
Астанадағы Өнер университетінде көп сала бойынша маман даярланады. Білім ордасының осы ерекшелігін ескере отырып, фольклортанушы жаңа монографиясын пәнаралық байланысқа арнап жазған. Зерттеуде бейнелеу өнері, театр және кино туындыларындағы фольклорлық сюжеттер мен түсініктердің қолданысы талданған.
Зерттеу жұмысы университеттің Ғылыми кеңесінде талқыланып, толықтай мақұлданған. Жаңа зерттеуді таныстыруға арналған іс-шараны университет ректорының міндетін атқарушы, өнертану кандидаты, профессор Р.Нұртаза ашып, автордың ғылымдағы жолын атап өтті. Таныстырылым барысында өнертану кандидаты, ЖАК қауымдастырылған профессоры, Қазақ ұлттық өнер университеті, өнертану кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Мұқышева, өнертану кандидаты, ҚазҰӨУ профессоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі А.Асылбекова, көркемөнер факультетінің деканы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі А.Смағұлов, өнертану кафедрасының доценті, PhD, театртанушы Н.Ескендіров және кітапхана басшысы Ғ.Бөкей пікірлерін ортаға салды.
Кинотанушы Н.Мұқышева жаңа еңбектің құндылығы – пәнаралық байланысқа құрылғанына, қазақ фильмдерімен қатар фольклорға қатысы бар шетелдік туындылар да ғылыми талдауға алынғанына, сонымен бірге өнер саласы бойынша білім беретін оқу орындарына қажет екеніне баса назар аударды.
Ал Суретшілер одағының мүшесі А.Асылбекова: – «Автор зерттеу жұмысында кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер салаларын ескеріп, қазақ бейнелеу өнеріне еңбек сіңірген аға буын өкілдерінен бастап қазіргі замандағы суретшілердің еңбектеріндегі фольклормен байланысты қамтыған. Сол сияқты автор Ежелгі Грекия, Рим, Батыс, Шығыс фольклоры мен мифологиясындағы образдар мен символдардан мысалдар келтіре отырып, көптеген шетелдік және отандық фольклортанушы, өнертанушы ғалымдардың еңбектерін зерттеп, олардың ой-пікірлерін де алға тарту арқылы салыстыра-салғастырып, оқырманын қызықтыратыны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, зерттеу жұмысынан көп құнды мағлұмат алуға болады», – деді.
Суретші А.Смағұлов: – «Қазақ фольклоры еліміздің қай өңірінде болсын, өзіндік нұсқасы қалыптасқан неше ғасырлық тарихы бар бағыттары ауқымды өнер салаларынан құралған. Сол бағыттардың бірі – бейнелеу өнері. Ежелгі тас дәуірінен саралап қарайтын болсақ, тас беттеріне бедерленіп салынған графикалық суреттердің жоғары деңгейде орындалғанын көре аламыз, киіз үй, оның жабдықтары, қару-жарақ, зергерлік өнер, ағашты өңдеу, ат-әбзел саймандары, құлпытастар, тағы да көптеген жәдігерлер оған куә. Риза Тасқынғалиқызының осындай үлкен еңбегі салт-дәстүрімізді ұлықтап, фольклорымызды кәсіби деңгейде көрсетуіміздің бір жолын көрсеткендей сезімде болдым. Осы бастама халық өнері мен бейнелеу өнеріндегі ұштастықты қаймағын бұзбай, болашағымызға жеткізіп, ұлттық деңгейде қалыптасады деп ойлаймын. Бұл монография өнер оқу орындарының студенттері мен магистранттарына, жалпы оқырманға беретін мәліметтері мол еңбек екеніне қуаныштымын, – деді.
Театртанушы Н.Ескендіров әріптестерінің пікірлерін қолдай отырып: «Өнердің барлық саласының түп тамыры фольклорда, соңғы кезде кейбір режиссерлер еркіндік екен деп, халықтық мұраны өрескел бұзушылық орын алып жатқанын зерттеуші орынды көрсете білген», деп, еңбекте өнер тарихына қатысты көп мағлұмат барын, талдаулардың жан-жақтылығы және фольклорлық негізді оқытуда қажетті еңбек екенін айтты.
Пікір білдірушілер «Фольклор мен кәсіби өнердің сабақтастығы» атты монографияны білім беру үдерісіне енгізу қажеттігін бірауыздан қолдады.
Бұл іс-шараға тек оқытушылар ғана емес, студенттер, магистранттар, докторанттар да қатысып, автордың оларға жаңа еңбегін сыйға тартуы тосын сый болды.
Кітапхана қызметкерлері зерттеушінің ғылымдағы еңбектерінен көрме ұйымдастырды.
Ақмарал БАЙҚУАТОВА,
К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері