Тарих • 31 Мамыр, 2024

Бірлік туралы байлам

140 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

1992 жылдың басында сол кездегі еліміздің Мемлекеттік қауіп­сіздік комитетінің Көкшетау облысы бойынша басқармасының бастығы Мірхайдар Раманқұлов маған Көкше өңірінде туып-өскен, сталиндік саяси қуғын-сүргін кезінде жаламен «халық жауы» атанып ұсталып, ату жазасына кесілген бел­гілі рево­люционер-большевик Әбілқайыр Досовтың төрт том­дық жеке ісін тауып беріп, оқып, мәтіндік конспект жасауы­ма мүмкіндік жасаған еді. Соның негізінде нақақтан күйген қайраткердің қасіретті тағдыры туралы жазған «Қан там­ған қолжазбалар» атты көлемді мақалам «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған болатын.

Бірлік туралы байлам

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Жақында қол­жаз­бам­­­­­­ды қайта қа­рап отыр­­­­ғанымда 1930–1933 жылдары большевиктердің бүкілодақтық ком­мунистік партиясы орталық комитетінің жауапты нұсқаушысы болған Ә.Досовтың Мәскеуде әртүрлі басшылық қызметтер атқарған белгілі қазақ азаматтарының Қазақ­стандағы аштыққа көзқарас­та­ры мен іс-әрекеттері туралы­ жазбасы қазіргі алмағайып уа­қытта да маңызды екеніне көз жет­­кіздім. Оны НКВД-ның тер­геу абақтысынан аман шығуы екі­талай болғанын сезген револю­ционер-большевик өзі білетін шын­дық тарихта қалсын деп жазып кеткен сияқты.

«...1929 жылы Мәскеудегі марк­сизм курсында Қазақ АКСР Халық комиссарлары кеңесінің бұ­рын­ғы төрағасы Нығмет Нұр­мақов оқып жатты. Мен ол кезде Бүкіл­­одақтық атқару комитеті пре­зи­­диумының мүшесі әрі хат­шы­­­сының орынбасары болып істей­тінмін.

Нұрмақовпен айына екі-үш рет кездесіп тұрдым. Көбіне оның үйіне баратынмын. Себебі менің Алматыда істейтіндердің ешқайсысымен жеке байланысым болмағандықтан, бізді­кіне ешкім келмейтін. Ал оның үйінде қашан болсын Қазақстан қызметкерлерінің біреу-міреуін, тіпті Мәскеуге жолсапармен кел­ген халкомдарға дейін кез­дес­тіруге болатын.

1930 жылдың қаңтарының аяғында болған бір кездесуде Нұрмақов Қазақстанда масқара асыра сілтеушіліктер, бассыздықтар орын алуда деді. «Аудандардағы қазақтар ашаршылықтан шыбындай қырылып жатыр. Оңтүстікте және Алматы облысында іс мынаған дейін жеткен. Қыстыгүні қазақтарға бір мыңдай киіз үй тіктіріп, бәрін нөмірлеп, әр көшеге партия көсемдерінің, соның ішінде Голощекиннің, Құрамысовтың, Исаевтың есім­дерін бергізген», деді.

Осыны естігенде ашуға булығып, партияның Орталық Комитетіне (ОК) хабарлайық деген ұсыныс айттым. Нұрмақов мырс етіп күлді де: «Одан ештеңе шықпайды. Саған сене қояр деймісің. Егер ОК-ға жазсаң, ондағылар әуелі Голощекиннен сұрайды, ал ол қазақ эммигранттары біздегі қиыншылықтарды әсірелеп көрсетіп отыр, жұмыс істеуімізге кедергі келтіруде деп жауап береді де, тағы да кемінде жарты жыл қызмет істейді», деді. Бұған қоса, Қазақстандағы заңсыздықтар мен зорлық-зомбылықтар туралы фактілерді жинастырып жатқандығын, жинап болған соң ғана ОК-ға хабарлауға болатынын айтты. Мен онымен келістім. Кешікпей мені Башқұртстанға ұзақмерзімді жолсапарға жіберді.

