Жәдігер • 10 Маусым, 2024

Қолмен жазылған Құран

75 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи-өл­кетану музейінің қорын­да сақталған шағын көлемді Құран қолмен жазылып, кітапша форматында көбейтілген. Қа­сиетті Құран нұсқасы музейге шама­мен 60–70 жыл бұ­рын табыс­талған екен.

Қолмен жазылған Құран

«Музей қызметкері А.Попов қасиетті кітапшаны шамамен 1950–1960 жылдар аралығында қорға өткізген екен. Бір қызығы, металдан жасалған қорапшаға салынған жинақ ішіндегі Құран аяттары араб тілінде қолмен жазылған. Қасиетті кітап са­лынған қорапшаның түсі ақ­шыл-сары. Оның беті түрлі өсім­дікке ұқсас ою-өрнекпен бе­зендірілген», дейді об­лыстық та­рихи-өлкетану музейі зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бө­лімінің меңгерушісі Лаура Бай­тұрсынова.

Бір қызығы, өңірдегі музей­лердің біразында көне заманнан жеткен Құран кітаптары сақталған. Тұрғындардың қолы­мен табысталған қасиетті кітап­тардың өзіне тән тарихы да бар. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған бұл жинақ көлемінің шағын болуымен ерекшеленіп тұр.

«Осы кітапты табыстаған А.Попов уақытында облыстық-тарихи өлкетану музейінде қызмет еткен екен. Дерекке жүгінсек, қасиетті кітап А.Поповтың досына тиесілі болған. Досы өмір­ден өткеннен кейін Құран аяттары жазылған шағын жинақ музей қызметкерінің қолына түскен. Ол бұл құндылықты музей қорына табыстау туралы шешім қабылдаған», дейді музей қызметкері.

«Құран-тұмар» деп аталатын жәдігер сыртындағы металдан жасалған қорапша айтарлықтай көнергені байқалып тұр. Сыртқы бұйымның қай жылы немесе қай ғасырда жасалғанын нақты айту қиын. Әйтсе де, мамандар метал­дың айтарлықтай ескір­генін ескеріп, «Құран-тұмар» жәдіге­рінің кем дегенде бір ғасыр бұрын жасалғанын алға тартып отыр.

 

ТАРАЗ