Өнер • 23 Мамыр, 2024

«Апалы-сіңлілі үшеу» – жастар театрының жаңа белесі

142 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қысқа жазуды шығармашылы­ғы­ның ғұмырлық қағидасына айналдырған орыс классикалық әдебиетінің кемеңгері Антон Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» атты пьесасын Алматы көрермені театрдың әдепкі тарихында алғаш рет ұзақ форматта тамашалады.

«Апалы-сіңлілі үшеу» – жастар театрының жаңа белесі

Үш қыздың басындағы оқиға­ны үш сағатқа жоспарлап, зе­ріктірмей сахналау үшін кө­рерменді тапжылтпай ұстап отыратын режиссерден талант пен тапқырлық, актерден шеберлік, бастысы, пьесаның бүгінгі өмірмен байланысы болуы керек. Ұлттық театр дүниесіне өзгеше тыныс әкелген дарынды режиссер Фархад Молдағали көркемдік жетекші қызметіне келгелі әр қойылымы дүбірлеп өтетін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірім­дер театры тұрақты көрерменіне тал­ғам-таразы өлшемін биік етіп белгілеп бер­ді. Жаңа премьераның көркемдік дең­гейі өткен қойылымнан кем түссе, көрер­мен мұны бірден сезеді. «Апалы-сіңлілі үшеу» – көрермен талғамын тәрбиелеуге, өре­сін өсіруге бағытталған театр мақсаты­ның кезекті бір қадамы.

л

Оқиға Прозоровтар отбасының тө­ңірегінде өрбиді. Ата-анасынан жақсы тәрбие алған сұлу да сымбатты Ольга, Маша, Ирина Прозоровалардың бүкіл ­арманы, есіл-дерті – Мәскеу, Мәскеу, Мәс­кеу! «Мәскеуге кетсек» дейді. Қанаты болса, қазір ұшып кетердей, ал Мәскеуге жетсе, бақытты болып кетердей, өмір де өзгеріп сала берердей қиырдағы қалаға соншама ынтық. Олардың өміріндегі барлық оқиға тек Мәскеумен байланыс­тырылады. Себебі олар Мәскеуде туған, әкелерінің тірі кезінде, балалық шағы Мәскеуде өткен, ұмытылмастай болып жадында сақталған. Мәскеу туралы айтқанда екі көздері шоқтай жанып, ерекше махаббатпен еске алады, елжіреп сағынады. Мәскеуге жетсе, көңіл түкпірінде жасырулы бар арманы орындалатындай елегізиді. Бірақ Мәскеу туралы айтқан сайын қала бұлардан қашықтап, арадағы оқиғалар арманды құр сағымға айналдырып, ауыр өкінішке қарай бастап бара жатқаны аңдала түседі.

Сахна шымылдығы ашылған бетте апалы-сіңлілі үш қыздың қонақжай ша­ңы­рағында басталған думанды кештің сауығы мен жайылған дастарқаны спектакльдің соңына дейін жиылған жоқ. Үш қыз тұратын қалаға көшіп-қо­нып жүретін әлдебір әскери полк уақытша келіп жайғасқан. Әкелері әске­ри қызмет атқарған қыздар полкте боры­шын өтеп жүрген әскерилерді жатсын­бай, үйіне жиі қонақ етеді. Бірақ қонақ жігіттердің көзі қыздарда болғаны­мен, қыздардың көңілі далада. Үш қыз­дың үлкені Ольга – Толқын Нұрбекова отырып қалған кәрі қыз, сөйте тұра өзіне ғашық болып жүрген барон Тузенбахты көзге ілмей, сіңлісі Иринаны икемдеп, күйеуге шығуға үгіттеп әлек. Мәскеуде тек жақсы адамдардың ғана тұратыны­на жан-тәнімен сенетін Ирина – Мадина Өсербаева әпкесінің ақылын алғысы келеді-ақ, бірақ аңсаған нағыз махаббатын, қиялымен сомдап алған сүйіктісін Мәскеуде жолықтыратындай көңілі алысты көздеп, алып ұшып тұр. Екеуіне қарағанда салмақтырақ Маша – гимназия оқытушысы Кулыгиннің әйелі, Кулыгин – Нұржан Асылхан Машаны ессіз сүйеді, бүкіл әлемді табанына тастағысы келеді, ал Машаның – Гүлбаһрам Байбосынова­ның көңілі сірескен мұз сияқты күйеуі­не бір жібімейді. Күйеуі иілген сайын жүрегіндегі тоң қалыңдай түсетіндей, сүймеген әйелдің өмірі сұрықсыз тарта түседі. Әйелінің немқұрайдылығы Кулыгинді күйеу емес, иесіне еркелеген күшік тәрізді аянышты, қорғансыз кейіпке түсірген. Әйелінің алдында төмендей беретініне, мұз жүрегін жібіте алмағанына арланбайды, қорланбайды, керісінше, құлына айналғанын қуаныш, бақыт көреді. Күйеуі үшін Маша қорла­нады, жаны азапталады.