Содан сәуір айында бір-ақ оралып, Мәскеуге келісімен тағы бір кеште Нұрмақовтың үйіне барып жолықтым. «Фактілер ­жинап қойдың ба?» деп сұрадым. Ол: «Иә, артығымен жетеді. Бірақ ОК-ға жазуды қажетсіз деп санаймын», деді. Сосын өзінің менімен көптен бері сөйлескісі келіп жүргенін айтып, әңгімені Мәскеудегі қазақ қызметкерлері Қазақ­станға қайтып оралуы қажет деген сөзден баста­ды. «Бұл тек Голощекин баста­ған өлкелік басшылық коллек­тив­тендіру, астық, ет дайындау мәселелерінде ірі саяси сәт­сіз­дік­ке ұшыраған жағдайда ғана мүм­кін болмақ. Тек сонда ғана ОК оларды орындарынан алып, бізді жібереді. Ал біз барған соң жағдайды түзетеміз», деді. «Қазақ­стан шаруашылық және мәдени құрылыста көршілес рес­пуб­ликалардан көп артта қалып қой­ды. Қазақтардың бар байлығы сана­латын мал тұяғы қалмауға айналды», деп бірсыпыра мысал кел­тірді. Солардың ішінен есімде қал­ғаны: жуырда Алматыда өзіне таныс бірнеше әртісті аш­тық­тан бір мекеменің аттарын ұр­ла­ған­дығы үшін қамауға алыпты.

Нұрмақов екеуміздің арамызда бұрынғы қазақ қызмет­кер­лерінің билік басына келу әдісі турасында келіспеушілік болды. Мен мәселені былай қойдым: «Елге оралуымыз үшін саяси, шаруашылық сипат­тағы бүлдірушілікпен айналы­суымыз қажет пе? Екіншіден, қате­лік­терді шұғыл түзетудің ­орнына, одан сайын ұлғайту ха­лықтың кеңес өкіметіне, ұжымшар құры­лысына наразылығын ­ту­ғыз­­­бай ма? Үшіншіден, халық­ты бұрын­ғыдан бетер қайыр­шы­лан­дырамыз. Осылар­дың салдарынан көтерілістер бұрқ ете түсуі мүм­кін, ал оларға жол беруге бол­­майды», дедім.

 Нұрмақов мені былайша­ иландырды: «Бәрібір, асыра сілтеушіліктер болды. Не айт­саң да Голощекин оған құлақ аспайды. Ауылда ет дайындау жос­парын орындауға мал басы жетіспейтінін, ал Шет ауданының өмірі егін егіп көрмеген көшпелі қазақтарына астық салығын салып отырғандықтан, олар қолда­рын­дағы бар малын арзанға сатып, түскен пұлына астық сатып алып, мемлекетке өткізуге мәж­бүр болғандығын айтып көрші, онда бұл есерсоқтар сені партиядан шығарып, оңшыл троцкистерге жатқызып, онымен де қоймай, түрмеге апарып тығады. Шындықты айтқан адамдарды, аупарткомдардың хатшыларын осылайша топ-тобымен партиядан шығарып жатыр. Халықтың ашынуына келсек, жаяу қалған, аш-жалаңаш жұрт көтеріліс жасай қоймас, ал егер кей жерлерде ондай бас көтерулер бола қалса, онда олар туралы ОК біліп, қазіргі өлкелік басшылықты біздермен алмастырады», деді. Маған оның пікірі дұрыс көрінді (4-том, 1-4, 14-21-беттер).

...1932 жылы сәуір айының шама­сында мен тағы да жол­са­пар­дан келісімен кешке­ Нұр­­ма­қовтың үйіне бардым. М.Орынбаев, Ә.Лекеров, Ғ.Тоғ­жа­нов, М.Тәтімов, Ә.Өте­кин жина­лып отыр екен. Дәліз­­де ше­ші­ніп жатқанымда Нұр­ма­қов­тың: «Оңбаған неме, оның қан­дай шаруасы бар еді?» деп жекігенін естідім. Орынбаевқа: «О не?» дедім. Ол: «Нұрмақов Төре­ғо­жинді сөгіп жатыр», деді. Сөйтсем, Алматыда ет дайындау жоспарына байланысты өлкелік комитет мал санын анықтау жөнінде О.Исаев басқарған комиссия құрыпты. Осы комиссияға З.Төреғожин Қазақстанда қазір шамамен 4-4,5 миллион бас қана мал қалды деген мәлімет әке­ліпті. Ал О.Исаевтың комиссия­сы әлі де 14-15 миллион басқа жуық мал бар деп көрсеткен. Осы­ған орай, Төреғожин Исаевқа: «Бұл қалай?..» деген екен. Ол сасың­қырап қалып: «Өлкелік комитеттің анықтап отырған цифры одан да үлкен, 21 миллион басқа жуық», депті. Сосын бюрода өзі­нің комиссия мәліметін баян­дай­тынын айтып, Төреғожинге: «Сен өз цифрыңды айт», деп кеңес беріпті. Бюрода Төреғожин мықтап таяқ жепті.

Орынбаев өлкелік коми­теттің бюросында не әңгіме болғандығын егжей-тегжей әңгі­­­мелеп берді. Лекеров оның Алматы облысының бір ауданында болған көтерілісті басуға қатысып, өрескел қателік жаса­ғаны үшін кінә тақты. Ол есімін ел білетін қазақ қызметкерлері көтерілістерді басуға қатыспауға тиісті, мұндай жағдайларда Жан­гелдин, Сейфуллин, Меңде­­шевтер сияқты араағайын рөлін атқарғаны жөн деді. Орынбаевты бәріміз де кінәладық.

Нұрмақов Алматыдағы қыз­мет­керлер өлкелік коми­тет­ті саяси беделден айыру бағы­тын ұстанып, ОК алдында абырой­сыз­дыққа ұшырату үшін мынадай шара­ларды қолдануды ұсынды:

  1. Өлкелік комитеттің өзі ұсы­­нып отырғанындай, коллек­тив­тен­діруді күшейту керек. Оған қарсыласудан еш пайда жоқ.
  2. Елден ауа көшу көбейіп барады. Халық көршілес облыстарға қарай босып жатыр. Ал халық бостан-бос қырылмауы және оларға Мәскеуде назар аударуы үшін босқындарға Сібір, Самара, Саратов, Сталинград губернияларына, Орал жаққа қарай бағыт алуға кеңес беру керек. Біріншіден, бұл жерлерден олар нан таба алады. Екіншіден, көршілес облыстардағылар көңіл аударады. Нұрмақов Калининнен Самара обкомының хатшысы Эйхенің ОК-ға Қазақстандағы жағдай туралы хат жазғандығын естіпті.
  3. Қазір асыра сілтеуге қар­сы­ласудан келер еш пайда жоқ. Кадрлардан текке айырылып қаламыз, оларды партиядан шығарып жібереді. Мәселен, Төреғожиннің айтқан сөзін тыңдаған кім бар? Олай істесек, бізді де ақымақ қылады.
  4. Ең бастысы – халықты сақ­тау болмақ. Қазақтар көте­рі­ліске шыққан жерлерде қазақ қызметкерлері бітімші болып, ірі оқиғаларға жол бермеуі керек. Себебі қан текке төгіледі.

Тәтімов екеуміз Нұрмақов­қа қолдау білдірдік. Лекеров: «Қазақтар Ресейде босқа құриды, одан да оларды Өзбекстан мен Қырғызстанға қарай көшіру керек. Тектес халықтар емес пе, күнкөрістері жеңілдеу тиер. Ал Самараның мұжығы аш қазақ ұрлықпен айналысса, желкесінен түймей ме?» деді. Тәтімов Степ­няк­та күн сайын жиырма-отыздан аштан өліп жатқан қазақтар қоқыс­тағы қалдықтарды теріп жүре­тіндігін, асханалардың жуын­ды төгетін жерлерінде тізіліп кезекте тұратындығын хабарлады.

Орынбаев Нұрмақов пен маған: «Мәскеуде отырсың­дар, үлкен адамдармен араласып жүрсіңдер, бірақ, солар­дың біреуін Қазақстандағы жағдай­ды барып көруге жіберуге шамаларың келмеуі қалай?» ­деген кінә тақты.

«Ауа көшу бағытын қа­лай жүзеге асырамыз?» деген­ сауал түсті. Елге барып өзі­­міз ұйымдастыру мүмкін бол­­ма­­ғандықтан, екі жолды таң­да­дық. Біріншісі – аудандық қыз­мет­керлер арқылы. Екіншісі – халық жиналып қалған стансалардан өтіп бара жатқанда қай-қайсымыз болсын жұртқа Ресейде нан арзан екен, ­солай қарай көшіңдер деп кеңес беруіміз қажет. Ол жаққа, әсіресе Семей, Петропавл, Қостанай, Орал губернияларының қазақ­тарын жіберу аса қиынға соқ­пайды.

