Еңбек • 19 Наурыз, 2024

Еңбекке сай нәпақа

67 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жылы Шымкентте жолаушы тасымалдау ком­паниялары «ТТК», «Радуга», «T-BUS» серік­тестіктерінде ереуіл бола жаздаған. Жолаушы тасымалдау қызметі әрдайым субсидияға мұқтаж екені рас. Қазір қалада жап-жаңа автобустар қыз­мет көрсетеді. Жоғарыда атал­ған компаниялар сол автобустарды «Shymkent» ӘКК-ден лизингке сатып алған.

Еңбекке сай нәпақа

Ай сайын 150-160 мың теңге лизингтің ақшасын төлейді. Ал бірақ автобусты күтіп ұстау, жүр­гізушінің айлығы, жанар-жағар­май шығынын есептегенде табыс түкке де жетпей қалады. Міне, осы шығындарды жабуға мемлекет субсидия төлейді.

Дегенмен жүргізушілердің шу көтеруіне басты себеп айлық мәселесі болды. Олар Алматы, Астанадағы шопырлар секілді 15 күнге 400-500 мың теңге айлық төлеуді талап етті. Кәсіподақ қала әкімдігімен бірлесіп бастапқыда айлықты 226 мыңға көтерді. Осымен дау-дамай басылғандай болды. Алайда сәл уақыттан кейін жүргізушілер тағы да айлық­ты көтерсін деп талап қойды. Кәсіп­одақ егер жұмысшылар талабы орындалмай, автобустар жұмысқа шықпай қойса, қалада нағыз дүрбелең басталады деп әкімдікті айлықты көтеру үшін экономикалық мүмкіндіктерді қайта қарауға көндіреді. Соның нәтижесінде жолаушы тасымалдаушы компаниялардың автобус жүргізуші қызметкерлері­нің жалақысы 370 мың теңгеге көтерілді.

«Шымкент қаласы кәсіп­одақ­тар орталығы» аумақтық кәсіп­одақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, жұмысшылар құқын қорғайтын ұйымның былтыр атқарған жұ­мыс­тарының бұл – бір парасы ғана. Жалпы, кәсіподақтың бір міндеті жұмысшылардың мәселесін дер кезінде шешіп, ере­уілге жеткізбеу дейді өкіл. Бұ­ған қоса кәсіподақ «Шымкент Рем­Сервис», «Рахат-Шымкент», «Кор­порация Береке А», «Оңтүстік құрылыс сервис», «Автокомбинат 4» серіктестіктерінде еңбек даула­рының алдын алды.

«Адамға ең бірінші керегі – лайықты жұмыспен қамтылу. Екін­шіден, еңбек орны қауіпсіз болуы шарт. Сонымен бірге жалақысы да қомақты, тұтыну себетіне сай болуы қажет. Былтыр елде 21% инфляция болды. Биыл 12%-ды шамалап тұр. Оған жұмысшының еш кінәсі жоқ қой. Сондықтан мекеме инфляцияға қарай жұмысшы­ның айлығын индексациялап отыруы қажет. Бұл – ең алдымен мемлекеттің жұмыс берушіге қо­йып отырған талабы. Яғни инфляция деңгейіне қарай айлықты индексациялау – міндет. Кез кел­ген мекеменің оған жағдайы келеді. Алайда көпшілігі олай ет­кісі келмей табысын жасырады. Пайда таппаса, ол мекеме жұмыс істемейтін еді. Әйтпесе, мәселен, бір ұйымның басшысы қос-қос көлікке, зәулім үйлер салуға ақ­шаны қай жақтан алып жатыр. Екі жылда қалада мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің айлығы 50% көтерілді. Енді осы бастаманы жеке кәсіпкерлер де қолдаса, нұр үстіне нұр болар еді. Кәсіпорындар та­быс тапқан сайын жұмысшылардың да айлық жалақысы көтеріліп ­отыруы керек. Шымкентте қазір­гі таңда орташа айлық жалақы – 270 мың теңге. Президент бастамасымен ең төменгі айлық жалақы еліміз­де 85 мың теңгеге көтерілді. Ол бастапқы кезде 42 мың теңге болатын. Содан 60 мыңға өсті. Енді 85 мың болып отыр. Атқарушы биліктің айлықты жоғарылатуға кәсіподақтың да үлкен ықпалы тигенін жасыруға болмайды. Ал негізінде ең төменгі айлық орташа жалақының 50%-ынан төмен болмауы керек. Мәселен, Шымкентте ең төменгі айлық 270 мыңның жартысы 135 мың теңге болуы шарт. Кәсіподақ айлық көтеру мәселесін 3 жылдан бері айтып келе жатыр. Біздің ел «еститін мемлекет» қағидасын ұстанатындықтан ең төменгі айлық жалақы 3 жылда 42 мыңнан 85 мыңға өсті. Дегенмен ол әлде де көтеріледі деген сенім бар. Бұйырса, 135 мыңға жетсе, кәсіподақ өз мақсатына жетті деген сөз. Тіпті айлықты есептеудің тың тәсілін Мемлекет басшысына ұсындық. Президент жаңа тәсілді пайдалану үшін арнайы жұмыс тобын құруды да тапсырды», деді Б.Әлтеев.

