Аймақтар • Бүгін, 09:20

Жүйелі жұмыс: заңсыз алынған жер қайтарылды

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында кейінгі жылдары қоғам белсенділерінің күресі нәтижесінде заңсыз беріліп кеткен жер телімдері мемлекетке қайтарылды.

Жүйелі жұмыс: заңсыз алынған жер қайтарылды

Шаған жағасындағы шұрайлы алқап

Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжан кейінгі жылдары бірнеше жер дауына қоғамдық бақылау жасап, мемлекеттік органдардың назарын аударған. Сөйтіп, жер ин­­с­п­е­кциясы мен сот органдарына шағым түсіріп, прокуратураның көмегімен бұдан бұрын заңсыз жекешеленіп кеткен бірнеше жер телімінің мемлекет пайдасына кері қайтуына қол жеткізді.

2017 жылы Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылдық округі аумағынан Нұрлан Есча­нов деген азамат 19,6 га жер телі­мін «туризм, ат спортын дамыту мақсатында» деген санатпен алған екен. Айта кетейік, бұл жер Орал қаласымен іргелес, Шаған өзені­нің жағасындағы аса қымбат, шұрайлы аймақ болатын.

«2023 жылы көктемде OLX қосымшасынан Шаған өзені жағасында орналасқан 10, 20 сотық жер телімдері сатыла бас­тады. Бұл жер қалайша жеке адамдардың қолына түсті, саудаға шықты деп зерттеп, талдау жасадым» дейді Бауыржан Зәкиұлы.

Сөйтсе, нарықтағы құны 1 309 195 734 теңге болатын 19 га жер телімі небәрі 42 893 542 теңгеге сатылған екен. Яғни мемлекет 1 шаршы метр жерді 219 теңгеге сатса, жекеде оның бағасы 6 666 теңге, 30 есе қымбат болған.

Тағы бір айта кетерлігі, 2017 жылы Нұрлан Есчанов алған жер 2021 жылы Кәрім Жақыповтың иелігіне өткен. Ал бұл азамат 2013–2017 жылдар аралығында Зеленов (қазіргі Бәйтерек) ауда­нының әкімі болған еді.

Б.Ахметжанның тиісті орын­дарға жазған арыз-шағы­мынан кейін тексеріс жүргізген прокуратура органдары тағы да басқа заңбұзушылықты анықтаған.

Біріншіден, аталған жер телімі әу баста Жер кодексінің 48-бабына қайшы, яғни конкурссыз берілген. Екіншіден, жерді беру туралы шешімді ауыл әкімі қабылдаған. Заң бойынша, яғни Жер кодексінің 17-бабына сәйкес бұл жер аудан әкімінің қаулысымен берілуге тиіс болған. Тағы бір қызығы, жерді алғаш алған Нұрлан Есчанов сол 2017 жылы 26 маусымда Германияға көшіп кеткен. Оның орнына құжат жұмысымен Дәурен Қабенов айналысыпты. Ал ол жоғарыдағы Кәрім Жақыповтың туған інісі екен.

«Тиісті құжаттары жоқ болса да, Жер комиссиясы 2020 жылы 18 қыркүйекте Н.Есчановқа жерді сату туралы қорытынды берген», дейді Б.Ахметжан.

Әу баста Н.Есчанов ол жерді «туризм, ат спортын дамыту мақсатында» деп алғанын айтқан едік қой. 2015 жылы әкімдікке ұсынған жобада бұл жерде киіз үйлер, сәкілер қойылып, көпшілік демалатын дәмхана, әкімшілік ғимарат салынуы керек болған еді. Би алаңы мен шағын сарқырама, сау­на, бассейн, аквапарк қызмет етпек болған. Ішінде карп, форель, тұқы бар ашық аквариум көздің жауын алып, шие, алма, алмұрт, өрік жемістері өскен бау-бақша жайқалуы керек еді. Сөйтіп, Орал қаласының іргесінде халық жаяу жүріп серуендейтін, атқа мініп қыдыратын тамаша туризм нысаны пайда болуы керек еді. Алайда оның бірі де болмады. Шұрайлы жер тілім-тілім бөлі­ніп, әркімге сатылып кете жаз­дады. Бауыржан Зәкиұлы бас­та­ған белсенді азаматтардың күресі ғана әділеттің туын жық­пай сақтап қалды. Батыс Қазақ­стан облыстық прокуратурасы мен Жер ресурстарын басқару департаменті істі әділ тексеріп, қоғамдық бақылаудың уәжі дә­лел­ді деп тапты. Әділ сот мем­­лекет мүддесін қорғауға көмек­тесті. Сөйтіп, бұрынғы аудан әкімі Кәрім Жақыповтан нарықтық құны 1,3 млрд теңге тұратын заңсыз алынған жер мемлекет меншігіне қайтарылып алынды. 2023 жылы 17 қараша күні судья Александра Сидорова батыл шешім шығарды. 

