Қоғам • 05 Ақпан, 2025

Депутат Елнұр Бейсенбаев жұмыссыздық мәселесін қозғады

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев еліміздегі өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – жұмыссыздықты көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат Елнұр Бейсенбаев жұмыссыздық мәселесін қозғады

Мемлекет басшысының халықтың жұмыспен қамтылуын және табысын сақтауды басты басымдық ретінде бірнеше рет атап өткеніне назар аударған Е.Бейсенбаевтың айтуынша аталған басымдықты іске асыруға жауапты министрліктердің қазіргі әрекеттері үлкен сұрақтар тудырады.

«Себебі соңғы 15 жыл ішінде жұмыссыздықтың нақты деңгейі әдейі төмендетіліп, 4-5% деңгейінде сақталып отыр деген түсінік қалыптасты. Үкімет бұл көрсеткішті қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастады. Нәтижесінде, еңбек нарығындағы нақты көрініс бұрмаланып, халықты жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімсіздігіне әкеліп отыр», деді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, Үкімет бұл мәселені кешенді түрде шешудің орнына, күш-жігерін уақытша жұмыс орындарын құруға бағыттап жатыр.

Дамыған Еуропада, атап айтқанда, Финляндия, Франция, Италия, Испания елдерінде жұмыссыздық деңгейі орта есеппен 7%-дан 12%-ға дейін жетеді. Аталған елдерде жұмыссыздық статистикасы объективті өлшемдерге негізделсе, бізде бұл көрсеткіш мүлдем басқаша есептеледі.

«Менің ойымша, бұл сандар арасындағы айырмашылық еліміздегі ресми статистиканы есептеу әдістемесінің дұрыс еместігінен туындап отыр. Жұмыспен қамтылғандар қатарына маусымдық жұмысшылар, қоғамдық жұмыстарға уақытша тартылғандар, сондай-ақ тұрақты табысы жоқ 2 миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар енгізіледі», деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутаттың айтуынша, тәуелсіз сарапшылардың есебі бойынша, еліміздегі нақты жұмыссыздық деңгейі әлдеқайда жоғары – кемінде 12%, бұл шамамен миллион адамға тең. Сондай-ақ ол жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің 40%-ы алғашқы жылы жұмыс таба алмайтынын, ал 60%-ы өз мамандығы бойынша еңбек етпейтінін атап өтті.

Сонымен қоса, ол депутаттық сауалында еңбекақының едәуір бөлігі «көлеңкеде» қалып отырғанын, бұл зейнетақы аударымдары мен медициналық қамтамасыз ету жүйесіне кері әсер ететінін атап, бүгінде 1 миллионнан астам азаматтың зейнетақы жинағы жоқ екенін, ал 3,5 миллион адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарна аудармайтынын айтты.

«Неліктен әлі күнге дейін 3 миллионнан астам Қазақстан азаматтары әлеуметтік қорғау жүйесінен тыс қалып отыр? Олар мемлекеттік органдардың есебінде жоқ, тұрақты табысы болмай, кездейсоқ табыс көздеріне сүйеніп өмір сүреді. Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың төрттен бірін құрайды», деді депутат.

Оның пікірінше, еңбек нарығындағы осындай бұрмаланған жағдай халықты жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімсіздігіне әкеліп отыр.

«Ұзақ мерзімді және тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасап, лайықты табыс деңгейін қамтамасыз ететін кешенді стратегия әзірлеу керек. Халықтың жұмыспен қамтылу жағдайын шынайы көрсететін нақты деректерді жинау мен талдаудың тиімді әдістері қажет.  МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,5 миллион адамды, зейнетақы жарнасы жоқ 1 миллион азаматты, 2 миллион өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамды және шамамен 400 мың «NEET» санатындағы жастарды заңды еңбек нарығына шығару үшін жүйелі шаралар қабылдау маңызды», деп  түйіндеді ол депутаттық сауалын.