Содан кейін отырысқа қаты­сушылар маған ОК аппаратында ұлты басқа нұсқаушылар арқылы Қазақстандағы жағдай туралы пікір туғызуды тапсырды. Нұрмақов бұған пессимистік тұрғыдан қарап, бізге бәрібір сенбейді деді. Мен бұл тапсырманы табандылықпен орындадым. Сольцтің Қазақстанға бару сапарына ОК мен Орталық бақылау комиссиясының аппаратында қалыптасқан қоғамдық пікір елеулі әсер етті.

Бір жолы, 1932 жылдың басында, Нұрмақовқа кеше Сәбит Мұқановты көргенімді, одан Шығыс Қазақстан облысында адам жеу оқиғалары болғандығын естігенімді, соған орай бұл факт туралы ОК-нің кадр бөлімінің меңгерушісі Ежовқа хабарлап, Кагановичтің атына Қазақстандағы жағдай, жаппай көшіп кетушілік, аштық, асыра сілтеу туралы баяндаған тілхат жазып тапсырғанымды айттым. Нұрмақов: «Бекер істеген екенсің, бұдан ештеңе де шықпайды», деп бір-ақ кесті. Лекеров мені қолдады. «ОК-ға дәл қазір жазу керек. Оған қоса, жергілікті жерлердегі аудандық қызметкерлер мен колхозшылардың, тұрғындардың атынан Сталин, Каганович, Молотовтардың атына арыз ұйымдастыру керек», деді. Сол жерде біреу Орджоникидзенің атына жазу керек деді. Тоғжанов па, әлде Өтекин бе, қайсысы екені есімде жоқ, Мәскеудегі қазақ студенттерінің көңіл күйлері жоқтығын, елдегі ата-аналарынан хат алып, кейбіреулері оқуларын тастап кетіп жатқандығын айтып, солардың атынан да арыз ұйымдастыру керек деді.

1932 жылғы қарашада Нұрма­қовтың үйінде болып, жағдайды сұрағанымда, ол негізгі мақсат орындалды деуге болатынын, қазақтардың қазір Самарада ғана емес, Ленинградта да кездесетіндігін мәлім етті. Бірақ біздің адамдар орындарында қала алмауда. Белгілі Тоқжігітовті партиядан шығарып, түрмеге отырғызды деді (4-том, 23-36, 313-беттер).

1933 жылы көктемде менің Мәскеудегі үйіме соңғы рет қонақ шақырылып, сауда академиясында оқитын Әлкей Өтекиннің үйлену тойы болды. Тойға Нұрмақов, Рысқұлов, Құлымбетов, Исаев келді. Тойға қатысқан әрбір адам сөйледі. Бірінші болып Құлымбетовке сөз берілді. Ол: «Қазақстан жаңа жолға түсті, – деп мәлімдеді. – Ендігі міндет – бірігу. Қазір Қазақстандағы қазақтар және Қазақстаннан шеттегі қазақтар деп бөлінудің қажеті жоқ. Өйткені Қазақстанның жағдайы өте қиын. Сондықтан бұрынғы қазақ қызметкерлері Алматыға оралуға, білек біріктіре жұмыс істеуге, топшылдық және өзімшілдік пиғылдарды ысырып тастауға тиіс. Осындай ниет болса, елге оралу жөнінде қашан болсын келісуге болады». Оның сөзіне жұрт қостау білдірді.

Сосын Исаевқа сөз берілді. Ол Құлымбетовтің пікірін құп­тап: «Қазақстанның алдында тұрған қиыншылықтарды жеңу жолында бүкіл қазақтар бірігуі қажет. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер, өспес елдің баласы бірін-бірі қатын дер». Әлі күнге біздің арамызда бір-бірімізді түсініспеушілік бар. Қазақ халқының кейбір кезеңдерін бағалауда жаңылысып жүрміз. Бірақ басты мәселе – Қазақстанның өткенінде емес, келешегінде екендігі бәрімізді де толғандыруға тиіс. Қытайды бірлігі болмағаны үшін ғана бәрі ренжітеді. Өйткені онда лидерлер көп, провинциялық сұмпайы топтар көп. Біз қытайлықтар емеспіз, бізге жекелеген сұм­пайы топтарға бөлінудің қажеті жоқ. Асыра сілтеу, ауа көшу, ашар­шылық біздің бәрімізді біріктіруге тиіс», деді. Жұрт оған қол соқты.

