
«Біздің басты мақсатымыз – жаңа идеяларды жүзеге асыру және сол арқылы әлемді өзгерту» деп бір тоқтады да, әрі қарай ойлануға жетелейтін тың ойларымен бөлісті. «Мен қалай адамзатқа қызмет ете аламын деген ең маңызды сұраққа жауап іздедім. Кейде технологияны әсіре пайдалану біздің арамызды алыстатады. Технология жақсы іс істеуге ыңғайлы. Бірақ оның олай істегісі келмейді. Оған ештеңе де керек емес. Міне, ол біздің құндылығымызды, махаббатымызды, сенімімізді, тағдырымызды, отбасы, көрші-қолаң туралы көзқарасымызды, сезімімізді бізден алыстатып жатыр». Тим Куктің бұл айтқанын одан бұрын талай тұлға айтып, жазған шығар. Бірақ оның дәл осы мәселе туралы болашақ технократтардың алдында айтуы көңілге қонарлық іс. Шындығында қазір адамзатты ойландыратын тақырыптың бірі – технологиямен байланысымыз болмақ.
Ең маңызды ойын ол былай жеткізеді. «Мен жасанды интеллект компьютерлерге адам болып ойланатын қасиет бере алады дегенге сенбеймін. Керісінше, мен компьютер болып ойланатын адамдардың пайда болатынына алаңдаймын». Сөзінің тоқетерін осылай жеткізген оның бұл ойын болашақ компьютер-адамдардың құндылықтан ада, жанашырлықтан жұрдай, сенім мен сезімсіз өсетінін айтып, бәрімізді сақтандырғаны деп білгеніміз дұрыс. Ал мен осы сәтте Мұхтар Шаханов туралы ойладым. Ақын бұл мәселені осыдан 20 жыл бұрын «Өркениеттің адасуы» атты өлеңмен жазылған романында көтерген еді. Ал сіз М.Шахановтың білгірлігіне, адамзаттық мәселелерге алдымен ой жүгірткен азамат екеніне сенбей көріңіз. Қазақтың қара өлеңімен жазылып, бүкіл әлемге таралған, тіпті 50-ден астам тілге аударылған бұл шығарманың өзекті ойын араға 20 жыл салып алпауыт «Apple» компаниясының бас директоры Тим Кук айтып тұрса, неге таңғалмасқа?
Қазіргі заман – технология мен цифрлық жаңалықтардың дәуірі. Бірақ осы жетістіктер адамзаттың рухани әлеміне қалай әсер етуде? Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов бұл сұраққа «Компьютербасты жарты адамдар» шығармасы арқылы жауап береді. Бұл туынды – адамзаттың шынайы құндылықтардан алшақтап, компьютерленген қоғамға айналып бара жатқаны туралы философиялық ой-толғау.
Шаханов бұл шығармасында қазіргі өркениеттің адамдарды жансыз машиналарға ұқсатып бара жатқанын сынға алады. Ол технологиялық даму рухани құндылықтарды, адамгершілікті, сезімді, махаббат пен шынайылықты әлсіретіп жатыр деген ойды алға тартады.
«Мейлі, мейлі екі ұлымды қақса да уақыт арқадан,
Нағыз ұлым біреу ғана, ана екеуі жарты адам!
Иә, бізді қайда апармақ мына заман ақпалы?
Ұлан-байтақ жерімізді жарты адамдар қаптады.
Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар,
Жарты бастық, жарты ұстаздар, жарты қыздар,
жарты ұлдар».
Рас қой, жарты адамдардың жарыққа шығуы жансыздық пен жалғандықты, жағымпаздық пен жаттықты өмірге бірге ала келді. Адамзат тарихында техника мен ғылымның дамуы қоғамның ілгерілеуіне ықпал етті. Бірақ ақын осы шығармасында адамдардың технологияға тым тәуелді болып бара жатқанына алаңдайды. Ол компьютерлер мен гаджеттерге байланып қалған адамдардың сезімсіз, салқынқанды, рухани жағынан әлсіз болып бара жатқанын жеріне жеткізе айтады. «Компьютербасты жарты адамдар» – тек технологиялық жетістіктер туралы емес, адамзаттың адами қасиеттерін жоғалтуы туралы шығарма. Бүгінгі таңда көп адам эмоцияны экран арқылы білдіреді, достық пен махаббат виртуалды әлемге көшіп, тірі қарым-қатынас азайып барады. Бұл – адам болмысының өзгеріске ұшырауының белгісі.
Шаханов шығармасында қазақ қоғамындағы құндылықтардың да өзгеріп бара жатқанына тоқталады. Бүгінгі жастардың басым бөлігі ұялы телефон, әлеуметтік желілер мен компьютерлік ойындарға тәуелді. Осының салдарынан олар ұлттық мәдениет, ана тілі, салт-дәстүр сияқты рухани байлықтардан алыстап барады.
Шахановтың бұл еңбегі технологияның адам санасына тигізетін кері әсерін түсінуге көмектеседі. Шығарма оқырманды өзіне сұрақ қоюға мәжбүр етеді: «Біз кімбіз – шынайы адамдар ма, әлде компьютер басты жарты адамдар ма?», немесе «Біз техникаға қызмет етіп жүрміз бе, әлде техника бізге қызмет ете ме?». Сонымен бірге «Біз адами құндылықтарды сақтап қала аламыз ба?» деген ұлы сұрақтар ойлануға жетелейді. Шаханов шығармасының соңын «Үнсіз жата береміз бе?» деген сұрақпен аяқтайды. Бұның өзі де жігерлендіру болмақ.
