
Ол 2009 жылы «Болашақ» бағдарламасымен «мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша АҚШ-тағы Montana State University тәмамдаған. Осындағы белгілі профессорлардан білім алды. Оқыту әдісінің қыр-сырын үйренді. Кейіпкеріміз елге оралғаннан кейін отандық жоғары оқу орындарында дәріс оқып, болашақ ғалымдарға жол сілтеуді өзінің борышы санады. Тынбай ізденіп, жас буынды тәрбиелеуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Оның шәкірттері студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық байқауында сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің II дәрежелі дипломымен марапатталды. Сондай-ақ ағылшын тілін жетік меңгерген студенттерді халықаралық жарыстарға да дайындап, «CFA Institute Research Challenge»-де үздік студенттік инвестициялық жоба аталымын жеңіп алды.
Кейіпкеріміз 2016–2018 жылдары Еуропалық одақ (Erasmus+) қаржыландыратын «CACTLE» (Central Asian Centre for Teaching, Learning, and Entrepreneurship) жобасына қатысып, жетекші еуропалық жоғары оқу орындарының оқыту әдістемелерінің үздік тәжірибелерін тарату мақсатында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан оқытушыларына тренингтер жүргізді. Еуропалық әріптестерімен «Teaching and Learning at Universities» монографиясын жарыққа шығарды.
Сонымен бірге ғалым еліміздің жоғары білім саласындағы кезекті реформаларын зерттей отырып, 2020–2022 жылдары ЖТН АР08052656 «Қазақстандық жоғары оқу орындарының «Үштік спираль» тұрғысында трансформацияға дайындығын бағалау» тақырыбындағы жобамен жас ғалымдарға арналған грант иегері атанды. Осы жобаны жүзеге асыру барысында университет, мемлекет және бизнестің өзара байланысын егжей-тегжей талдап, жүйелеп, әлемнің жетекші университеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, отандық жоғары оқу орындарына ұсыныс даярлауға атсалысты. Жоба нәтижесінде студенттерге арналған оқу құралы, «Қазақстанда кәсіпкерлік университеттердің дамуының алғышарттары мен қазіргі жағдайы» атты монографиясы жинақ болып шықты. Сондай-ақ осы екі ғылыми туындысының авторлық құқығын алды. Бүгінде оқыту саласының маманы Регина Андекинаның 50-ден астам мақаласы, оның ішінде 10 мақаласы «Scopus» және «Web of Science» дереккөз базаларына енетін журналдарда жарияланды. Бұл да ғалымның өз саласындағы табыстарының бір биігі.
Қазір Регина Андекина Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызмет етеді. Шындығында, оның таңдаған мамандығы мен жұмысына деген сүйіспеншілігі ғалымды үнемі биікке жетелеп келеді. Мемлекеттік қызметкерлерді оқытатын академияда кейіпкеріміз заманауи оқыту әдістерін пайдалана отырып, экологиялық, әлеуметтік және корпоративті басқару (ESG), Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық басымдық деп таныған орнықты даму мақсаттары (SDG) бойынша шетелдік тәжірибені кеңінен пайдалануға білек сыбана кіріскен. Себебі орнықты даму мақсаттарының ел саясатына интеграциясы – неғұрлым әділ, үнемді және экологиялық таза қоғам құру жолындағы маңызды қадам.
«Әлемдік тәжірибеде «Triple helix» деп аталын кәсіпорын, университет және мемлекеттің өзара әрекеттесуін қамтитын үштік спираль моделінің елімізде енгізілуін зерттедім. Көздеген мақсатқа қол жеткізіп, жоба сәтті аяқталды. Алайда жобаны орындау барысында бірнеше қиындық та кездесті. Біріншіден, пандемияның салдары әсер етті. Екіншіден, жобаны қаржыландыру ұзаққа созылды. Қаржы кеш түсті. Яғни конкурс жыл соңына таман жарияланып, түрлі тексеріс, сараптамадан өтті, мақұлданып, жобаны орындауға бөлінген қаржы түскенге дейін 4-5 ай уақыт өтті. Осылайша, жалақы болсын, зерттеу жүргізуге жоспарланған қаражат болсын, кешіктіріліп берілді. Бұл өз кезегінде жоба мақсаттарының уақтылы және сапалы орындалуына кері әсерін тигізеді. Осындай тәуекелдерді ескере отырып, конкурс үдерісін жарты жыл бұрын ерте бастаған дұрыс деген ойдамын», деді ғалым.
