Қоғам • 13 Ақпан, 2025

Қайтсек кітап оқытамыз?

106 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қашаннан үлкендер кейінгі толқынның іс-әрекетіне сын көзбен қарап, көңілі толмай жүреді. Кітап оқу дәрежесі бұрын қалай болған, ал бүгінгі жастар жаппай кітапқа құмар ма?

Қайтсек кітап оқытамыз?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Соғыстан кейін туған менің замандастарым оқуға құмар болып өсті, қолдарынан кітап түспейтін. Ол кезде кітабы жоқ үй – нағыз кедей, дүние-мүлік, мал-жаны жоқ шаңырақ болып есептелетін. Ата-әжелеріміз кеш қарая батырлар жырын оқытатын. Өздері ертегі-аңыздар айтатын. Дастарқан басында өнегелі, ғибратты әңгімелер бастайтын қайран қазақтың сол бір дана қарияларын қазір сағына еске аламыз. Ұлттық құндылықтарымызды бойымызға сіңіре білді.

Ауылға, мектепке ақын-жазушылар келіп, әңгіме-дүкен құрып, оқырмандар сұрақтарына толымды жауап беретін. Сәкен Жүнісов Ақан сері туралы романын, ал Зейнолла Қабдолов Мұхтар Әуезов жайында жазып жатқан шығармасын майын тамызып айтып бергенін көпке дейін ұмыта алмай жүрдік. Қазір 50-ден асып ел ағасы болғандар сол кеңес дәуірінің тәрбиесін көрген ұрпақ өкілдері. Солардың қолынан ғана кітап көреміз, әдебиетті де оқитындар – солар.

Кеңес одағы күйреді. Тәуелсіз елміз деп бөркімізді аспанға атып, болып-толып жүрдік. Бірақ өте қиын-қыстау күндер туды. Ұжымшар, кеңшар тарады, кәсіпорындар жабылды. Ел айлықсыз, жұмыссыз қалды. Кітапханалар жаппай жабылып жатты, мектептерде от жағылмай оқушылар сырт киіммен дірдектеп отырды. Отбасы, бала-шаға асырау қиынға түсті. Ел сансырап кетті. Әйел біткен қытайдың ала қабын арқалап, жабайы  сауда-саттыққа шығып кетті. Әкелері жұмыс іздеп, үйден безді. Қазақ шаңырағындағы жас балалар әке-шешесіз өздерімен өздері өсті. Баланы не шеше тәрбиелейді, не көше тәрбиелейді. Сол кезеңде жасөспірімдер кітаптан біржола ажырап қалды, сөйтіп, кітап бетін ашпайтын ұрпақ қалыптасты. Бұрынғы кітапқа, ілім-білім деген құштарлық осылай құлдырады. Оқу-білім министрлері жиі ауысып, әрқайсысы реформа жасаймын деп бұрынғы қалыптасқан оқу дәстүрін талқандап, бұзып жатты. Тіпті кейбір министрлер оқу-білім саласынан мүлде хабарсыз, басқа саладан келе сала әбден шатастырды. Қазір сол өткен ғасырдың 80-90-жылдары туғандардың өздері ғана емес, олардың бала-шағалары да кітапқа жуымайтын ұрпақ өсіп келеді. Бұған олар емес – заманы кінәлі.

Енді  қалай, қайтіп кітапқұмарлар қауымдастығын көбейтеміз? Не істеуіміз керек? Кеңес одағы кезінде қазақ жазушы­ларының кітабы 30 мыңнан 100 мыңға дейін таралыммен басылып шығып, тез тарап, сатылып кететін. Қазір мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар бір мыңнан 5 мың шамасында ғана шығады.

Бірлі-жарымы ғана болмаса қазіргі жас­тар кітап оқымайды, көркем әдебиеттің рухани байлық екенін түсінбейді де, тұшынбайды да. Оқушылар мен студенттер кездесуге жиі шақырады, бірақ олар біздің ғана емес, классик жазушыларымыздың қандай кітаптары бар екенінен бейхабар. Тіпті педагогика университетіндегі ертең мұғалім болатын студенттер бірде-бір көркем шығарма оқымайтынын көріп-біліп те жүрміз.

Баланың кітап оқуға құштарлығын оятып, қызықтыратын педагогтер ғой. Тіпті қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің өздері кітап оқымайтынын көріп таңғалатынымыз бар. Мұғалімдер осындай болса, болашағымыз – балалар   қандай болмақ?

