
ҚТЖ кеңсесін аралау барысында Грузия Премьер-министрі «Бірыңғай цифрлық терезе» қосымшасының және теміржол көлігіндегі «ақылды» жүйенің жұмысымен танысты. Бұл инновациялық шешімдер рәсімдерді жеңілдетуге, жүк тасымалдау уақытын қысқартуға және теміржол логистикасы саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Грузия темір жолы» АҚ арасында екі елдің транзиттік ағындары мен экономикасын жандандыруға ықпал ететін серіктестік орнаған. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағытының мультимодальды қызметін дамыту мақсатында құрылған «Middle Corridor Multimodal Ltd.» бірлескен кәсіпорны аясында ынтымақтастық орнатылды.
Тараптар порттар мен терминалдардың әлеуетін аша отырып, қолда бар көлік-логистикалық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы жүк тасымалы көлемін арттыру жұмысын жандандыру ниетін растады.
2024 жылы Қазақстаннан Грузияға экспорт 34%-ға, еліміз арқылы транзит 2023 жылмен салыстырғанда 40%-ға өсті. 2024 жылы екі ел арасындағы тасымалдау көлемі 4,7 млн тонна болды. Жалпы, кейінгі 4 жылда Қазақстан – Грузия бағыты бойынша жүк тасымалы 9 есеге, ТХКБ бойынша 6 есеге өсті.