Құқық • 25 Маусым, 2024

Алқабилер – халық өкілі

60 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кез келген адамның құқығын әділ қорғау – мемлекеттің міндеті. Оны заң аясында орындау үшін шынайы сот төрелігін жүзеге асыруға ерекше назар аударылады. Осы мақсатта сот ісін алқабилердің қатысуымен жүргізу тәжірибеге енгізілді.

Алқабилер – халық өкілі

«Алқабилер туралы» заң қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, алқабилердің құқықтық мәртебесін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін, олардың қызметін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйым­дастырушылық негіздерін айқындайды.

Алқабилерге кандидаттардың бір­­ыңғай тізімі соттың сұрау салуымен Қазақстан Республикасының ақпа­раттандыру туралы заңнамасына сәй­кес ақпараттандыру саласындағы уәкі­летті органның ақпараттық-тал­дау жүйесі және «Электрондық үкімет­тің» ақпараттандыру объектілері арқы­лы электрондық нысанда қалыптас­ты­рылады. Мемлекеттік органдар Қазақ­стан Республикасының заңдарына сәй­кес алқабиге кандидаттардың бір­ыңғай тізімін қалыптастыру үшін ақ­па­раттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесіне мәліметтер ұсынады. Тізімде алқабиге кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, күні мен айы және тұрғылықты жері бойынша тіркелуі көрсетіледі.

Алқабилердiң тiзiмдерiн жасау ке­зiнде 25 жасқа толмаған, өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар, сот әре­кетке қабiлетсiз немесе әрекет қабi­летi шектеулi деп таныған адамдар және психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ете­тін заттарды тұтынуға байланысты бұзы­лушылықтарының себебі бойынша ден­саулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді. Сондай-ақ судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi де ене алмайды. Алқабиге кандидаттардың тізім­деріне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бо­йын­ша қандай да бiр шек қоюға жол берiл­мейдi. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар, өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар, 65 жастан асқан адамдар, дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алып тасталады.

Жалпы, алқаби дегеніміз – соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәр­тіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған еліміздің кез келген азаматы. Сондықтан да алқаби сотын сот төрелігін жүзеге асыруға халықтың қатысуының бір түрі дейміз. Алайда бұл жай ғана қылмыстық іс жүргізу институты емес, ол – ерекше әлеуметтік институт.

Алқабидiң өз құқығы, мiндетi және iстi қарауға байланысты оған қойыла­тын шектеулер бар. Сот отырысындағы жалпыға ортақ талапқа бағынумен бірге, алқабилер iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төр­ағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бо­йынша сөйлесуге, iстi қарау барысын­да мәлiметтердi сот отырысынан тыс жи­науға, жабық сот отырысына қаты­суына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес. Алқаби­дiң өз мiндетiн дұрыс атқармауы, заңда көзделген шектеулердi сақтамауы заң­да белгіленген жауаптылыққа алып ке­леді. Төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүм­кiндігіне әкеп соғады. Төрағалық етуші судья сот отырысы барысында алқа­билерге қойылатын шектеулерді сақтамаған алқабиді сот процесіне одан әрi қатысудан шеттетуі мүмкін. Бұл жағдайда шеттетілген алқабиге айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салынуы мүмкін.

Бүгінде алқабилер сотына азамат­тарды таңдаудың оңтайлы жолы қарас­тырылып келеді. Бұл институт қыз­метінің бір ізге түсіп, кең қолданысқа ие болуының мәні өте зор. Алқабилер сотының қолданылу аясының кеңеюі әділетті сот жүйесінің биік деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізері де сөзсіз.

Сотта алқаби ретінде қатысу үшін іріктелген адам «Алқабидiң мiндеттерiн атқаруға кiрiсе отырып, өз мiндеттерiмдi адал және бейтарап атқаруға, сотта қа­ралған барлық дәлелдеменi, дәлел­дердi, iстiң мән-жайын назарыма алуға, ерiктi азамат және әдiл адам ретiнде iстi өзiмнiң iшкi нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемiн» деген мазмұндағы ант қабылдайды.

Алқаби – құрметті міндет бола тұр­ғанмен, кейбір азаматтары сотқа алқабидің міндеттерін атқару үшін шақы­руларға салғырт қарап, сотқа келуден бас тартып, кейде тіпті сотқа дәлелсіз себептермен келмей жатады.

Сот белгілі бір азаматты сотқа алқа­биге кандидат ретінде шақыру үшін оған сотқа келу туралы хабарлама жолдайды. Бұл хабарлама сот отырысы басталғанша 7 тәулік бұрын алқабиге кандидатқа пошта байланысы арқылы немесе сот қызметкері арқылы қолма қол табыс етіледі. Алқабидің сотқа келуі туралы хабарламаны алған азамат міндетті түрде сотқа келуі шарт, ал сотқа келе алмайтын ерекше жағдайларда бұл туралы сотқа сот отырысы басталғанша алдын ала хабарлауға тиіс.

Сотқа алқабиге кандидат ретінде шақырылған кейбір азаматтар қыл­мыстық іс бойынша сотталып жатқан адам­дардың кейбіреулері бұрын бір­неше рет қылмыс жасап, түрменің дәмін татқан адамдар болғандықтан, өзі­нің жеке басының және отбасының, атап айтқанда балаларының қауіпсіздігі үшін қорқып, сотқа қатысудан бас тартады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Бұл тұрғыда ешқандай қорқудың қажеті жоқ, өйткені «Алқабилер туралы» заңға сәйкес алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Егер алқабиден тиiстi өтiнiш келiп түссе, сондай-ақ алқабидің қауiпсiздiгiне немесе оның мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталса, онда сот алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолданады.

Алқабиге бюджет қаражаты есебiнен іс бойынша төрағалық етуші судьяның лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына барабар, оның негiзгi жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленеді. Алқабиге кандидатқа (алқабиге) iссапар шығыстары да республикалық бюджет қаражаты есебiнен өтеледі. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек өтілін есептеген кезде есепке алынады. Алқабидiң мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi. Лауазымды адамның, яғни жұмыс берушінің азаматқа сотта алқаби мiндеттерiн атқаруға кедергі келтiруі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің талаптарына сәйкес ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Алқабилердің қатысуымен істің қа­ра­луы сотталушының еркіне байланысты. Егер ол қаласа, алқабимен қаралады, егер қаламаса, онда судья өзі қарайды.

Еліміз заң үстемдігі орнаған әділетті қоғам орнатуға батыл қадам басты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сот жүйесінде ашықтықты қамтамасыз ете отырып, әділдікті бұл­жытпай сақтау бағытында реформалар жүріп жатыр. Еліміздің сотқа сенімін арттыруда қарапайым халықтың өкіл­дері болған алқабилердің орны бөлек. Сондықтан сот ісіне қатысу – алқа­би­лер құрамына енген әрбір адамның аза­маттық міндеті.

 

Иниятулла ДОСЕТОВ,

Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы,

Меңдігүл ЖЕБЕЛХАНОВА,

Ауданаралық соттың сот әкімшісі басшысы