Цифрлық үрдістер алға шыққан кезеңде сондағы сервистерді ұдайы қолданатын халықтың дебес деректерінің қорғалуы әр мемлекет қауіпсіздігінің алғышартына айналды. Аталған мәселе кейінгі жылдары жүйелі көтеріліп, Парламентте де талқы таразысына түсті. Келелі мәселенің келісімді шешілуі үшін депутат Екатерина Смышляева Парламент мінберінде бірнеше рет азаматтардың дербес деректерін қорғау туралы дабыл қаққан еді. Қоғам мен депутаттың көтерген сауалы жаңа Конституцияда шешімін тауып отыр. Мәжіліс депутаты алғаш рет Конституциялық деңгейге көтерілген дербес деректерді қорғау туралы норма арқылы мемлекеттің жауапкершілігі күшейе түсетінін баса айтты.
«Егер мемлекет цифрлық ел құрып, платформалық шешімдер, интеграцияланған деректер базалары және сервистік өзара іс-қимыл модельдерін енгізіп отырса, онда ол тек қызметтердің қолжетімділігі мен жылдамдығын қамтамасыз етумен шектелмеуі тиіс. Сонымен қатар азаматтардың деректерін өңдеу барысында қауіпсіздік, заңдылық, пропорционалдық және ашықтық қағидаттарына толық кепілдік беруге міндетті», деді Екатерина Смышляева.

Елімізде ұзақ уақыт бойы цифрлық трансформация тек технологиялық үдеріс ретінде қарастырылды. Алайда құқықтық кепілдіксіз жүзеге асатын цифрландыру жаңа кедергілерге ұшыратып, қоғамның цифрлық трансформацияға күдігін күшейту ықтималдығын арттырды. Сондықтан Екатерина Смышляева жаңа Ата заңда дербес деректерді теріс пиғылда таратқандарды жауапкершілікке тарту мәселесі де қатаңдатылатынын атап өтті.
Жаңа Конституциядағы басты жаңашылдықтар
«Қазіргі таңда жеке деректерге қатысты құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларын күшейту мәселесі талқыланып жатыр. Бұл талаптар, сірә, қатаңдай түседі. Дегенмен, барлық шешім ақылға қонымды шекте әрі нақты есептерге негізделуі тиіс. Өйткені бүгінде кез келген кәсіпкер өз қызметінде белгілі бір деңгейде жеке деректермен жұмыс істейді. Осыған байланысты дифференцияланған тәсіл қарастырылып жатыр: мысалы, бір миллионнан астам деректер жинайтын ірі операторларға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар жаппай деректерді жүктеп алуға шектеулер енгізу, жеке деректерді қорғау талаптарын нақты белгілеу секілді шаралар қарастырылып жатыр», деді Мәжіліс депутаты.
Бұдан бөлек, деректерді жинау процесін барынша азайту мәселесі де күн тәртібіне шыққан.
Мемлекет басшысы: Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды
«Жауапкершіліктің артуы операторларды қандай деректердің шынымен қажет екенін саралап, артық мәліметтерден бас тартуға итермелейді. Сондай-ақ деректерді өңдеу мақсаттары да шектеледі. Бүгінде жиналған ақпарат келісімде көрсетілгеннен тыс мақсатта да қолданылып жатыр. Ал бұл мәселе жиі ескерусіз қалып қоюда. Заңнамалық жұмыспен қатар, Конституциялық норма сот және құқық қолдану практикасына да бағыт-бағдар береді. Сот органдары, уәкілетті мекемелер және нормативтік актілерді әзірлеушілер кез келген цифрлық шешімді, ең алдымен адам құқы тұрғысынан бағалауы тиіс», деп түсіндірді депутат.
Депутаттың айтуынша, біз цифрлық сервистерді қаншалықты дамытып, жасанды интеллект элементтерін кеңінен қолдансақ та, егер азамат өз деректерінің қорғалғанына көз жеткізбесе жүйеге сенім артпайды. Ал халық сенімінсіз толыққанды цифрлық трансформация жасау мүмкін емес.
Ғылым, білім және Конституция: Қазақстанның жаңа бағытының үш тірегі
«Дербес деректерді қорғау нормаларын жаңа Конституцияға енгізу – біздің цифрлық құқықтарды жеке тұлғаның конституциялық мәртебесінің ажырамас бөлігі ретінде қабылдай бастағанымызды көрсетеді. Бұл, әсіресе, Қазақстан үшін маңызды. Себебі еліміз цифрлық мемлекет құру жолында белсенді жұмыс істеп, цифрлық даму саласында көшбасшылыққа ұмтылып отыр. Мұндай көшбасшылық тек қызметтердің санымен немесе автоматтандыру деңгейімен ғана емес, құқықтық кепілдіктердің сапасымен де өлшенуі тиіс. Жеке деректерді қорғау технологиялық дамуға кедергі емес. Құқықтық кепілдіктер неғұрлым мықты болса азаматтардың жаңашылдыққа сенімі соғұрлым жоғары болады. Ал бұл өз кезегінде бүкіл цифрлық жүйенің беріктігін қамтамасыз етеді», деді Е.Смышляева.
Қорыта айтсақ, жаңа Конституциялық нормалардың негізгі мәні – цифрлық трансформацияның өзегіне адамды, оның қауіпсіздігін алдыңғы орынға шығаруында екені сөзсіз. Аталған норма – жаңа Конституцияның ең маңызды құқықтық нәтижелерінің бірі екені анық.