Кезінде бір министр мұғалім­дер бас­пасөзге еріксіз жазылмасын, ешбір қо­ғамдық жұмысқа тартылмасын деген ұсыныс енгізген. Ауылдағы білім ошағы – мектеп, ал оның ұжымы газет-журнал оқып, танымын кеңітпесе, қоғамдық жұмысқа араласпаса, олар көптің бірі болып қалмай ма?

Ұстаздардың айлығын көтерді, жақсы өсіріп жатыр. Ал оған олардың білімі лайық па? Олар көркем кітап оқи ма? Тіп­ті қа­зақ тілі мен әдебиетінен сабақ бе­ре­­тін мұғалімдер арасынан кітап бетін аш­пай­тын, бүгінгі әдебиеттің жай-күйін біл­мей­тіндерді көріп жағамызды ұстадық. Олар ба­лаларға қайтіп кітап оқытады, қалай сабақ өткізеді. Мұғалімдерді қандай көркем кітап оқитыны жөнінде аттестация­дан өткізген жөн.

Бас прокурор болып тұрғанда Жақып Асанов қарамағындағыларға қандай кітап оқып  жүргендері жөнінде сынақ-сұрақ өткізгені бар. Прокуратура қызметкерлері қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің кітапта­рын іздеп, сатып алып, жаппай оқуға кіріс­кенін көріп қатты риза болған едік. Бұл бастаманы басқа да құзырлы басшылар іліп әкете ме деп едік, бірақ олай болмады.

Кезінде Сенат депутаты болып жүр­генде Бақытжан Жұмағұлов бастаған сенаторлар қазақтың рухани құндылықтарын қорғау, дамыту және оны іске асыру жө­нін­­де ойлы да салиқалы тамаша бастама кө­терді. Бірақ бұны да ешкім қол­дай қой­мады. Өйткені жоғары жақта отыр­ған­дар­дың көбі қазақша кітап оқымайды, тіпті қа­зақ тілін білмейтін, менсінбейтіндер де бар.

Түркістанда өткен құрылтайда Прези­ден­тіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлеке­тімізді кітап оқитын елге айналдыру ке­рек­­тігін өте көрегендікпен баса айтты. Кітап оқи­тын ұлт – озады, оқымайтын ұлт тозады.

Қазір әлеуметтік желінің құзыреті дендеп еніп бара жатыр. Үлкен-кіші бәрі май­мылға ұқсап, бүкшиіп ұялы телефоннан көз алмайтын айықпас ауруға ұшырады. Онда лас-қоқысқа толы шетелдік жат пиғылдар жастарды улап, басын дуалайтын мәселелер өріп жүр. Ұят, намыс, рух деген қалып, салт-дәстүрімізді ұмыттырып, Батыстың сайтан мінез, сайқал пиғылды бейнекөрсетілімдері қаптап кетті. Бұлай кете берсе, тоқтау болмаса, ұлттық салт-санамызға орай тәртіпке келтірмесе құрдымға кетеміз ғой. Қазір ел кітап оқудан гөрі ұялы телефондағыны көруге құштар.

Не істеуіміз керек?

Кейбір мемлекеттер әлеуметтік желіні жастар, оқушы-студенттер тәулігіне бірер сағат қана көруге рұқсат беретін талап қойды. Бұл өте орынды, көптің тілегі ғой. Бізде де балаларды ұялы телефоннан алшақтату жөнінде тиянақты іс атқарылуы керек-ақ. Бұл істе әр ата-ана баласының тәрбиесіне көңіл бөліп, кітап оқуын қадағалап, құштарлығын ояту қажет.

Сөз маржанын терген жазушылардың ғажайып әлемге апарып, ой-санаңызды дамытатын туындыларын оқу қандай ғажап! Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Қуандық Түмен­бай секілді озық ойлы талантты жа­зушы­лардың кітаптарын оқу бір ғанибет! Құ­нар­лы тілі қандай, орамды ойы қандай!

Білім бесігі – балабақша, мектепте. Осы жерде кітапқа сүйіспеншілікті арттырмаса есейген соң өте қиын болады.

Бүгінгі ең маңызды нәрсе – ана тілімізді құрметтеу, сақтап қалу. Тіл түзелмей,  ел түзелмейді. Кітап оқуға ынталандыруды арттыру жөнінде кең көлемді жоба жасалып, жүзеге асырылуы керек-ақ.

Сіз кітап оқып жүрсіз бе?

 

Нағашыбек Қапалбекұлы,

жазушы

Соңғы жаңалықтар

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Кеше

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Кеше

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Кеше

Смағұл сапасы

Тұлға • Кеше

Мұстахара

Жәдігер • Кеше

Керек дерек

Digital • Кеше

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Кеше