фото: threads.com/@aigulyelemes
Ақмарал Әлназарова өзінің борышын орындағанын айтып, ешкімнің алдында ақталуға міндетті емес екенін жеткізді.
«Өкінішке қарай, халықта күмән болды. Бірақ бұл менің алғаш рет көмек көрсетуім емес. Бұл жолы тек біреу оны әлеуметтік желіге жүктеп жіберді. Көмек шынымен көрсетілді. «Араларыңызда дәрігер бар ма? Адамның қан қысымы түсіп кетті» дегенде, мен дереу барып көмектестім. Менің орнымда кез келген дәрігер, кез келген медицина қызметкері дәл солай жасар еді, оған сенімдімін. Сондықтан қандай да бір күдікке немесе сұраққа себеп көріп тұрған жоқпын», деді Ақмарал Әлназарова.
Министрге «бұл видеоны пиар мақсатында түсірген жоқ па?» деген сұрақ та қойылды.
«Әр адамның пікірі болады. Мен әркімнің көзқарасына ықпал ете алмаймын. Ең бастысы өз борышымды орындадым. Ешкімнің алдында ақталуға міндетті емеспін», деп жауап берді министр.
Еске сала кетейік, қараша айының соңында Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы елордадан Алматыға бағыт алған рейсте бір жолаушының жағдайы нашарлағаны туралы видео жариялаған. Ал, өзін нашар сезінген жолаушыға алғашқы көмек көрсеткен дәрігер Денсаулық сақтау министрі екені белгілі болды.
Кейінірек ұшақ бортында өзін нашар сезінген жолаушы журналист Гүлмира Әбіқай екені анықталды. Ол өз кезегінде бұл оқиғаның пиар үшін жасалмағанын алға тартып, көмек көрсеткен барлық жанға алғысын білдірген еді.
«Мен дәл осы рейсте, эконом класта 17J орындa отырған жолаушы ретінде денсаулығым кенет сыр бергенде шын жанашыр болған барша жақсы жандарға алғыс айтқым келеді», деді ол.