
Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен көрменің ашылу салтанатына Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев, Ленинград қоршауында болған азаматтар, Қарулы күштердің ардагерлері, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж кадеттері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Көрмеге келушілерге Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың фотосуреттері, Ленинград аумағындағы шайқас орындарынан табылған снаряд қалдықтары, жауынгерлердің құжаттары мен жеке заттары сынды жәдігерлер көрсетілді.
– Ленинградты жауға бермеу үшін оны ерлікпен қорғаған жылдар Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында ерекше орын алады. Қала үшін шайқас 900 күнге созылды, ол шайқастарда жауынгерлер ғана емес, көптеген бейбіт тұрғын да қаза тапты. Біздің еліміз де Нева өзенінің жағасында орналасқан қаланы азат етуге елеулі үлес қосты. Атап айтқанда, біздің елде құрылған әскери бөлімдердің үштен бірі шайқасқа қатысты. Олардың ішінде 310 және 314-атқыштар дивизиясы да бар, – деді генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.
Сондай-ақ министр орынбасары іс-шара барысында мерген Сәрсембай Рүстембековтің, бөлімше командирі Жолдас Арықбаевтың, пулеметші аға лейтенант Тастақ Назаровтың, қатардағы жауынгер Илгиз Тасбаевтың, аға сержанттар Иван Гуз бен Шанхан Қосоевтың соғыста көрсеткен ерліктерін ерекше атап өтті.
Кеңес әскерінің Ленинградта көрсеткен ерлігін ұлы ақын Жамбыл Жабаев өз шығармаларында жырлағанын бәріміз білеміз. Оның «Ленинградтық өренім» атты өлеңін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарулы күштер Орталық ансамблінің солисі Нұрлан Нұртазин оқыды.
Нұрдәулет КӘРІБАЙ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенті