
Отырыста сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өткен жылды қорытындылап, білім жүйесінің сапасын одан әрі арттырудың басым бағыттарына тоқталды. «Білім беру тәрбиемен тығыз байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық білім беру ұйымында өскелең ұрпақтың бойына құндылықтар жүйесін қалыптастыруға және нығайтуға бағытталған алты негізгі жобаны қамтитын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бұл жұмыстың тиімділігі көп жағдайда сынып жетекшілеріне байланысты. Сондықтан оны мол тәжірибесі бар білікті ұстаздардың орындауы маңызды. Тәрбие бағдарламасының тұжырымдамалық негіздерін ескере отырып, педагогтердің сынып жетекшілігіне деген көзқарасын түбегейлі қайта қарау керек. Елімізде білім сапасын бағалаудың өзіндік ұлттық жүйесі қалыптасты. Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жасаудың отандық бағалау құралы RCEC сараптама және сертификаттау ғылыми зерттеу орталығында халықаралық деңгейде танылды, осылайша Қазақстан Орталық Азиядағы білім беру сапасын бағалау жүйесі бойынша аккредиттеуден өткен жалғыз елге айналды», деді ол.
Спикердің сөзіне қарағанда, министрлік педагогтің үздіксіз кәсіби даму үдерісі ретінде біліктілікті арттыру парадигмасын қайта қарады. Барлық рәсім «Ұстаз» ұлттық платформасында жүзеге асырылады, жүйе автоматтандырылған. Биыл алғаш рет платформада 88 мыңнан аса модератор мен сарапшыны аттестаттаудан өткізу жоспарланып отыр.
«Былтыр бірден екі педагог «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие болды. Бұл – педагогтеріміздің еңбегіне Президент тарапынан берілген жоғары баға мен құрмет, артылған зор сенім. Десе де алаңдатарлық ахуал да жоқ емес, «Педагог мәртебесі туралы» заңын бұзу фактілері анықталды. Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер заң бұзушылықтардың 120 жағдайын тіркеді. Атап айтқанда, Семей қаласында мұғалімдерді тиесілі емес функцияларға тарту соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтырды. Өңірлердің басшылығын заңды қатаң сақтау үшін барлық қажетті шараны қабылдауға шақырамын», деді Ғ.Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, елімізде 7 мыңнан аса мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. 2023 жылдан бастап жаңа форматтағы басқарушыларды даярлау үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылып жатыр. Қазірдің өзінде республикалық кадр резервіне 583 кандидат алынған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің басты міндеті болып қала береді. 2024 жылы заңға кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін және отбасын қолдауға бағытталған түзетулер енгізілді. Сондай-ақ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілеттіктері кеңейтілді. Биылғы қаңтар айында БҰҰ-да Қазақстанның осы саладағы реформалары жоғары бағаға ие болды.
«Біз инклюзивті және арнайы білім беруді дамытуды жалғастырамыз. Биыл психологиялық-педагогикалық қолдауға 100% қолжетімділікті қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. «Бөбек» ұлттық ғылыми практикалық орталығы мен Ұлттық инклюзивті білім беру орталығын трансформациялау басталды. Қазан айында Қазақстан алғаш рет Инклюзия бойынша дүниежүзілік конгресті қабылдайды. Білім беру сапасындағы алшақтықты азайту үшін қалалық және ауылдық мектептер арасында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы іске асырылады. Бұл материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға, жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз етуге және оқыту сапасын арттыруға бағытталған. 2024 жыл білім беру инфрақұрылымы үшін маңызды кезең болды. Тәуелсіздік тарихында алғаш рет мектептердің рекордтық саны салынды. 2023 жылы 165 мектеп қолданысқа берілді. Өткен жылы 257 мектеп бой көтерді, оның 105-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Оларды тиімді басқару үшін министрлік бірыңғай жүйе әзірледі», деді министр.
Ғ.Бейсембаевтың баяндауынша, үдерістерді цифрландыру және автоматтандыру қазіргі білім беру ортасының маңызды бөлігі саналады. Министрлік «Smart оқу ағарту» жобасын іске қосты. Бұл цифрлық білім берудің бірыңғай экожүйесін құрып, оқытудың сапасын арттырады, оқыту үдерістерінің барлық қатысушысына білім беру ресурстары мен қызметтеріне жеңіл қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Starlink» терминалдарын енгізу есебінен сапалы интернет тартылған мектептердің үлесі 2022 жылғы 19%-дан 2024 жылы 95%-ға дейін, яғни 3 есеге ұлғайды.
Сондай-ақ алқа отырысында ғалымдар, педагогтер, ата-аналар, сараптамалық және бизнес-қоғамдастық өкілдері сөз сөйледі. Олардың қатарында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауымбай Қарамбаев, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар және т.б. бар.
Айдана КЕМЕЛБЕК