Содан кейін Рысқұлов сөйледі. Ол: «Исаев дұрыс айтады. Біз қытайлықтар емеспіз. Біздің халқымыз қытай емес. Біздің арамыздағы бүгінгі жақындасу алдағы ынтымақты жұмысымызға жол ашуға тиіс. Мен қазақ халқының игілігі үшін барлық күшті біріктіруді жан-тәніммен жақтаймын», деп мәлімдеп, Қазақстанда және Қазақстаннан тыс жерлерде жұмыс істейтін бүкіл қазақтардың бірлігі үшін тілек айтты.

Рысқұловтан кейін Нұрмақов сөйледі. «Бірігу туралы ой әр кезде менің идеям болды. Бірақ кейбір тұлғалардың кінәсінен кешігіп қалдық. Сол үшін күллі қазақ халқы шеккен зардап аз емес. Әйт­­кенмен, ештен кеш жақсы. ­Ең алдымен, біз өзімізді күйзеліс­ке ұшыраған қазақ халқының мұң-мүддесі біріктіретіндігін есте ұстауымыз шарт. Ал өзгесі – екінші кезектегі мәселе деп білемін», дей келіп: «Тек қана біздің қырсығымыздан зардап шеккен қазақ халқы үшін», деді (4-том, 37-40-беттер)», деп жазыпты Әбілқайыр Досов.

Ол революционер-большевик ретінде И.Сталиннің солақай саясатының сойылын соғысып, талай қателіктерге ұрынғаны анық. Мәселен, өзінің тергеу ­барысында көрсеткеніндей, БК(б)П орталық комитетіне ұсынылған байларды тәркілеу жобасының алғашқы авторы болғандығын мақтаныш еткен (4-том, 241-бет). Сондай-ақ өзі басқарған Оңтүстік Қазақстан облысында «халық жауларын» әшкерелеу науқанына білек сыбана кірісіп, обкомның екінші хатшысы Таганскийдің қарсы­лығына қарамастан, әсіре­се қазақ қызметкерлерін жап­пай қуғын-сүргінге салған. Олар­ды арашалауға тырысқан Таган­скийдің өзін Мирзоянға айтып, орнынан алуға әрекеттенген екен (4-том, 290-291-беттер).

1938 жылғы 8 наурызда­ Алматы қаласында болған КСРО Жоғарғы соты әскери алқа­сының жабық сот мәжілісі Ә.Досовтың қылмыстық ісін небәрі он бес минут уақыт ішінде қарап бітірген. Ол соңғы сөзінде өзінің «халық жауы» Н.Нұрмақовтың қақпанына түсіп қалғанын айтқан, О.Исаев­ты контрреволюциялық ұйым­ның мүшесі деп есеп­тей­тіндігін мәлімдеген. Шамасы, «үндеместер»: «Исаевты көр­сетсең, тірі қаласың...» деп азғыр­ған болар. Ал Ә.Досов өзінің ату жазасына кесілетіндігін сот үкімі оқылғанда бір-ақ білген тәрізді. Үкім сол күні орындалған. Көп кешікпей, 31 мамырда О.Исаев тұтқынға алынған.

Осылайша, кеңес өкіметі өзіне жанын сала қызмет еткен қазақ большевиктерін де аяған жоқ. Әлде, оларды өздері қуда­лап, НКВД-ға ұстатып жіберген Алаш арыстарының қарғысы атты ма екен?.. Мәселен, Ә.Досов өз өмірбаянында жаз­ғанындай, 1921 жылы Омбыдағы қазақ комитетін күшпен қуып таратып, оның белді мүшесі болған ақын М.Жұмабаевты тұтқындауға қатысқан екен. Ал Мағжан соның алдында оларды «Сендер қазақ халқын сатып кеттіңдер» деп айыптапты. Мұндай ауыр сөзді «Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе? Түрікке адамзатта ел жеткен бе?» деп жырлап, түбі бір түркітілдес халықтардың қайта бірігуін армандап өткен түрікшіл ұлы ақын бекерден-бекер айтпаса керек.

Иә, Нығмет Нұрмақовтың айт­қанындай, халқымызды қырғынға ұшыратқан алапат аштық та, одан кейінгі жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны болған зиялы азаматтарымыздың тым көптігі де қазақтың басы бірікпегендігінің салдары десек, қателеспеспіз.