Ән • 18 Сәуір, 2025

«Атыңнан айналдым, Жаңаарқа…»

0 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Арқа жерінде, әсіресе, Жаңаарқа тойының шымылдығы дәл осы әнсіз түрілмейді: «Нұр тұнған өмірі, Құлпырған өңірі, Өзгеден тұратын дара дархан, Атыңнан айналдым, Жаңаарқа…». Бұл – Жаңаарқа жұртшылығының бейресми әнұраны.

«Атыңнан айналдым, Жаңаарқа…»

Осы әнге құлақ түр­сек, Арқа атырабы, онда­ғы жайсаң жұрт, елге деген сағыныш өрі­ле береді, өріле береді. Сөйткен «Жаңаарқа валь­сінің» жарыққа шыққанына 40 жылдан асыпты. Ән авторы, жазушы Төкен Әлжантегін көзіқарақты оқыр­ман қабыр­ғалы қаламгер ретін­де жақсы танып, қадірлейді. Ал осы бір әннің сәтті шығып, ел аузынан түспей орындалуынан-ақ, сазгерлік қабілетінің сәулелі екені сезіледі. Автор ән жазылатын жылы мәдениет саласында еңбек еткен көрінеді. 

«1982 жылдың жаз айында Мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. Ең әуелі автоклуб меңгерушісі, кейіннен «Жаңаарқа» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі міндетін атқардым. Дәл сол уақытта рес­публика төңірегіндегі ансамбль­­­дер астанаға сапар ше­­гіп, өз деңгейлерін Алма­ты көрермендері мен сарап­шы­­ла­рының талқысына салып жат­қан болатын. Осыған орай, ау­да­н­ның өнерін көрсететін сәт ту­ған-ды. Сонда финалды қоры­тын­дылайтын ән таппай қинал­ға­ны­мыз есте», дейді Төкен Әлжан­тегі.

Шынымен, жыр мен әннің мекені Жаңаарқа туралы дәл осы мезетке дейін бір ән жоқ болып шығыпты. Сөйтіп, алаң көңіл ақыры жас мәдениет қыз­меткерінің санасына ән сау­­ла­тады. Оның үстіне салмақ та, жауапкершілік те сценарий авторы Төкен сазгерге түсетіні белгілі. Сөйтіп жүріп, күндердің бірінде, кезекті дайындықтан кейін, жолдас­тарымен жақында ғана сәбилі болған Серғазы Зекенов деген өзі палуан, өзі өнерге жақын досының үйіне қуанышын бөлісуге бара қалады. Бір бөл­меде дос­тары, бір бөл­меде аяқ-қолын енді ғана бауырына алған досының келіншегі. Мына қызықты қараңыз, ән авторы шай ішіп отырғанда өздігінен сырғақтатып, қолына тиген домбы­раны ойната бе­ріпті. Бір әуеннің нақышы пернелерге қонақтаған сияқ­ты. Бірақ не ырғақ екенін біле алар емес. Ал дастарқан басында әзіл-қалжың. Сол кезде сытылып, келесі бөлмеге өтіп, досының келін­шегі бесік тербетеді, ол дом­бы­раны шерте түседі. Өстіп, ең әуелі қайырмасы туады. Ырғаққа сәйкес буындарды шығарып, сөзін жазып шығады. Сосын әуен нышаны пайда болады. Ештеңеге алаң­дайтын емес. Сөз құрап әлек. Ұзын сөз­дің қысқасы, сағат таңғы үш кезінде бәрі дайын болып­ты. Енді әуенді ұмытпауға тырысу керек. Өйткені «нотадан мақұрыммын», дейді өзі. Ерте­ңіндегі дайындықта көптің ал­дында түнгі шыққан әуенді ыңылдап отырып орын­дап береді. Ансамбльдің музыкалық жетекшісі Алтын Сейфуллин де автормен бірге ыңылдап отырыпты. Ақыры сол ыңылды әуенді оркестрге салып жібереді. Міне, «Жаңаарқа вальсі» осылай туған. Бұл – 1982 жылдың күз мезгілі-тін. 1982 жылдың 7 қазаны, яғни кеңес өкіметінің Конституция күнінің құрме­тіне дайындалған «Жаңаарқа» газетінің мерекелік бетінде ән мәтіні жарияланыпты. Бұл ән әуелгіде тойларда жиі айтылып жүріпті.

