
Суретті түсірген – Тимур Батыршин
Десек те бұл тұжырымдарға толықтырулар жасау қажет. «Бұрын ба, кейін бе» деген сұраққа: «Алдымен болған оқиға туралы ақпарат тарату, сонан кейін фольклор», деп жауап беруге болады. Академик, фольклортанушы Сейіт Қасқабасов: «Әрбір жаңадан туған жанр өзінен бұрынғыға негізделеді...»; «Аңыз жанры тарихи шындық, тарих негізінде қалыптасады... Аңызда айтылатын хабар, оқиға еш күмән туғызбайды, өйткені оның түп негізі – тарихи шындық». «Аңыз осы оқиға дәуіріне жақынырақ болады...», дейді «Ойөріс» кітабында. Аңыз негізі тарихта болған шын оқиғадан құралады екен. Және сол дәуірге уақыт жағынан ең жақыны. Ал онда ол оқиға аңыз болып қалыптасқанға дейін қандай үлгіде таралды? Әлбетте, алдымен хабар түрінде тарады. Сондықтан да аңыздың өзегінде қоғамдық санаға қозғау салатын хабар жанры да, оқиғат (оқиға туралы ақпарат) жанры да кездесетіні заңдылық. Мұхтар Мағауиннің «Алтын Орда» кітабында мынадай сөйлем бар: «...одан бергі әлей оқиғалардың хабары жетпеген»; немесе «...қалған екі елшінің сақалын күзеп қорлап, бар зілімен кері қайтарады. Есіркегеннен емес, хабаршылық үшін» (Мұхтар Мағауин. Алтын Орда. Magauin Publishing. Алматы, 2024. 12-13-б.). Алғашқысындағы «хабары жетпеген» деген тіркестің астарын ашып көрсең, «болған оқиға туралы мағлұматы бар ақпарат берілмеген» деген мазмұн шығады. Демек болған оқиға туралы алғашқы айтылған ақпараттың жиынтығын қазақтар «хабар» деген. Ал хабарды жеткізушіні «хабаршы» деген. Бұл хабаршы, яғни «ақпарат жеткізуші» деген мағынадағы атау ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінде де болды. Мысалы, Қапез Байғабылұлы «Тілші» газетінің жергілікті жердегі хабаршысы болған. Сонымен бірге оқиғаны көзімен көрген адам болған оқиға туралы толығырақ ақпарат айтады. Оны біз «оқиғат» дейміз. Оқиғатта ақпарат хабарға қарағанда молырақ болады. Уақыт өте келе болған оқиға туралы ауызекі әңгімелер тарайды. Ауызекі әңгімеде оқиға ақпараттарының нақтылығы азайып, шындығы көмескілене бастайды да, өткен шақпен айтады. Себебі мен салдарына көбірек назар аударылады. Бір ұрпақтан екінші ұрпаққа ауыса келе деректердің нақтылығы мен анықтығы әлсіреп, аңызға айналады.
Әсілі, фольклор белгілі бір тарихи шындықтың негізінде өмірге келеді. Ал қоғамдық санаға қозғау салу үшін айтылған сөздің міндеті – осы күнгі болып жатқан оқиғалардан ақпарат беріп, әлеуметке осы күннің өзекті мәселелерін айту, әрекетке бастамашы болу. Бұл да уақыт өте келе ескіреді. Кейінгіге қажеті болмай да қалады. Оның елесін фольклор аңыз түрінде кейінгіге жеткізеді. Демек фольклордан бұрын қоғамдық санаға қозғау салу жанрлары хабар, оқиғат өмірге келеді екен.
Заманхат па, замансөз бе?
«Замансөз» терминінің ақпарат құралдарында айтылып, оқу бағдарламаларында қолданылып келе жатқанына әжептәуір уақыт болды. «Заманхат» деген термин Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» бар. Ғалым заманхат туралы жазғаны:
а) «Заманхат біреудің заманында болған тарихи уақиғадан дерек береді». Демек ойдан шығарылған ертегіге емес, белгілі бір тұлға өмір сүрген заманнан және сол заманда болған тарихи оқиғадан хабар беретін ақпаратқа құрылады;
ә) «...Яки өз ішінде болған істерден дерек береді». Заманхат дерегі дүдәмәл аңыз емес, ол айтушының көзімен көрген әлеуметтік әрекеттерден алынған нақты дерек, шын мағлұматқа құрылған дәйегі бар, дәлелі анық туынды.
