Мәселе • 09 Мамыр, 2024

Кедендегі кедергі неден?

38 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеден бекетінен әрі-бері өткенде кедергі көп, кейде кептеліс бар. Оның бәрі дерлік кеден бекетінің берік ереже-тәртібін білмеу мен түсінбеудің салдары. Жеке тұлға шекарадан тауар өткізгенде ол зат қандай жағдайда жеке пайдалануға арналған болып есептеледі? Онда қандай тыйымдар мен шектеулер бар? Бұл жөнінде жеке пайдалануға арналған тауарларды кеден бекетінен өткізу тәртібіне қатысты өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Кедендегі кедергі неден?

Коллажды жасаған – Алмас манап, «EQ»

Қай затты қанша алып өте аламыз?

Мемлекеттік кірістер комитеті Саудалық емес айналым басқармасының бас сарапшысы Қуат Қалдашевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу тәртібі мен шарттарының ерекшеліктері Кедендік кодекстің 39-тарауында айқын­дал­ған. «Кеден одағы кедендік шекарасы арқылы жеке тұлға өткізетін заттарды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызудың критерийлеріне сәйкес келесі тауарлар жатады», деген ол рұқсат етілетін дүниелердің санын тізбектеді.

Егер олардың саны мына көрсет­кіш­терден аспаса: тауар позициясында жіктелетін аң терісінен жасалған бұйымдар 1 зат, ұялы телефон, смартфон, планшет – бір адамға 2 бірлік, портативті тасымалданатын компьютерлер және олардың керек-жарақтары (ноутбук, нэтбук) – бір адамға 1 бірлік, зергерлiк бұйымдар – бiр адамға 5 зат, велосипед – бiр адамға 1 дана, бала арбасы – бiр адамға 1 дана. Сонымен қатар Кеден одағы кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғаның өту және оның тауарларды өткізу жиілігі айына 1 реттен аспауға тиіс. Ал Кеден одағы кедендік аумағына кез келген тәсілмен әкелінетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдары, егер олар­дың саны жылына 1 бірліктен асса, кәсiп­керлiк қызмет мақсатына арналған деп қарастырылады. ЕАЭО кедендік аума­ғына жеке пайдалануға арналған тауар­лар Еуразиялық экономикалық комис­сия кеңесінің шешіміне сәйкес құндық, салмақтық және сандық нормалар шегінде ғана әкелінеді.

«Өткен айдан бастап бажсыз әкелу шегі өзінің бұрынғы деңгейіне дейін төмендеді. Яғни әуе тасымалынан басқа жаяу және ілеспе немесе ілеспе емес багажбен әкелінетін тауарлар үшін норма 500 еуро және 25 кг құрайды. Ал тасымалдаушы немесе халықаралық пошта жөнелтімдері арқылы жеткізілген тауарлар үшін норма 200 еуро және 31 кг. Егер тауардың құны мен салмағы көрсетілген нормалардан асып кетсе, тауар құнының 30%-ы төленеді. Бірақ ілеспе немесе ілеспе емес багажда әкелінетін тауардың асып кету бөлігінде 1 кг салмақ үшін берілетін ақы 4 еуродан кем болмайды», деді Қ.Қалдашев.

Оның айтуына қарағанда, егер тасымалдаушы немесе халықаралық пошта жөнелтімдерінде жеткізілген тауарлар нормадан асып кетсе, құн нормасынан асып кету бөлігінде тауар құнының
15 пайызы төленеді. Бірақ салмақ нормасынан асып кету бөлігінде 1 кг салмақ үшін кемінде 2 еуро ақы төленеді. Сондай-ақ жеке тұлғалармен жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу шеңберінде, төменде өткен жылғы және биылғы 1-тоқсандағы кезеңге ҚР заңнамасына сәйкес анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтер келтірілген.

Есірткі заттары мен прекурсорлар­дың контрабандасы тыйылмай тұр екен. Былтыр – 67 факт, биыл 1-тоқсан – 42 факт. Тиісті материалдар қылмыстық іс қозғау үшін уәкілетті органға берілді. Онда валютаны заңсыз шығару да бар. Былтыр 9,3 млн АҚШ доллары шетелге шығарылып кеткен. Жалпы, 198 әкімшілік іс қозғалып, 6,8 млн теңге айыппұл өндірілді. Биыл 1-тоқсан – 2,1 млн АҚШ доллары. Ол бо­йынша 52 әкімшілік іс қозғалып, 1,9 млн теңге айыппұл салынды.

Мәселен, 2023 жылғы 4 мамырда Шымкент-Ыстанбұл рейсінде құны – 41,1 млн теңгені құрайтын, салмағы – 1,434 кг алтынды заңсыз әкету әрекетінің жолы кесілді. Аталған құқық бұзушы­лық Экономикалық контрабанда бо­йынша қыл­мыстық іс қозғау үшін ЭТД-ға беріл­ген. Бұдан бөлек, «Қорғас» ШЫХО-да 2024 жылғы 13 наурызда кеден­дік бақылау жүргізу кезінде Ұлттық қауіп­сіздік комитеті Шекара қызметімен бірлесіп, «Toyota» автокөлігінің қосалқы дөңгелегінде бақылаудан жасырылған «ақбөкен мүйіздері» анықталған. Жалпы саны – 205 дана. Қылмыстық іс қозғау үшін материалдар уәкілетті органға берілді.

