Қазақстан • 29 Наурыз, 2024

NCOC компаниясына 12,4 млрд теңге айыппұл салынды

975 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Каспий теңізіндегі «Қашағаннан» мұнай өндіріп жатқан NCOC компаниясы 12 млрд 419 млн теңге айыппұл төледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

NCOC компаниясына 12,4 млрд теңге айыппұл салынды

Фото: 7kun.kz

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметінше, 2022 жылы «North Caspian Operating Company» (NCOC) компаниясының теңіз кешеніне тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде бірнеше бұзушылық анықталған. Оның ішінде экологиялық талаптарды бұзу, экологиялық рұқсатсыз күкіртті газды жағу, өндірістік суларды Каспий теңізіне тазартусыз ағызу фактілері бар.

«NCOC компаниясына қатысты 5 әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік істер Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Биылғы ақпан айында Атырау қаласы сотының апелляциялық сатысымен компанияға 12 млрд 419 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде төленді», деп хабарлады аталған комитеттен.

Қазір бұзушылықтарды жою туралы бұйрық Жоғарғы Сотта қаралып жатыр. Дегенмен, Астана қаласы сотының 1-ші және 2-ші сатысында нұсқама заңды және негізделген деп танылған.