Ескі әуежай аумағы

2011 жылы желтоқсан айының бірінші күні Орал қаласының әкімдігі алматылық «Oil Real Estate» ЖШС-не «қонақүй, әкім­шілік, сауда-ойын-сауықтыру ғимаратының құрылысы» үшін «Ескі әуежай» шағын ауданынан 3,3 га жер телімін беруге ше­шім қабылдаған. Арада 3 жыл­дай уақыт өткенде, яғни 2014 жылы 24 қазан күні қала әкім­дігі жер учаскесінің мақсатын «көпқабатты тұрғын үйлер құры­лысына» ауыстырып берген.

«Аталған 33 340 шаршы метр жердің кадастр құны 52 010 400 теңге болғанымен, оның нарық­тағы бағасы 1 667 000 000 теңге болатын. Сонда шаһардың 1 шар­шы метр жерін сол кездегі әкім 1 560 теңгеге сатса, жеке саудада дәл сол жер телімі 50 мың теңге, яғни 32 есе қымбат еді», дейді заңгер.

2022 жылы Б.Ахметжан «Әділ­дік жолы» ұйымының атынан зерттеу жүргізіп, осы жердің бос тұрғанын, игерілмегенін, Жер кодексі 92-бабының талабы бұзыл­ғанын анықтаған. Яғни жер телімі мақсаты бойынша пай­даланылмаған және уақытында игерілмеген болып шықты.

д

Әрине, бұл заңсыздық жайын­да бірден Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Берік Есенғалиевке арыз жазылды. Олар тексеріс жасап, «Oil Real Estate» ЖШС-не 2023 жылдың 7 қарашасына дейін жерді игеру жайында нұсқама берді. Бірақ ол талап орындалмады. Мұнан кейін департамент игерілмеген жер телімін мемлекет пайдасына мәжбүрлеп қайтару жайында сотқа арыз берді. 2025 жылы 13 мамырда судья Сабыржан Есжановтың шешімімен талап қанағаттандырылды. Мемлекет меншігіне мәжбүрлеп алу туралы шешімді Әділет департаменті атқарды.

Осылайша, 11 жыл бұ­рын көпқабатты тұрғын үй­лер құрылысына алған «Oil Real Estate» ЖШС жерді кейін қай­таруға мәжбүр болды.

Болашақ ауылының қазынасы

2017 жылы 5 маусым күні Досым Кәрімов деген азамат бұрынғы Зеленов, қазіргі Бәй­терек ауданына қарасты Болашақ ауылы аумағынан 217 га жерді ауыл шаруашылығы мақсатына 10 жылға жалға алған екен. Бірақ 2022 жылдың 18 қазан күні әлгі жерді «Аграрлық қызметі» ЖШС-не сатып жіберген.

Бір қызығы, аталған жер ауыл тұрғындары ортақ пайдалана­тын жайылым екен. Ауыл тұрғын­дары 2024 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесіне шағымдана бастаған. Олар ауыл маңындағы жеке малға қажет жайылым Досым Кәрімовке заңсыз берілген деп санайды. Өйткені көлемі 217 га жер учаскесі ауылдың жерінде жатыр. Сонымен қатар жер шекарасы үлкен көлге тиіп тұр, соның кесірінен ауылдың жеке малы суға өте алмай қалған. Заң бойынша ауыл шаруашылығы жерін, оның үстіне әкімдіктен жалға алған учаскені жекеге сату заңсыз болатын.

ж

«Болған жағдайды зерттеп, саралай келе заң бұзылғанын анықтап, Жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолдадым. Өйткені Жер ко­дексінің 26-бабы мен «Жайы­лымдар туралы» заңының 13-бабына сай халықтың қажетіне пайда­ланылатын жайылымдар же­кеменшікке берілмейді. Ауыл­дың малын жаю үшін халық мұқта­жына ғана пайдаланылуға тиіс», дейді Бауыржан Зәкиұлы.

Міне, бірнеше айға созылған сот отырысынан кейін ауыл тұрғындары аталған жайылымды кәсіпкер Досым Кәрімов пен «Аграрлық қызметі» ЖШС-нен қайтарып алды. 2025 жылы 22 шілде күні судья Асиля Биссалиева жер дауын жан-жақты қарап, заңды шешім шығарды.

Осылайша, кейінгі үш жылда Батыс Қазақстан облысында қоғамдық бақылаушылардың табандылығы арқасында үш жер телімі мемлекет меншігіне қай­тарылды. Бұл жердің кадастр құны 511 млн теңге деп бағаланғанымен, нарықтағы шын бағасы 3,4 млрд теңге болатын. Бұл істе ауыл тұрғындары да белсенділік танытты. Заңгерлермен кездесулер өтті, құжаттар зерттелді, aisgzk.kz және map.gov4c.kz порталдары пайдаланылды. Прокуратура мен ЖРБД-ға және сотқа тиісті мәліметтерді ұсынылды. Сөйтіп, әділдік үстемдік құрды.

«Осы күресте мемлекет қыз­мет­шісінің антына адал болып, істі соңына дейін жеткізген Жер ресурстарын басқару депар­та­ментінің өкілдері Берік Есен­ғалиев, Тахир Нұрахметов, Есен­­құл Беріков, Еркебұлан Сисе­нов, Бәйтерек ауданы проку­ратурасындағы Алмас Меңлібаев пен Дінмұхаммед Ысмайлға ризашылығымды білдіремін», дейді Б.Ахметжан.

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар