Әдебиет • 14 Ақпан, 2025

Қордалы қалыңның бір қыры

74 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінде Ж.Қорғасбектің «Әдеби шығармалар неге оқылмайды?» (28.01.2025) атты мақаласы шыққалы, бірқыдыру уақыт өтіңкіреді. Өзіндік көңіл толғамынан туған ойларға – ой үзеңгілестірудің енді ғана орайы келді. Сөз нысаны – менің «Абыржы» романым.

Қордалы қалыңның бір қыры

Мақалада беймаза көңілдің орынды сұрақтары бар. Бәрі де өз көзқарас-тұғырында қойылған. Расы керек, осыған разы болдым. «Сұрақсыз, елеусіз, ескерусіз қалған дүниеден сақтасын!» деген менің ішкі ұстанымымды ақтады. Түсінілмей, түсініксіздеу тағдыр кешкен, түрлі ой салып, көңілдерден кетпей жүретін «оқшаулау» дүниелерде, дегенмен, бір мән, мағына, опа бар. Кей шығармашыға жетпей, жеткізбей жүретін «санадан өтіп, жүрекке жетсе дейтін» туынды сырының кілті осында ма?

Аталған жарияланымның негізгі мо­тиві – «мотивация» (бұл екеуі тавтология емес) мәселесі екен. Бұл, анығы, сол три­ло­гия көтерген көп қордалы жайттың бір қыры ғана дер едім. Оқырманға қа­жетті мотивацияның (мақсаттар қою, со­ларға талпыныс) аздығы, трагедиялық бояу­лардың басымдығы – сөз арқауы бол­ған екен. Осы ретте, алдымен, өз түсі­ні­гімше, «мотивация» мәселесін қаузасам.

Тұманды тарихтан бізге өлмей жеткен батырлық, лиро-эпостық жырлар, аңыз-ертегілерде ел рухты табиғи мотивациялар баршылық. Ол қазыналарға біз тәу еттік. Кешегі ғана тарихта туған дүниелерде («соцреализм» атты айдармен) мотивация дегенің шашетектен болды. Ол еңбектерге бас идік. Анығы, адамдарды жаппай ерлікке тоғытқан ұлы оқиғаларды айтпағанда, бергі, көзіміз көрген, әр гектардан жүз центнерден күріш, әр жүз саулықтан екі жүзден қозы алған ерліктердің сыртында сол кеңестік, социалистік мотивациялар тұрды. Жау ала алмайтындай мықтылық еді. Тек, солардың арты не болды? «Аяғы дүниенің ырың-жырың» (Ә.Нұрпейісов. «Соңғы парыз») шықты емес пе? Адам таңғаларлық жағдай. Сондағы басты себеп, ол мотивацияларда «адам жаны» деген ғажайып далада қалды. Жоқ, далада қалған жоқ; сол қоғам адаммен сейіс-бапкерден артық жұмыс істеді, пенденің жанын да, тәнін де босатпады; ол, тек, темір шеңгелдер арқылы, қызыл насихаттың сұрапыл тәсіл­дері арқылы жүзеге асты. Көп ерлік солай туды: таңғажайып Стаханов қоз­ғалысы, өлермен тың игеру, екпінді БАМ, аспани рекордтар солай өмірге келді. Бірақ адам жанымен сол жұмыс – адаммен емес, айдағанға жүріп, айтқанға көнетін тобыр санасын шыбыртқылаумен келтіру еді.

«Күбісіне – піспегі...» дегендей, сол ұстанымдарға сай мотивациялы шы­ғармалар болды. Ол дүниелер, сол тұстағы әлемнің еркін болмыс туындыларымен салыстыруға келмейтін. Тіпті алдыңғы ХІХ ғасырмен де... Солай, «аяғы ыри-тыриға» жеткен – сондай адам жанының қолтума героизмі, шындықты кәнизак етіп масайған билік өктемдігі, әміршіл-әкімшілдіктің бүркемелі авторитаризмі – бір жағы, сенімшіл халықтың шыбыртқы мен жалған ұрандар астында «бекіген» жасанды ділі – екінші жағы, жеме-жемде екі жақты – екіжүзді ахуалға тартты. Жалған құндылық құйрығы бір-ақ тұтам. КСРО күйреп қалды. Оны пәлендей жоқтаған көпшілік те болмады.

Сондай «қызыл» тәрбиемен «өз әке­сін (Аралды) өз қолымен әдемі өлтіруге «өскен» Медет» – романның дара тұлғасы – сол қоғамның жемісі еді («Біз басқаша дүниетаным, басқа құндылықта өстік!» деген сол кездің ерін көрсете қою қиын болар...). Ол антына адал, діліне берік адам. «Пұттары» мен сенімі күйреген сәттегі сондай адалдық адамының трагедиясы – рухани өлім еді. Кешегі джентльмен Медет пен бүгінгі жеркепедегі азғын Медеттің арасында осындай тағдыр коллизиясы жатыр. Ол өз идеалын ұмыта алмайды, науқанға ере алмайды. Кемшілігі де, қасиеті де сонда. Сондай берік ділдің жаңа ақиқатқа қарай сынуы... «Сынар» еді, тек, төңіректегі сөз бен шындықтың арасы кешегіден де түсініксіз оған. Науқаншылдар ешкімге опа бермеген. Дәуірлер табалдырығын тобырлана аттап, кешегі де, бүгінгі де ұрандарды ойсыз дабыралатып шапқылай беретіндер оған түсініксіз ғана емес, жеркенішті. Өйткен олар, оның беті аулақ, өз мұраттарын тағы да қиналмай сата салуы ғажап іс емес... Принципсіздік, жалғандық, сатқындыққа «обломов» қарсылық сонан... Сол «есіл асыл, берік жан тұғыры» енді өліараның (абыржы) тастандысы, тіпті, құрбаны. Медет ақырының биіктігі де, қасіреті де сонда... Әзәзіл Виадостың («Абыржы-2») сондай жан қасиетін «күлдікке тасталған асылдай» іздеп келу себебі сонда. «Қызыл» насихат оны таныған («Ұстаз» саясаты), оны солай тудырған. Оның тізгінін қолға ұстасаң, онымен кез келген Бастилияны алуға болады... «Жан» атты керемет, қадірін түсініп, қалауын тапқанға, аса қажет, «бар дүние байлығынан қымбат» қасиет. Сол қасиет мылтықсыз майдан, ұлы өліараға тап келген...

Ой-өреміз жеткен бұл экскурс – көп жайттың табантірері – адам жаны дегенді тағы бір зерлеу.

Шығарма – болғанның нәтижесімен емес, соған жетер үдеріс, динамикасымен мәнді. Медеттің «Абыржы-1-дегі» ішкі, өз мотивациясы – өткеннен ауыр арылу, катарсис. Темірдей сенім мен арлы ділдің жаңаның анық мәнін қинала тануы, қабылдауы. Көркем дүние үшін – зор майдан алабы осында. Бұл жерден көп «мотивация» іздеудің қажеті жоқ... Екінші кітап, сол адам жаны төңірегіндегі ішкі-сыртқы дода. Жанның қайта тууы оңай іс емес. «Қиялистан» (жындыхана) сол катарсистің тағы бір елегі...

Бүгінгі ой туындылары – қиялилар, кемшіндер, тіпті, жындылар жағын көп қаузайтын болды. Жындының да жындысы бар. Біз бұрыннан білетін А.Чехов «Алтыншы палата», У.Фолкнер «Шу мен долылық» жындылары, терең астарына көп үңілмесек, тым натуральді көрінеді. Ал М.Булгаков «Майталман мен Маргарита» қиялилары (өліарадағы) ақыл-парасат шарттылықтарымен бөлектеу, еректеу. Осы, соңғысы қисынды көңілге жақындау. Біз де соған жақын болдық... (Мұның кей ұшқындары, түсінікті себептермен, кешегі М.Мағауин, Т.Әбдік дүниелерінде де шаң берген). Бұл сән қуу емес. Біз дүние көшінің орта тұсындағы жұртпыз. Ілгеріге талпыныс бар. Биік деңгейге көтерілу көпқырлылық, терең пландар талап етеді. Бәрінің құнар топырағы тағы да, сол, адам жаны... Үшінші кітап – тәубеге жеткен діл бұлқынысы. Өкінішті, кешеуіл әрекет, қиын түйінді шешім. Медеттің қисынға қайшы әрекеттері соның шалығы. Қанша жан талпынысы болса да, сәтті финал бола қоюы неғайбыл жағдай. Медеттің ақыры – соның қисынды финалы...

Романның ұлы жобасы осы. Ал оқырман үшін «мотивация» деген нақтылыққа келсек, «еш жораға келмейтін, бұл жалғанның пәндәсі емес» адамнан (Медет-даратұлға) басқасын ойға алсақ болар еді. Ол – Арал деген гиперсезімі орасан Сүйінтай-қияли ұмтылысы, «Қазке» деген қазақтың айқас өнерін, Арал жұмбақтарына сонша құш­тар Өрен-жас ізденісі, «Қиялистандағы» Атымтай, «Абыржы» толғауы мен неше түрлі теңіз-хикаят төгуші қарт Құл­­жұ­мыр намысы... Медеттің ақыр-тіле­гін­дегі «Құлжұмырды сақтаңдаршы! Өрен­ді қор­ғаңдаршы!» деген тәубеде, сол өлі­арадағы екідай көңілдің өткеннің қазы­насы мен ертеңнің тал­пыныстарына деген оянған үміті мен тілегі бар. «Планетаның парасат жей­десі­нен – әпендінің ақжұлық етігіне ше­йін» (М.Қаназ. «Абыржы» туралы сөз: «Тол­­қынды толғам, терең мұң») үлкен ара­­лықты қамту ауқымды, «абыржы» кезең шындығын Арал фонында айту мақ­сат­ты кітап сөзіне қысқа бір тоқталым осы.

