Тарих • 07 Маусым, 2024

ҚазМУ: соғыстан кейінгі түлектер

120 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан өлкесіндегі ұлттық баспасөз тарихын зерттей жүріп, газет ардагерлерінің қолында сақталған көне құжаттар мен сарғайған суреттерді жинастыратын едік. «Орал өңірі» газетінде көп жыл қызмет еткен Идият Мұратов ағамыздың жеке архивінен осындай құнды сурет қолымызға түсті.

ҚазМУ: соғыстан кейінгі түлектер

Бұл С.М.Киров атындағы Қазақ Мем­лекеттік университетінің филология факультетінде 1945–1950 жылдар аралығында оқыған түлектердің оқу бітірген кезде жасалған топтық суреті екен.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен университетке түсіп, қиын кезеңде білім алған бұл топтың ішінен кейін талай-талай танымал тұлға шық­қан.

Бұған әуелгі себеп – сол кездегі студенттерге білім бірген оқытушы ғалым­дар­дың ерекше шоғыры болса, алапат соғыстан кейін ғылым-білімге сусаған шәкірттердің ыстық ықыласы да әсер еткен шығар деген ойдамыз.

Фотосуреттен сол кездегі оқу орны­ның басшысы әйгілі Төлеген Тәжібаев болғаны көрініп тұр. Соғыс кезінде Қазақ КСР-ның халық ағарту комиссары болған Төлеген Тәжібайұлы 1948–1953 жылдары университет ректоры болып, қазақтың маңдайына біткен ең жоғары оқу орнын қалыптастыруға, аяғынан тік тұрғызуға көп еңбек етіпті.

Ал филология факультетінде сабақ берген профессорлар тізіміне қарасаңыз, атағынан ат үркетін мықтыларды көресіз: Белгібай Шалабаев, Қажым Жұмалиев, Нығмет Сауранбаев, Мұхтар Әуезов, Ыбырайым Маманов, Ісмет Кеңесбаев, Есмағамбет Исмайылов, Бейсенбай Кенжебаев... Мұғалімдердің тізімінде кейін ғылым кандидаты, доцент болған қаратөбелік Орынбасар Төлегенов те бар екен. «Абайдың өмірі мен творчествосы» атты еңбек жазған тарихшы, ғылым докторы Мұсатай Ақынжанов та жоғарғы қатарда тұр. Бұл ғалымдардың біразы қазақ тілі мен әдебиеті үшін тер төгіп қана қоймай, сталиндік репрессияның диірменінен де өтіп шыққан болатын.

Топ суретте барлығы 18 оқытушы, 48 түлек бейнеленіпті. Студенттердің 17-сі – қыз бала екен. Суретке көз салғанда түлектердің бет-жүзінен ересек тартып, есейген жандарды байқаймыз. Шынында да соғыстан кейін оқуға түсіп, тұңғыш бітіріп отырған бейбіт түлектерінің біразы күні кеше қолына қару ұстаған майдангер болатын.

Сонымен түлектердің арасынан кімді таныдық? Суретте тұрған реті­мен қарасақ, жоғарғы қатарлардың бірінде ақын, кейін Қазақстан Жазу­шы­лар одағының мүшесі болған Нұрсұлтан Әлімқұловты, филология ғылымдарының докторы, танымал профессор Кәкен Ахановты көреміз. Үшінші қатарды қазақтың алғашқы фото-кино журналистерінің бірі, тайпақтық Рысқали Дүйсенғалиев бас­тап тұр. Осы қатарда академик жазушы, әдебиет зерттеушісі Зейнолла Қабдолов, қапалдық ғалым, қазақ тілі тарихына, эпиграфикаға қатысты кө­п­теген еңбек жазған Айдарбек Махмұтов көрінеді. Кейін қазақ тілінің сти­листикасы жайлы көптеген ғы­лы­ми еңбек жазған танымал ғалым Бари Манасбаев, тіл білімі маманы, филология ғылымының кандидаты, шымкенттік Мұхитдин Сражиев, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Шора Сарыбаев төртінші қатарда орналасыпты. Ал белгілі қалам­герлер, Қазақ­станның халық жазушысы Сафуан Шәймерденов пен Аманжол Шәмкенов ең төменгі қатарда қоңсы тұр.

Ал осы бір құнды суретті сақтаған ардагер тілші Идият Мұратов төртінші қатардың орта шамасынан орын алған. 1927 жылы Орал облысы Жымпиты ауданы Бұлдырты ауылында туып-өскен ол мектеп жанындағы интернатта тәрбиеленген екен. 1945 жылы мектеп бітірісімен Алматыға аттанып, ҚазМУ-дың студенті атанған. Диплом алып, елге келген соң 1958 жылға дейін мұғалімдік қызмет атқарып, кейін бірыңғай журналистика саласына көшкен. 1988 жылға дейін облыстық «Орал өңірі» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. 2010 жылы Орал қаласында дү­ние­ден өтті.

Міне, талай марқасқаның басын бір жерге қосқан көне суреттің мән-жайы осындай.

 

Батыс Қазақстан облысы