Талбесік • 04 Сәуір, 2025

Орманды отау оңай, көркейту қиын

22 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бурабай» ұлттық паркінде ағашты есепке алуды бақылаудың инновациялық жүйесі енгізілді. Елімізде әзірге баламасы жоқ цифрлық жоба орман ресурс­тарын заңсыз кесуге тосқауыл қоюда әрі басқарудың ашық жүйесін іске асыруда маңызды қадам болмақ.

Орманды отау оңай, көркейту қиын

Ақпан айынан қолға алынған ілкімді жоба ағаштарды заңсыз кесу оқиғасын азайтып, табиғи ресурстарды басқарудың тиімділігін айтарлықтай арттырады. «Бурабай» ұлт­тық паркі орман мен өсімдіктер әлемін қорғау, жандандыру және тиімді пайдалану бөлімінің басшысы Александр Ковалев инновациялық жоба арқылы тұмса табиғаттың көркі – жасыл желекті сақтау күшейетінін алға тартты.

«Мақсатымыз – ағаш кесуді мүмкін­дігінше ашық әрі бақыланатындай жүйеге енгізу. Барлық ақпарат, дерек-дәйек енді ағаштың қозғалысын басқаруды қамтамасыз ететін автоматтандырылған бірыңғай орталыққа жазылады. «Бір тал кессең, он тал ек» деген қағида қатаң қадағаланады. Оталған әр түп ағаштың орнына жас көшеттер егіледі. Қанатқақты жобаның нәтижесі де көрінеді. Алдағы уақытта ағаш кесуді бақылауға алып, заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді», деді А.Ковалев.

Инновациялық құрылғы «EKO-SET CODIMEX» деп аталады. Жоғары технологиялық құралдар жиынтығында ағашты белгілеуге арналған балға, әр ағашты тіркеуге қажет бирка, таңбаланған биркаларға арналған жинақ, ақпаратты енгізетін, сондай-ақ оны өңдеуге, сақтауға арналған серверлік жабдық пен планшет (қол сканері) бар. Бұдан былай әр оталған ағаштан QR коды бар бірегей белгі алынады. Осы кодты сканерден өткізу арқылы орман инспекторлары ағаштың шығу тегін, санатын, көлемін, оталған күнін, тасымалдау деректеріне қатысты ақпаратты да бірден алады. Барлық ақпарат дерекқорға жүктелетіндіктен, ба­қы­лау ісі де айтарлықтай жеңілдей түседі.

Жобаны жүзеге асыру үшін ұлттық парк қызметкерлері «Ағашты есепке алудың бірыңғай жүйесімен» жұмыс істеудің арнайы курсын оқыды. Орманшылар мен орман шеберлері деректерді енгізу, өңдеу, талдау дағдыларын игерді. Оның нәтижесін олар күнделікті жұмыс барысында цифрлық технологияларды тиімді пайдаланады.

Қанатқақты жоба орман шаруа­шылығында цифрлық технологияларды енгізудің бастамасы саналып отыр. Қоршаған ортаны қорғау секторына цифрлық технологияларды енгізу табиғи ресурстарды тұрақты басқарудың да маңызды қадамы болмақ. «Бурабай» ұлттық паркінде жүзеге асырылған инновациялық жоба орманды алқапты қорғап, экологиялық шаруашылықты өрістеуге тың серпін бермек.