Таным • 29 Мамыр, 2024

Сизифтік сезім

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниедегі ең ауыр жаза – мәнсіз машақат. Әрекетің әлекке айналып, әжетке жарамаса, әлемет әуре сол. Кеудеңнің құлазыған құба сұр қуысында жоғалған арман, тоналған аңсарыңды іздейсің. Таппаған соң, тағатыңды тауысқан баянсыз тірлікке тағы таңыласың. Ежелгі грек аңыздарындағы еңбегі еш, тұзы сор Сизифтің тасы секілді мына нәрсе.

Сизифтік сезім

Ажал құдайын алдап соқ­қаннан кейін Сизифтің арқасында жер беті тегіс өлім­нен құтылады. Дүниенің тепе-теңдігі заңы бұзылады. Қаһарланған олимп құдай­лары қылмыскерді ең ауыр жазаға кеседі. Оның жазасы мынау: Сизиф үлкен бір тасты шың басына шығаруы керек. Бірақ межеге жеткен сайын әдіре қалғыр әлгі тас етекке қарай домалап кетеді. Сизиф оны қайыра көтереді, тас қайыра ылдиға құлдилай түседі. Осылайша, мәңгілікке тасты итерумен болады ол. Сөйтіп, мақсатына ешқашан жете алмайды.

Міне саған баянсыз тірлік!

Кейде ай бойы айыл жи­­май тапқан-таянғаны тама­ғына ғана жететін бауыр­лардың осынау аянышты жағ­дайын көргенде, Сизифтің жағдайы еріксіз еске түседі...

Тағы сол мәнсіз әрекет! Тұр­мыс­тық түйткілден көте­ріліп, мі­­нез мінбесінен дүр­бі салсақ та, сол көрініс көз ал­ды­­мыз­ға ке­ле­ді.

Мақтангерлік уағдасымен марапатқа ұмтылу;

Күрделі сөйлеп күдірейіп, ақылды болған сыңай таныту;

Ешкімге қажетсіз еңбек жазып, елендің деген емеурін күту жүйкеңе жүк, санаңа салмақ болуға татымайтын кү­­шеншек кісінің тірлігі ғана. «Баян­сызға бәрі құл, жын­данбаған пенде жоқ» деп бір-ақ сөзбен бүкіл ойыңды бүктей салған Шәкәрім де әулие ғой, шіркін.

Айтпақшы, домалап кет­­кен тасын қайта итеруге жо­ға­рыдан түсіп бара жатқан сәті бар ғой Сизифтің. Сол уа­қытта ол не ойлады екен?