Үкімет • 18 Маусым, 2024

Ректорлыққа үміткерлер мақұлданды

44 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова­­ның төрағалығымен жоғары оқу орны­ның басқар­ма төрағасы-ректоры лауазымы­на үміткерлерді айқындау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Ректорлыққа үміткерлер мақұлданды

Фото: kaz.inform.kz

Комиссияның құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ЖОО қауымдастығының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және қоғам қайраткерлері бар.

Ең алдымен, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек комиссия мүшелерін ректорларды айқындау жөніндегі тәртіптің жаңа ережесімен таныс­тырды. Ережеге сәйкес, үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Ең басты міндет – тиімді менеджмент арқылы жоғары білім сапасын көтеруге ықпал ету.

Ректорлыққа үміткердің ғылыми дәрежесі, білім және ғылым саласында кем дегенде 5 жыл басқару тәжірибесі болуы керек. Кандидаттың ғылыми атағы (профессор, доцент) да ес­керіледі. Бұл – ректорға қойылатын талаптардың бір бөлігі ғана.

Кезекті отырыс барысында елдегі 3 жоғары оқу орнының басшылығына үміткерлер тыңдалды.

Рудный индустриалды университеті негізінен техни­калық ғылымдар мен технологиялар бойынша маман­дар дайындайды. Оған ректор болудан үмітті 4 азамат бағдар­ламасын қорғады. Нәтижесінде, Нұрбек Сапар­қожаев­тың кандидатурасы көпшілік дауыспен қолдау тапты.

Қарағанды индустриалды университеті – көбіне техникалық мамандар даярлауға маманданған жоғары оқу орны. Оның ректоры қызметіне 2 үміткер ұсынылған болатын. Олар университеттің алдағы 5 жылға арналған даму жоспарын ұсынды. Нәтижесінде, көпшілік дауыс­пен Бақыт Жәутіковтің жобасы үздік деп танылды.

Теріскейдегі көне оқу орындарының бірі – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті бірқатар бағытта мамандар дайындайды. Мұнда гумани­тар­лық, техникалық, инженерлік, ауыл шаруашылығы секілді салалар бойынша шәкірттер оқытылуда. Іргелі оқу орнының ректоры болуға үміткер 2 азамат өз бағ­дар­ламаларын ұсынды. Комиссия мүшелері Ербол Исақаев­тың кандидатурасын көпшілік дауыспен қолдады.

«Еліміздің еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау – аса жоғары жауапты міндет. Бүгін комиссия мүшелері ма­құл­дап, тағайындауға ұсынылған азаматтар артылған сенім­ді ақтайды деп ойлаймын», деп атап өтті Тамара Дүйсенова.