіп-қонып жүре бермеген. Мыңғырған малдың соңында салпаңдап милау болып кетпеген. Қоймен бірге ой да баққан. Әйтпесе бізден әл-Фараби секілді әлемді аузына қаратқан ғұламалар шыға ма? Адамзаттың ақыл-ойының дамуына үлкен үлес қосқан Абай секілді данышпандар туа ма Алаш топырағында?

Қазіргі Қазақияда тек рухани ғана емес, материалдық байлықтың да қомақты қоры қалыптасқан. Әсіресе орта ғасырларда орда тіккен Отырар, Сауран, Сығанақ секілді қаптаған қалаларымыз туралы аңыз-әфсаналар, елімізді ендей өткен еуропалық жиһангерлердің жазбалары жазиралы байтағымызда мақтан етуге әбден лайықты мәдениет мәйегі болғанын алға тартады. Әттең, құм жұтқан құнды­лықтарымыздың қыр-сыры әлі толық ашылмай жатыр.

Әйтсе де, Есіктен, Берелден, Шіліктіден, Тақсайдан және басқа жерлерден табылған алтын адамдар, қымбат металдармен қап­талған ат әбзелдері, әйелдердің әдемі әшекей-үшекейлері, тағысын тағы көшпелілер көмбе­сінен шыққан көнеліктер бүгінде төрткүл дү­ниеге түгел таныс аса бағалы брэндке айналды. Отандық археологтеріміздің алдында орасан зор міндеттер тұрғанын атап өткеніміз жөн. Сайын Сарыарқа төсіндегі Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қақпақ тастармен қоршалған қалың қорымын қазып, қола дәуірінің қоясын ақтарған академик Әлкей Марғұланның кейінгі ізбасарлары да ғылыми ізденістерін кеңінен өрістетері талас тудырмаса керек.

Кешегі кеңес өкіметі орнағанға дейін кең байтақ өлкеміздегі кен байлығының қызығын көрген орыс, неміс, ағылшын кәсіпкерлері көп болған көрінеді. Қазан төңкерісінен кейін олар қызылдар қырғынынан қорқып, келген іздерімен кері қашты. Әр нәрседен ақша жасап үйренген қуаяқ пәлелер құр кетпей, құнды дүниелердің көтеруге жарағанын өздерімен бірге ала кетті. Елдеріне барған соң соның бәрін музейлерге, ғылыми зерттеу институттарына, жеке қор иелеріне сатқаны анық. Бүгінде Ресей, Герма­ния, Британия сияқты шетелдердің мәртебелі мұражайларында тұрған қазаққа қатысты жәдігерлер солай жиналған. Тәуелсіздіктің арқа­сында Түркістандағы Тайқазан бастатқан біраз бағалы экспонаттар қайтарылғанына, әрине шүкіршілік етеміз.

Осыдан он шақты жыл бұрын жолым түсіп Томға бардым. Бір себептермен сондағы университетке соқтым. Қалың ағаш қаумалаған жоғары оқу орнының ауласындағы қаз-қатар сап түзеген балбал тастарға қызыға қарағаным есте. Жапсырма жазуларын оқысам, бәрі де өзім туып-өскен Жетісудан, Балқаш бойынан әкелініпті. Содан бойымды қимастық сезім ­билеп, бір уақыттарда еріктерінен тыс Сібір ауып кеткен «жерлестерімнің» бастарынан ­сипай беріппін...

Жә, өткенге салауат. Елдегі қалған ежелгі ескерткіштерге қамқорлық таныта білсек те жаман болмас. Неге десеңіз, өңірлердегі көптеген көне кесенелер ерекше күтімді талап етеді. Қараусыз қалғаны қаншама. Қа­быр­ғасы қақырап, іргетасы іріп, күмбездері күй­реп, қираудың аз-ақ алдында тұрған небір мар­ғасқаларымыздың мазары қайта жөндеуді қажетсінеді. Ақпарат құралдарында қағылған дабылдан құлақ тұнады. Тиісті мекеме басшылары бұған кейде құлақ асып, кейде аспайды.

Ескерткіш – ел тарихы, өнер туындысы. Сондықтан оларды салуда салиқалы мемлекет саясаты болғаны дұрыс. Әйтпесе, қазіргі таңда қалталы мырзалар қалаған жерінде, қалаған адамына арнап ескерткіш орнататын әдепсіз әдет тауып алды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге байланысты пайымды пікір білдіргені мәлім. Ендеше бұндай іргелі істе ауыл-аймақтың емес, елдік мүддеге басымдық бергеніміз абзал. Сондай-ақ тарихи орындарымызды өзімізбен бірге өзге шетелдік туристер де тамсана тамашалап, қазақ дейтін халықтың қадір-қасиетін танып қайтқанын қалар едік.