ол

Машаның өмірі Вершинин келген күннен бастап өзгеріп сала берді. Түр-тұрпаты келісті, білімді, ішкі мәде­ниеті биік Вершинин – отбасылы, әйелі, екі қызы бар. «Полковник» деген лауа­зымының өзі оның кім, қандай екенін меңзеп тұр. Ең қызығы, Вершинин – Ерлан Кәрібаев келгеннен кейін Маша­ның өмірінде ғана емес, Мүсірепов театры­ның сахнасында да қозғалыс пайда болды. Вершинин – пьесаның беломырт­қа бейнесі. Чеховтың сырын ішіне бүк­кен бейкүнә кейіпкерлерінің мінезі осы тұс­та бірте-бірте ашыла береді. Мына жүр­ген кейіпкерлердің бәрі де мәдениетті, ел қорғау сапындағы зиялы азаматтар, бі­рақ адам да, қоғам да азып-тозған. Сырт­тай сыпайы адамдардың айлакерлігін, екі­жүзділігін жайып салатын сахнаны режиссер Фархад Молдағали адамның бет-жүзін бес есе үлкейтіп көрсететін айнаның алдына әкеп көрсеткендей, ішкі әлемінің қоясын аямай ақтарады. Ішімдікті суша сіміретін, мақтаншақ, сөзі басқа, ойы бөлек, алдамшы адамдар әлден уақытта жирендіре бастайды. Мысалы, Вершинин әйелінен отбасындағы ахуал­ды баяндаған хат алып тұрады.

Алыста болса да, полковниктің табы­сымен қиналмай өмір сүріп жүрген әйелі  – жан дүниесінің арпалысын жеңе алмай үнемі күйзеліс үстінде жүретін бейбақ адам. Оның себебі де белгілі, ана ретінде дүние есебі түгел болғанымен, күйеуінің махаббатын сезінбеген, жалғыздықтан жаны жараланған әйел. Ерлан Кәрібаев осы сахнаның бәрінде өзіне өзі көңілі толатын, пәлсапа соққан оптимист Верши­ниннің мінезін шынайы жеткізді. Бір жағы, бұл кейіпкерлердің бәрі жақын адам­ың сияқты аяйсың, ада­сып жүрге­нін ақтап алғың келеді, түсін­гің келеді, ал кейде қарекеті жоқ, құр қиялдың жете­гінде жүрген жатыпішер жал­қау­лар­дан түңілесің. Бәрі де өмірдегідей, әрқай­сының сыры мен мұңы тым жақын, тым та­ныс болғаннан кейін өмірдің мәнін ке­йіп­керлермен бірге қосыла іздегің келеді...

дж

Қарсылықсыз қозғалыс жоқ. Өмірдің мағынасын, махаббаттың мәнін толға­ған спектакль зұлымдық пен әділетті­лік, қаһар мен мейірім сияқты драма­ның дәстүрлі шиеленісін емес, сезімдердің тайталасын, қырым қатпарлы адам жаны­ның иірімін, бірде от, бірде мұз көңілін, оның түсініп болмайтын жұмбақ сырын көрсетеді. Андрей Прозоровтан бастап Қызметші, Вершининнің кішкентай екі қызына дейінгі актерлердің мол ансамблін жасақтаған спектакль персонаждарының көптігімен ерекше. Кейіпкері көп, кең тынысты қойылымдағы әр кейіпкердің арқалаған өз жүгі бар. Зиялы қонақтар­ға бәліш пісіріп, дастарқан жасап, екі аяғына алма-кезек салмақ салып, көлден шығып, күркесіне беттеп, мамырлай жүрген үйрек секілді томпандап жүрген Анфисаның рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Райхан Қалиолдина ойнап жүргенін көрермен алғашында тіпті де сезген жоқ. Ас-судың қамын ғана білетін орыстың қонақжай маржасын дәл осылай айна-қатесіз кейіптеу – шын шеберлік.