б) «Заманхат шежіредей емес, тәртіпті, жүйелі келеді».
Демек ол жапатармағай жазылған, әу баста кімнің жазғаны белгісіз шежіре емес, белгілі бір автордың ойды бастауы, оқиғаны өрбітуі, жүйесі бар журналистік шығарма.
в) «Заманхатты оқымысты адамдар жазады».
г) «Мұнда құр халық аузында әуезе болып жүрген дәлелсіз сөздер жазылмайды». Түйіп айтсақ өмірлік ақиқатқа негізделеді екен.
д) «Заманхатта... уақиғаны болған күйінше жазбай, жазушы өз көңілінің күйіне бояп, реңкін өзгертуі ықтимал. Олай ету уақиғаның дұрыстығына кемшілік келтіреді». Демек журналист әсеріне елтіп, жандүниесінің ырқына еріп, өз көңіл күйінің ауанымен ауа жайылып кетпей, әсірелеуге, әспеттеуге бой алдырмай, оқиғаны болған күйінше шынайы жеткізуі керек дегенді еске салады ғалым.
Ахмет Байтұрсынұлының бұл айқындамалары – сол кездегі көсемсөз жанрларына тән белгілердің жиынтығы. Ол айтады: «Көсемсөз – шешенсөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатымен шығарылатын сөз. Шешенсөзден мұның айырылатын жері – шешенсөз ауызша айтылады, көсемсөз жазумен айтылады. Әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсемсөз деп аталады».
Ақаңның «көсемсөз» дегені, біздің қазіргі ұғымымызша – жазбаша публицистика, ал «шешенсөз» дегені – ауызша публицистика екен. Бірақ біз жалпы «публицистика» деген терминнің ұлт тіліндегі баламасын «көсемсөз» деп қана алыппыз да, терминнің мағынасын айқындайтын қазақша ұғымның ауызшасы – «шешенсөз» де, жазбашасы – «көсемсөз» екенін елемеппіз. Бірақ екеуінің де мағынасын бір арнаға сыйдырып, екеуіне ортақ бір атау бергіміз келсе, ол әлбетте, шетелден енген «публицистика» деген сөз бола алмайды. «Публицистика» деген термин қазақта тек көсемсөз, яғни «жазбаша публицистика» деген ұғым ретінде қалыптасып қалды. Бұл – бір. Екіншіден, біз қоғамдық санаға ақпаратты ауызша және жазбаша жеткізу арқылы ғана әсер етіп қоймайды екенбіз. Қоғамдық санаға ақпаратты ишарамен де, дыбыспен де, бейнемен де тарату арқылы қозғау салады екенбіз. Ендеше, «әлеуметке айтқанын істету мақсатында», яғни қоғамдық санаға қозғау салу үшін ақпаратты бейнемен де, қимылмен де, дыбыспен де, айтумен де, жазумен де тарату арқылы қозғау салу амалдарының жиынтығын Ахаңның бағытымен «заманхат» деп атасақ, ғылыми санаға жат емес. Бірақ мұнда тағы да біз жазбаша айтылған ақпараттарды ғана қамтып қаламыз. Себебі «хат» деген «қағазға жазылған сөз» деген мағынаны айқындайды. Ауызша айтылған ақпараттар жиынтығы назардан тыс қалады. Тек айтумен және жазумен емес, дыбыстаумен, бейнелеумен, қимылдаумен де ақпарат тарату арқылы қоғамдық санаға қозғау салу амалдары қамтылмай қалады. Сондықтан, қоғамға қажетті ойды айту машықтарының бәріне ортақ жиынтық атау «замансөз» болғаны санаға қонымды.
«Замансөз» деген атаудың мағынасы біз бұған дейін жат тілдегі нұсқасымен қолданып келген «публицистика» деген терминнің аясынан кең және тамыры терең. Өйткені бұл атаудың астарында қоғамның өткені мен бүгіні және болашағы қамтылады.
Сағатбек Медеубекұлы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институының жетекші ғылыми қызметкері