Оның айтуынша, ол зерттеп жүрген саладағы тағы бір мәселе – «Scopus» және «Web of Scienc»e сынды дерекқорлар базаларына енетін жоғары рейтингті журналдан мақала жариялауды талап ету. Бұл жайт қазір еліміздің ғылым саласындағы көп қозғалатын түйткілді мәселеге айналып отыр. Ғылыммен айналысып жүргендер мен енді ғылым табалдырығын аттаған жас зерттеушілер осы туралы көп «шер» төгеді, айтып та, жазып та жүр. «Шетелдік тәжірибеде мұндай талап жоқ. Докторанттар өз зерттеу жұмысымен айналысып, сабақ береді. Бірақ диссертацияны қорғағаннан кейін, оны беделді баспадан монография ретінде басып шығару мүмкіндігі бар. Егер қазір соңғы 15 жылда PhD диссертацияларын (жаратылыстану ғылымдарынан бөлек) қорғаған ғалымдардың қорғаудан кейінгі мерзімде мақалаларының санын түгендесек, өкінішке қарай, басым көпшілігінде ол сан 0-5 шамасында болады. Яғни мұндай қатаң талаптар жастардың ғылымға қызығушылығын жоюы мүмкін», дейді Регина.
Әрине, ғылымы дамыған ел болу үшін аталған сала мамандарына көңіл бөлу, оларды мазалаған мәселелері мен қиындықтарын дер кезінде шешу оң қадамға жетелейтіні сөзсіз. Деректерге сүйенсек, шетелде ғылымға деген құрмет пен басымдықты қаржыландыру көлемінен-ақ байқауға болады. Біздің кейіпкеріміздің айтуынша, ғылымға ең көп қаражат бөлетін мемлекет – Израиль (ІЖӨ-нің 6%), АҚШ және Батыс Еуропа елдері 3-4% екен. Ал бұл көште Қазақстан ІЖӨ-нің 0,13%-ы бөлінеді, алайда бұл көрсеткішті 1%-ға жеткізу көзделген. Ал ірі компаниялардың ғылымға инвестициялары көлемінен алғашқы үштікте АҚШ, Қытай және Германия елдері кіретінін де Регинадан естідік.
Қазір әлемде ғылым саласында жүрген әйелдерге деген көзқарас жоғары. Оларға құрмет пен марапат та беріліп жатқаны шындық. Кешегі Мари Кюри ханымнан бүгінгі жас әйел ғалымдардың әлемді, адамзатты өзгертуге қосқан үлесі басым болғаны анық. Сөз арасында кейіпкерімізге ғылымдағы әйелдердің мәртебесі мен рөлі хақында сұрақ қойдық. «Өзім ғылымдағы әйел ретінде дамыған елдердегі ғылымға деген көзқарасы туралы ұнататын тағы бір жайт – күні кеше АҚШ-тың бірінші ханымы болған Джилл Байден өзін ханым емес, доктор деп атауын қалағаны. Доктор дәрежесін білім беру саласынан қорғаған ол Президенттің жары емес, өзін толыққанды ғалым, доктор деп әлемге танытып отыр. Байқасаңыз, олардың аттарын атағанда Президент Байден және доктор Байден деп айтады. Мұндай атауды қолданудың өзі де ғылымды насихаттаудың жолы болып табылады. «Ұлды оқытсаң, текті тәрбиелейсің, қызды оқытсаң, ұлтты тәрбиелейсің» демекші, доктор Джилл Байденге дейінгі бірінші ханым Мишель Обама да, Let girls learn (Қыздар білім алсын!) бағдарламасымен үшінші әлем елдеріндегі қыздарға білім алу мүмкіншілігін туғызды», деді ол.
Бір анығы, қазіргі жас ғалымдардың жетістіктері кімді болса да қуантады. Тіпті олардың айтары мен берері мол екеніне сәт сайын көз жеткізіп келеміз. Еліміздің кадрлық әлеуетін жақсартуда білім мен ғылымның орны ерекше екенін қоғамға түсіндіру де күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Сондықтан осы сала мамандарының мәртебесін көтеру, еңбекақы мөлшерін көбейту, үздік тәжірибелерді насихаттау арқылы жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру сияқты мәселелер өз шешімін табады деген сеніміміз мол. Ғылымға ұмтылған жастар көбейсе, еліміздің дамуы бұдан да қарқынды бола беретіні анық.