Шығарма адамзатты өз болмысына үңіліп, өз сана-сезімімен жұмыс істеуге, соны ұрпақтар санасына сіңіруге шақырады. Автор технологияны толығымен жоққа шығармайды, бірақ оның адамдық құндылықтарды жойып жіберуіне қарсы күресуге үндейді. Жарыққа шыққаннан кейін бұл шығарма тек қазақ оқырманы үшін емес, бүкіл адамзатқа арналған ескерту екенін дәлелдей алды. Ол технология мен руханияттың арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын айтқысы келді, айта алды да.
Сол үшін бұны қазіргі жаһандану дәуіріндегі адамзаттың рухани құндылықтардан алыстауы туралы философиялық толғау деп баға берген дұрыс. Меніңше, «Компьютербасты жарты адамдар» терминін алғаш айналымға енгізген де Мұхтар Шаханов екені даусыз. Бұл шығарма – рухани жұтаңдық, жаһанданудың теріс әсері және ұлттық сана мәселелерінің күйреуінің қағаздағы көрінісі.
Қалай десек те, қазіргі өркениет техникалық жетістікке басымдық беріп келеді. Ал мұны дана көкірек ақын ерте сезіп, елін, жерін, жұмыр жер мен аспан астындағы адамзатты жан дүниемізді байытатын әдебиет, өнер, тіл және ұлттық мәдениетті елеусіз қалдырмауға біріктіргісі келді. Бұл шығарма әрбір оқырманды өз болашағы туралы ойлануға, рухани байлықты сақтауға және ұлттық құндылықтарды қорғауға үндейді. Сол себепті «Өркениеттің адасуы» – заманның шынайы диагнозын қойған, өзектілігін ешқашан жоғалтпайтын туынды.
Мұхтар Шахановтың бұл шығармасына әлемдік деңгейдегі көптеген ғалым мен зиялы қауым жылы пікір білдіргені шындық. «Рухани байлықты мойындамай, тек қана жалаң білімге ден қойған қазіргі «Компьютербасты жарты адамдардың» пайда болуы туралы Шаханов тұжырымдамасы бізді, жапондықтарды қайран қалдырды. Мен оның осындай тегеурінді перзент тудыра алғанымен құттықтағым келеді» дейді Жапонияның Сока Гаккай университетінің құрметті президенті, профессор Дайсау Икеда.
Енді біз адам мен машинаның арасындағы шекараны қалай сақтаумыз керек деген сұрақ туралы жиі ойланатын боламыз. Соңғы онжылдықта «киборг» ұғымы фантастикадан шынайы өмірге тез ене бастады. Қазір денесіне түрлі электрондық құрылғыларды, чиптер мен протездерді орнатқан адамдарды жиі көреміз. Яғни оларға машина дем беріп, жүрек қағысы ретінде жұмыс істеп тұр. Болашақта адам мен машинаның қосындысынан жаралған, яғни Шахановша айтқанда «Компьютербасты жарты адамдармен» дос болып, бірге жұмыс істеп, бірге тойға баратын да шығармыз. Технология билік жүргізген дәуір ұзаққа созыла берсе, оның ауылы да алыс емес. Енді бізге ғалымдарымызды, руханият саласындағы алғадай азаматтарды «адам мен машинаның арақатынасы қай деңгейде болуы керек?» деген сұраққа жауап іздеу жауапкершілігі жүктеле бермек. Технологияның дамуы бұл сұрақтарға өзінің нақты жауабын беретін уақытқа таяп келеді. «Компьютербасты жарты адамдар» – енді тек ғылыми фантастика мен Шахановтың шығармасында ғана емес, қазіргі шындықтың бір бөлігіне айналып үлгерді.
Өткенде бір блогер сұхбатында «Шоқан Уәлиханов қазір өмірге келсе, мықтаса саяхатшы блогер болар еді», деп қарап отыр. Ал оның сөзін қостаған екінші біреу «Қорғастан өтіп Қытаймен сауда жасар еді» дейді. Бұл шикі таным мен керексіз көзқарасты Мұхтар Шаханов естіді ме, білмеймін. Егер естісе, «Міне, компьютербасты жарты адамдар» деп көрсетер еді. Демек, біздің қоғамда ұлттық сана-сезімінен айырылған, компьютерше ойланып, сол сияқты толғанатын Шахановтың кейіпкерлері көбейіп барады. Олар біздің айналамызда жүргенін де байқаймыз.
Оксфорд университетінің ғалымдары 2030 жылға қарай ЖИ-дің автоматтандырылуы салдарынан көптеген мамандық жоғалып кетуі мүмкін деп болжайды. Ал бақылау мен жеке өмірдің бұзылуы да болашақта біздің үлкен мәселеміз болуы әбден мүмкін. Болашақта адамдар миына нейро-чиптер орнатып, супер-интеллектіге айналады. Сондықтан ЖИ-ді қалай дамытатынымыз – біздің қолымызда. Егер біз оны дұрыс бағытта басқарсақ, ол адамзаттың дамуына үлкен үлес қоса алады. Бірақ оны бақылаусыз қалдырсақ, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан ЖИ-ді реттеу, этикалық стандарттар орнату, оның дамуын қадағалау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. «Жасанды интеллект – ядролық қарудан да қауіпті болуы мүмкін», – деп ғалымдар ескертіп жатыр. Ал бұған құлақ асар жан болса, қане.