Кәсіподақ 2023 жылды «Қа­уіп­сіз еңбек жылы» деп жария­лапты. Соның аясында 44 семинар өткізген. «Халің қалай, бастауыш ұйымы?» деген акция ұйымдастырған. Кәсіподақ ұйымына мүше емес мекемелерге де барып еңбек қауіпсіздігі, еңбеккерлер құқығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Кәсіподақ төрағасының айтуынша, осындай семинарлардың нәтижесінде мегаполис кәсіп­орын­дарында өндірістік жарақат алу, жазатайым оқиғалар төмендей бастаған. Мәселен, 2022 жылы жазатайым оқиғалар саны 30 болса, 10 адам қайтыс болған. Былтыр 5 адам жұмыс орнында қайтыс болса, 19 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Тағы бір айта ке­терлігі, қаза болған 5 адамның төр­теуі – ешқандай кәсіподағы жоқ мекемелердің жұмысшылары. Яғни кәсіподақ төрағасының айтуынша, өндірістік жарақат пен қайғылы жағдайлардың алдын алуда кәсіподақтың атқарар рөлі үлкен болып тұр. Бұған қоса өндірістік жарақаттану деңгейі республика бойынша мың адамға шаққанда 0,31%-дан аспауға тиіс. Ал мегаполисте бұл көрсеткіш былтыр 0,017 %-ды құрады.

Сондай-ақ Шымкентте әлеу­меттік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жө­ніндегі өңірлік комиссия жұ­мыс істейді. Былтыр үшжақты ко­мис­сияның 6 мәжілісі өткен. Нәти­жесінде, 70 кәсіпорында жұмыс істейтін 1 150 қызметкердің 500 млн теңгеге жуық жалақы қарыздары қайтарылды. Еңбек дауларының алдын алудың, жұмысшылардың құқығын қорғаудың басты кепілі – ұжымдық шарт. Мегаполисте кәсіподаққа қарасты мекемелерде 1 755 ұжымдық шарт түзілді. Кәсіподақ төрағасының пікірінше, 6 мыңнан аса кәсіпорны бар қала үшін бұл көрсеткіш өте аз. Дегенмен мегаполистегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда орналасқан көптеген өндіріс орнында ұжымдық шарт түзілмеген.

Жалпы аумақтық кәсіподақ­тар бірлестігі республикалық кә­сіподақтар федерациясының Шымкенттегі өкілдігі болып са­налады. Оның 8 салалық, 7 жер­­гілікті кәсіподақ филиалдары бар. Шымкенттегі аумақтық кә­сіподақтар бірлестігіне – 60 мың­ға жуық адам мүше. Өз кезе­гін­де кәсіподақтар федерациясы 2024 жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялады.

 

ШЫМКЕНТ