Сан ғасырлардың мыңдаған томдары қай тарихи кезең болсын, адам жаны деген ғарыштың тылсымын ақтарумен келеді. Бұл әлмисақтан – қияметке шейін жалғасатын тірлік. Олардың қасында бір үш кітап немене, тәйірі!..

Әлемде «мотивациясыз» дүниелерді жұрт неге іздеп жүріп оқиды?

Адам жаны – қара Жердің құнары сияқты. Бізде азаттық ашқан керемет құнар бар. Халық жанының құнары. Тек соны адал ниет, алғаусыз көңілде игеру жайы?.. Материалдық дүние ізіне түскендер сол өнерді тез меңгерді. Мына, екі иығын жұлып жеген дүниеде, бұл жетістік-өнерге шүкір деу керек. Тек, соның имани мәнін, ізгі дәнін іздейсің... Адам, қоғамдас жан-дүниесінің дәуір табалдырығындағы бастау-негіздерін іздеген талап көп ығыстауға ұшырады, әлсіздік халінен шыға алар емес. Бір мысал: байлық пен руханият арасына ­барьер, тіпті антогонистік шек қойылған­ға ұқсады. Кедей – байды жек көретін, бай – қиял қуған «жалаңаяқтарға» мұрын шүйіретін жағдай келді. Бұл салауатты, толымды қоғам үшін дұрыс жағдай емес. Екі игіліктің арасында мұндай шекара көтерілуі – нонсенс.

Сондай адам болмысымен біздің аужа­й қордалы... Ол құнар бал да береді, у да береді, не егуіңе, немен қоректендіруіңе байланысты. Адал тыңайтқыш – ризық береді, заһарлы химикат – у беруі мүмкін... Сол құнарға біз не сіңіріп жатырмыз? Әлеуметтік сана халі қалай? Бүгінгі рухани бастауларды жанталасып дерлік іздеулер неге сонша шулы да қайғышыл?.. Қоғам әркімге өбектеген балабақша емес, әрине. Қоғам алдамшы, арзан шоулардың аренасы да емес. Қоғам торлы абақты да емес. Адам жанына шындықтың кеңістік өрісі керек. Адамға ашық, адал адами қатынас, құрмет керек. Сөз, уағыз және шындық – шортан, шаян, аққудың «бірлігіндей» болса, сол жаман. Бүгіннің рухани ізденісінде осының қайғы табы бар. Әрине, бүкіл дүние абсолютті ізгіліктен шекесі шылқып тұр деуге келмейді... Кешегі кеңестік тәрбиенің кей қасиеттері Әбдіровтерді, Нарсұтбайларды... «Медеттерді» тудырып еді. «Біздің тәрбие қазір онан да мықты!» деп уәж айтар біреу; иә, тәрбие бар, бірақ жақауратқан сөз – бөлектеу, көз көріп отырған кейбір нақты өнеге – басқаша. Ал халық, Құдайға шүкір, науқаншыл сөз бен шындықтың, желбуаз ұрандар мен адал ниеттің арасын анық бағамдайтын санаға көтерілген.

Мотивация сыртында мәртебесі биік мораль тұрады. Азат, көркем, бай адам жаны – ізгі қоғам кеніші. Оны аршу, «пісіру» сөз өнерінің, өнерлердің бір міндеті. Туындылардың «танымдық, тәрбиелік, рухани ләззат» миссиясын да жоққа шығаруға болмас...

«Абай» арнасы, «Үркер» атты қазақ көркем сөзінің қатпарларын зерделеу сейісі Ж.Қорғасбек жоғарыдағы сұрақтарды мәндірек мақсатпен қойған болар? Бір қарағанға, қарапайым тәрізді сұрақтар сыртында, бұл дүниені автор қалай тереңірек қаузайды, астарда не ойлар бар? деген жайттарға қозғау салу, яғни «провокация» (жақсы мәнінде) жатқан сияқты. Иә, авторлар өз шығармалары туралы, тылсымға бұқтырылған ақты-қаралы сырларын көп жарып айта бермейді, соның аса бір реті келмесе. Бір жағынан, ол әдепке де қайшы. «Аға, біз мұны түсінбедік қой?» деген әр ауанды оқырман сұрағына, мен кейде, «шырағым, осыны өзім де түсіне алмай жүрмін» деген осағаң-жауаппен (Оспан­хан аға) құтыламын. «Мен түсінбедім, сондықтан бұл дүние жаман екен» деген шалағай қайыру болмаса болды тек.

Ойсыз дүние болмайды. Тек ол не айтқысы келді, қандай ауқымда қамтыды және соны қалай шешті? Мәселе осы қатпарларда.

Бір туынды қалыңынан қозғалған бір сыр жайы осы.

 

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Кеше

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Кеше

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Кеше

Смағұл сапасы

Тұлға • Кеше

Мұстахара

Жәдігер • Кеше

Керек дерек

Digital • Кеше

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Кеше