Автор бұл әннің бағын ашқан эстраданың жарық жұлдызы Қарақат Әбіл­дина дейді.

Бірде Алматыға Жазушы­лар одағының съезіне бара қалған. Төкен Әлжантегін ақын­дар Абзал Бөкенов, Бақты­бай Аманжолов, Ғалым Жайлы­бай­мен Қара­қаттың әпкесі Қымбат Әбілдина үйіне қонаққа шақырыпты. Ақындар өлең оқиды. Ал ән авторы, жазушы тып-тыныш отырған. Солай отырғанында көзіне домбыра түсе қал­ған. Қымбатқа алдырып «Жаңа­арқа вальсін» шырқап қоя береді. Ән аяқталғанда жанына Қымбат келіп, «тағы бір айтыңызшы?» деп қолқа салады. Тағы бір орындап шығады. Сол сәтте үйінде жүрген кіш­кене қыз бала Қарақат онда Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мек­тептің 6-сынып оқушысы екен. Сол кезде Қымбат өлеңнің сө­з­­ін жазып беруін өтінеді. Әннің сө­зін бір парақ қағазға түсіріп ке­теді.

Бірде Алматыда Дүние­жүзі қазақтарының құрыл­тайы өтіп жатады. Автор елде, әйелі екеуі шай ішіп отырғанда қабырғаға ілінген радио самбырлап қоя береді. Бала Қарақат. Құрылтайға осы әнмен шашу шаша ке­ліп­ті.

«Кейіннен оркестрге салып жібергенде мүлдем жаңа реңк пайда болды. Дәл осылай құлпырады деп ойламаппын. «Жаңаарқа вальсін» кеңістікке алып шыққан – Қарақат Әбіл­дина», дейді Төкен ағамыз.

«Жаңаарқа вальсі» әнін әуе­лете шырқаған бірнеше әнші бар. Тіпті бұл ән әуелеп Қытай асқаны да таңырқайтындай дүние.

«2000 жылдардың бас кезі болатын. Сыртта жүргенімде қалта телефоным шыр етті. Көтерсем белгісіз бір адам. Амандық-сау­лық­тан кейін жағ­дайды түсін­діре бастады: «Мен «Гәкку» тобы­ның про­дюсері едім. Қытайда тұра­тын бауыр­ларыңыз сіздің «Жаңаарқа вальсі» әніңізді репер­­­туарларына қосу­ды қа­лап отыр. Егер, мүм­кін­­ді­гі­ңіз болса тыңдап көр­­сеңіз, сосын рұқсатыңызды берсеңіз деп едік». «Жақсы», – дедім. Олар телефонға әнді қосты. Тамаша! Сағыныш басым. Туған жерге, атақонысқа деген сағыныш, әрине. Сөйтіп, әнім Қытай елінің жастары дауысымен де шырқала бас­тады. Бір қызығы, топтағы үш әншінің бірінің дауысы тура Мейрамбек Бесбаевтың дауысынан айнымайды екен. Соны тыңдағандар көпке шейін орындаушысы Мейрамбек деп шатастырудан танбады. Әннің шыққанына қырық жылдан асты. Шүкір, абыройсыз емес. Осы күнге шейін Қазақстанда ғана емес, Қытай, Моңғолия өлкесіндегі әншілердің орындауында телеарна, радиодан орындалып тұрады. Басқа да шетелде Қарақаттың орындауында шырқалғаны маған мәртебе», дейді мағмұрланып Төкен Әлжантегі ағамыз.

 

Қарағанды облысы