Барон Тузенбах – Дархан Сүлейменов пен дөрекі, дойыр Соленый – Жомарт Зейнәбіл жекпе-жек дуэльге шыққанда, өзін зиялы санап жүрген адамдардың бірі де арашалауға ұмтылмайды. Бірі өліп, бірі қалсын. Өзі аман болса, болды. Түгел өзімшіл. Қызметіне байланысты Ғ.Мүсірепов театрында көптен көрінбей кеткен белгілі актер Рахман Омаров осы жолы Иван Чебутыкин­нің рөлінде жарқ етті. Бұл да үш қыздың анасына ғашық болған махаббаттың құлы. Отбасын құрмаған, жалғызбасты еркек Прозоровтардың үйін ғана пана тұтады. Масаң тартқанда келіп мұң шағатын жері осы үй. Р.Омаров үйленбеген, кәсібінде де жетістікке жетпеген, бар өмірі босқа өткен мақсатсыз жанның әлсіздігін сенімді сипаттай алды.

«Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасындағы көңіл аударатын сахнаның бірі – үш қыздың жалғыз бауыры Андрей Прозоров пен оның қалыңдығы Наташаның қарым-қатынасына құрылған. Екінші пландағы жарқын бейнелердің бірі Наташаны кейіптеген Динара Нұрболат Андрей мен оның әпкелерінің алдында ғана сыпайы сөйлейтін сүйкімді жан, ал шын бейнесі Анфиса сияқты үй қызметшісімен бетпе-бет қалғанда айқын көрінеді. Өктем, адуынды. Андрейге күйеуге шыға сала, Прозоровтарды билеп-төстегісі келетінін ашық байқатып, ол аз болса, күйеуінің бастығы Протоповтың жақын адамына айналып, жеңілтектігімен бүкіл қалаға аты шығады. Демнің арасында өзгеріп шыға келген Наташа онысына еш қысылмайды да. Динараның сахнада өзін еркін ұстай алатыны, ашық, зор дауысы спектакль ырғағының бәсеңдеп кетпей, әрекет-қозғалыс белсенділігін үстемелеп отырады. Ал Ұлан Болатбек бейнелеген Андрей – әйелжанды, жақсы мен жаманды ажырата алмайтын ынжықтың өзі. Қала тұрғындарының мазағына айналып, сүйреңдеген сөз жүрегіне оқ бо­лып қадалса да, бастығымен әуейі болған әйелі­нің алдында дәрменсіз.

Спектакльдің шарықтау тұсы – Маша мен Вершининнің қоштасатын сәті. Әскерилер қаладан кетіп жатты. Вер­ши­нин де кетуі керек. Машаның құр сүл­дері. Вершининмен қол ұстасып, бір­ге кетпек болып соңынан жүгіріп еді, салқынқанды полковник оны иығына артып алып, үйінің алдына қайта әкеліп тас­тады. Маша кеудесінде жаны жоқ өліп қал­ған адам сияқты. Танымал актриса Гүл­баһрам Байбосынованың өртеніп сүйе тұрып, жауапсыз махаббатың құрба­ны болып, қайғысын ішіне жұтып, қатып қал­ған осы сәттегі бейнесі көрермен есінде мәңгілік сақталып қалатыны сөзсіз. Ал көрерменнің өз кеудесіндегі жүрек соқ­ты ма, соқпады ма, әлде бір сәтке тоқтап қалды ма, белгісіз, қараңғы залда тас болып қатып қалғаны рас. Оқиғаның дәл осылай шарықтағанын ешкім күтпеді. Тек егілген көз жасының үні болатынын, өксік аралас ол үн жанның дауысы екенін әр көрермен өзі естіді. Катарсис деген осы. Бойды буып тұрған жаман нәрсенің түгін қалдырмай жуып-шайып, тазалап кетті. Бір шаңырақты шырмауық секіл­ді кеңірдегінен шырмап алған шырға­лаң осылай аяқталды. Ал шырмауық қа­лай шешіледі – әр режиссердің шебер­лігі біледі. Осы сезімді сыйлаған Антон Чехов­тың да, шым-шытырықтың іші­нен ­шы­н­дықты суырып алып, жүрек­ті шымыр­латып, жанды шырылдатқан Фархад Молдағалидың да ұлы миссия жолын­дағы қызметінің адалдығын атап өтпеске болмайды.

