
Аталған бастамаларды өңірлік білім басқармасының тапсырысымен «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатыр.
Маңғыстау облысы білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаеваның айтуынша, жобалар биылғы жылдың 1 қазанынан бастап жүзеге асады.
- «Білім сапасын бақылау: Жаңа көзқарас» және «Аймақтағы білім беру саласының озық тәжірибелері» жобалары білім беру сапасын арттырудың жүйелі тәсілін қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі таңда облыс бойынша 20 мектеп таңдалып, ондағы білім сапасына әсер ететін факторларды зерттеу, мектепішілік бақылау жүйесін жетілдіру және педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді К.Құлатаева.
«Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетованың айтуынша, жобалар тек білім сапасын арттырумен шектелмей, педагогикалық тәжірибені қоғаммен тиімді бөлісуге мүмкіндік береді.
- Жергілікті деңгейде ақпараттық ашықтық пен білім беру ұйымдарының медиа әлеуетін арттыру да басты назарда. Осы мақсатта 14–15 қазан күндері 70 маман мобилография және SMM бағытында арнайы тренингтен өтті. Ал облыстың үздік білім беру тәжірибелерін қоғамға кеңінен таныстыру үшін журналистердің қатысуымен Ақтау, Түпқараған және Мұнайлы аудандарында ақпараттық турлар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта облыстың барлық аудан-қалаларын қамтитын ақпараттық турлар жалғасады. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы «Маңғыстау облысы бойынша кәсіби даму институтымен» бірлесе отырып, 300 мұғалімге арналған 8 оқу курсын 28 қазаннан бастайды, деді ол.
Бұған дейін облыста «Отпан» жобасы аясында 6,5 мың педагог оқудан өтіп, 625 оқу бөлмесі мен 180 мұғалімдер кеңістігі жаңартылды. «943 – елдің мақсатты мектептерін дамыту» жобасы 59 мектепте жүзеге асырылып жатыр.