 

Кедендік құн қалай айқындалады?

Тауарлардың кедендік құнының айқындалуы бюджетке төленетін кедендік төлемдер мен салықтардың мөлшеріне тікелей әсер етеді. Сондықтан кеден органдарының осыған қатысты бақылауы кәсіпкерлер үшін маңызды болып табылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Тарифтік реттеу және құн басқармасы басшысының орынбасары Қ.Асаубаева айтып берді.

«Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құны 2017 жылғы 13 желтоқсанда елі­міздің заңымен ратификацияланған ­Еу­­ра­зия­лық экономикалық одақтың ­Ке­ден­ кодексі туралы халықаралық шарт­­қа­ (ЕАЭО КК) сәйкес айқындалады. Ал та­­уар­­­­лардың кедендік құны оларды ке­ден­­дік рәсіммен орналастыру кезінде анық­­­­тал­майды. Оның тәртібі былай: 1) ке­­­­ден­дік транзит, 2) кеден қоймасы ке­ден­дік­ рәсімі, 3) кедендік жою тәртібі, 4) мемлекет пай­дасына бас тартудың ке­ден­дік рәсімі немесе 5) арнайы кедендік рә­сім», деді басқарма басшысының орынба­са­ры.

Әйтсе де одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құны өз еліміздің Кедендік кодексіне сәйкес айқындалады екен. Сарапшының сөзіне құлақ қойсақ, тауарлардың кедендік құнын декларант анықтайтынын баса айтқанымыз жөн. Мұнда тағы бір ескерілетін нәрсе, тауарлардың кеден­­дік құны мен оны айқындауға қатыс­ты мәліметтер анық, сандық түрде айқындалған және құжатпен расталған ақпаратқа негізделуге тиіс.

«Тауарлардың кедендік құнын айқын­дау рәсімдері жалпыға бірдей болуы керек. Яғни тауарларды жеткізу көздеріне, оның ішінде шығарылған жеріне, олардың түріне, мәмілеге қатысушыларға және басқа да факторларға байланыс­ты ерекшеленбегені ләзім. Десек те тауарлардың кедендік құнының негізі мүмкіндігінше ЕАЭО КК-нің 39-бабында айқындалған мәнде осы тауарлармен мәміленің құны болуға тиіс. Ал әкелінетін тауарлардың кедендік құнын олармен жасалған мәміленің құны бойынша айқындау мүмкін болмаған жағдайда заттардың кедендік құны дәйекті қолданатын (2-әдіс), біртекті (3-әдіс) тауарлармен жасалған мәміленің құны бойынша әдістерге, қосу, шегеру әдістеріне және резервтік әдіске сәйкес айқындалады», деді Қ.Асаубаева.

Бұл ретте бірдей, біртекті тауарлармен мәміле құны бойынша әдістерге сәйкес әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін құндық негізді таңдауды негіздеу мақсатында кеден ­органы мен декларант арасында консультациялар жүргізілуі мүмкін екен. Кедендік декларациялау кезінде мәлімделген тауар­лардың кедендік құнына кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органы тауарлардың кедендік құнын айқындау мен мәлімдеудің дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады.

2018 жылдан бастап елімізде кедендік декларациялау «Астана-1» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жасалады. Негізі тауардың кедендік құнын бақылау тауар шағарылғанға дейін де, одан кейін де атқарылады. Тәртіп бо­йынша Тәуекелдерді басқару жүйесі тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізуді тағайындаған кезде, затты шығарғанға дейін кеден органының қызметкерлері ЕАЭО КК-нің 325-бабына сәйкес құжаттар мен мәліметтерге және кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындауды қамтамасыз ету сомасы мөлшерінің есебіне сұрау салу жолдайды.

Спикерлер кәсіпкерлерге жақсы жаңалық бар екенін айтты. Бұдан былай ЕАЭО кеден заңнамасында сыртқы эко­но­микалық қызметке адал қа­ты­су­шы­лар үшін жеңілдіктер қарасты­рыл­ған. Олар түгелімен тексеру барысында мәлім­делген кедендік құнды растайтын болыпты.

Егер тауар шығарылғанға дейін басталған құжаттар мен мәліметтерді тексеру нәтижелері бойынша мәлімделген кедендік құны расталса, сондай-ақ шарттар бір мезгілде орындалған болса, төмен­дегідей тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізілмейді:

- бір сыртқы экономикалық келісім (келісімшарт) шеңберінде мәміленің өзгеріссіз шарттарымен әкелінетін импорттық тауарлар мен бұрын әкелінген тауарлар бірдей болса;

- әкелінетін тауарлардың кедендік құнына бақылауды жүзеге асыру кезінде бұрын әкелінген бірдей тауарлардың кедендік құнына бақылауды жүзеге асыру кезіндегідей мән-жайлар анықталса;

- тауарларға арналған декларацияда тауарлардың кедендік құны бұрын расталған тауарларға арналған деклара­цияның тіркеу нөмірінде көрсетілген болса;

- бұрын әкелінген бірдей тауарлар шығарылған күннен бастап уақыты бағаланатын тауардың ДТ тіркелген күнінен бергі күнтізбелік 180 күннен аспаса, тауардың кедендік құнына бақылау қайта жасалмайды.