Жаңа премьераны тамашалауға жай­ғасып жатқанда М.Әуезов атындағы Ұлт­тық драма театрының бір шоғыр әртіс­тері де қаздай тізіліп келіп сах­наға көз тікке­нін көргенбіз. Осыдан он жыл бұрын бұл пьесаны М.Лермонтов театрының ди­рек­торы, режиссер Рубен Андриасян ар­найы әкемтеатр үшін сах­налаған болатын. ­Сол спектакльде ойнаған әртістер­дің бар­лы­ғы да жастар театрындағы әріп­тес­те­ріне құ­шақ-құшақ гүл шоқтарын алып, ­құр­мет көрсете келген беті екен. Арасында Данагүл Темірсұлтанова көз­ге оттай басылды. Қара шаңырақ қой­ған спектакльде Ольганы ойнағаны еске түсіп, антракт кезінде дереу актрисаны сөзге тартып, алғашқы әсерін сұрадық. «Иә, Р.Андриасян қойған спектакльде мен де Ольганы ойнағанмын. Театрішілік «Қара шаңырақ» фестивалінде «Апалы-сіңлілі үшеу» «Үздік спектакль», ал Ольга рөлі үшін мен «Үздік актриса» атанған едік. Ал бүгінгі премьераның режиссері Фархад Молдағали – еліміздің театр әле­мінде ерекше қолтаңбасымен дара шауып келе жатқан бірегей режиссер. Ол қойған спектакльдер республикалық, халықаралық театр фестивальдарынан жүлдесіз оралған емес. Бүгінгі таңдағы режиссерлердің көпшілігі қазақ, орыс, әлем классикасын сахналаса да, заманауи пьесаларды қойса да, неге екенін білмеймін, қуалап әкеп форманың ішіне салып тастайды. Спецэффектімен, музыкамен, жарқ-жұрқ еткен мизансценалармен, декорациямен көңіліңді аударып, арасынан актердің жұмысын көре алмай қалып жатамыз. Ол қойылымдарды тамашалап отырып 3D, 4D кино көргендей боласың. Түсінемін, бұл да керек. Бірақ бұл спектакльдегі ұнаған дүние – театр басшылығы актерлердің биік сатыға көтерілуіне мүмкіндік сыйлағаны. Мұндай спектакльде образ жасау екі актердің біріне беріле бермейтін мүмкіндік. Ең алдымен, спектакль актерлердің дұрыс таңдалуымен ұтып тұр. Актерлердің өскенін, пауза ұстаудың психологиялық қырын меңгергенін, кейіпкерінің мұңына ортақтаса алатынын көрдім. Бұл үлкен жауапкершілікті, шығармашылықпен зер сала қарауды, терең тебіреністі қажет ететін спектакль. Актерлердің көп жұмыс істегені көрініп тұр. Тағы бір байқағаным, Фархад актерлерге толықтай еркіндік берген. Әр актер өз кейіпкерін қалауынша белгілі бір биікке дейін көтерген. «Аһ» дегізген әдемі тұстары да бар, кей детальдарға көңіл толмай, «әттеген-ай» деп қамықтырып қойған жері де бар, актердің көңіл күйіне байланысты кейде шарықтап, кейде жеткізбей қалған олқы тұсының бәрі уақытпен бірге орнына келеді деп ойлаймын. Өзім де осы оқиғаның ортасында өмір сүріп, басымнан өткізгеннен кейін оның бәрін түсініп отырдым. «Қанша ғасыр өтсе де, құндылығын жоғалтпайтын орыс классикасының маржанын қазақ көрерменіне жарқыратып көрсетіп, жаманынан жирендіре алғаны үшін, сырын ішіне бүккен адамның жұмбақ жанын, шындығын, шырылын алақанға салып көрсеткені үшін Ғ.Мүсірепов театрына рахметімді айтамын», дейді белгілі сахна шебері ағынан жарылып.

Спектакль абстракция, символика деген сәнді штрихтардан ада, классика­ға адалдық таныта отырып, кейіпкерлер­дің жанды қарым-қатынасын көрсетуге бағытталған табиғи, таза дүние болып шыққан. Түпнұсқа мәтінді сақтай оты­рып, сахнаға сай сәтті жүйеленген, көрермен аудиожазба тыңдағандай, пьесаны өзі оқып отырғандай әсер алады. Бұл – пьсаны қазақ тіліне аударған белгілі қаламгер, театр сыншысы Әлия Бөпежанова­ның қажырлы һәм кәсіби еңбегінің нәтижесі.

Спектакльдің басында «Мәскеу! Мәс­кеу!» деп алып ұшқан апалы-сіңлілі үшеудің арман жетегіндегі алқынған жү­регінің соғысы пьесаның ақыр соңына қарай өрекпіген екпіні басылып, баяу ырғақ табады. Ыстыққа күйіп, суыққа тоңған, алданған, суынған, өмірдің асау толқыны әрі-бері сабалап, сабасы­на түсіріп, жағалауға итеріп шығарған ­жаң­қа секілді қалтылдаған құнсыз көңіл «жай ғана өмір сүруге» көндігіп, тағ­дыр­дың жазғанына бойсұнады. Қазақша қи­сындағанда, «Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран», осының арасында «адам қайт­се қалады адам болып», темірқа­зық түйін осыған тірелді. Өмір адаммен осылай ойнайды. Ал адам, адамға қысқа болса да, ойлануға кең мүмкіндік берілген. Ойланбаса, өз соры...

 

АЛМАТЫ