Фото: Krisztian Bocsi/Bloomberg
SpaceX бір акцияны 135 доллардан бағалап, 555,6 миллион акцияны бастапқы жария орналастыру аясында сатқан. Нәтижесінде компания 75 миллиард доллар инвестиция тартқан. Бұл әлем тарихындағы ең ірі IPO ретінде тіркелді.
Компания акцияларының саудасы бүгін, 12 маусымда Nasdaq биржасында басталады. Алғашқы бағалау бойынша SpaceX-тің нарықтық құны 1,77 триллион долларға жеткен.
Сарапшылардың есептеуінше, Илон Масктың SpaceX-тегі үлесінің құны шамамен 866 миллиард долларды құрайды. Ал Tesla мен өзге де активтерін қоса есептегенде кәсіпкердің жалпы байлығы 1,1 триллион доллардан асады.
Осылайша, Маск әлемдегі байлығы 1 триллион доллар межесінен асқан алғашқы адам атанып отыр. Салыстыру үшін айтсақ, әлемдегі ең бай адамдар тізімінде екінші орында тұрған Alphabet компаниясының негізін қалаушы Ларри Пейдждің байлығы шамамен 300 миллиард долларды құрайды.
Сонымен қатар SpaceX табыс жолында ірі шығындарға да тап болып отыр. Компания 2025 жылы 18,67 миллиард доллар табыс тапқанымен, 4,94 миллиард доллар шығынға ұшыраған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 4,7 миллиард доллар кіріс көрсеткенімен, 4,28 миллиард доллар көлемінде шығын тіркелген.
Шығындардың басым бөлігі Starship ауыр зымыран жүйесін сынақтан өткізу жұмыстарына жұмсалған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Илон Маск OpenAI мен оның басшысы Сэм Альтманға қарсы сот ісінде жеңіліп қалған еді. OpenAI ісінен кейін де кәсіпкер сот шешімін сынға алып, үкімге шағым түсіретінін мәлімдеді.