
«Цифрлық көшпелілер» деген ұғым кейінгі жылдары пайда болды. Бұл – әлемнің кез келген жерінде тұрып, цифрлық технология саласында қашықтан жұмыс істейтін мамандар. Сессия барысында тартымды он елдің қатарына енуге ұмтылған халықаралық рейтингті зерттеуге назар аударылды. Бұған стратегиялық бастаманы жүзеге асыру арқылы қол жеткізуге болады. Мысалы, «Digital Nomad Visa» –12 айға берілетін электрондық виза, ол көп мәрте виза алу және ықтиярхатқа өтініш беруді қарастырады. Сондай-ақ «Digital Nomad Residency» – шетелдік IT-мамандарға ықтиярхатты алуға жеңілдететін онлайн құрал.
«Біз елімізде жұмыс істейтін халықаралық IT-мамандарына қолайлы жағдай тудырсақ дейміз. Жаңа бастаманың арқасында шетелдік мамандар отандық және шетелдік компаниялармен еркін жұмыс істейді. Сондай-ақ жергілікті IT-экожүйеге интеграциялануға мүмкіндік алады. Біз әрбір «цифрлық көшпеліге» жан-жақты қолдау көрсетеміз. Мақсатымыз – IT-мамандарды тарту ғана емес, сонымен қатар олардың елімізде кәсіби және іскерлік өсуіне жағдай жасау», дейді «Astana Hub» қатысушыларды қолдау офисінің директоры Талғат Маратов.
«Digital Nomad Residency» қанатқақты жобасы аясында АҚШ, Канада, Грекия және ТМД елдерінен келген үміткерлерді қоса алғанда, бірнеше өтінім қабылданды. Айта кетейік, еліміз IT-мамандарға бірқатар тиімді мүмкіндік ұсынады. Мәселен, табыс деңгейін растайтын талап болмайды, өтінімді онлайн тапсырады және елімізде ұзақ уақыт тұра алады.
Қайсар Құсайын