Әйел әлемі • 10 Наурыз, 2024

Ұлдар командасындағы қақпашы қыз

641 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда футболдан қыздар командасы жоқ. Бірақ «Real­SportAcademy» ұлдар командасының қақпасын қорғайтын қақпашы қыз бар. Аты-жөні – Дильназ Барсаева. Иә, бұл –қалжың емес, рас.

Ұлдар командасындағы қақпашы қыз

Өзінің айтуына қарағанда, бес жасынан футболға қызыға бас­таған. Ұлдармен бірге доп қуа­лаған. Ал төрт жыл бұрын «RealSportAcademy» футбол ­клу­бы­ның құрамына алынған.

«Әркімнің қызығушылығы болады. Менің аңсарым футболға ауды. Мақсатым – бұқаралық спортты, оның ішінде футболдың қыздарға жат емесін насихаттау. Әрине, жетістікке жетуді көз­дедім. Бұл ойыма әкем-шешем қолдау білдірді», дейді Дильназ Барсаева.

Ол қақпашы болудың оңай емесін біледі. Өйткені коман­да­ның жеңісі қақпашының әбжіл­дігімен, шеберлігімен байланыс­ты ғой. Сол себептен, қақпа­ны қорғаудың қыр-сырын үйренумен келеді.

«Жаттығу кезінде допты ұстау техникасына мән беремін. Тіпті қақпаға тебілген доптың траекториясын білу керек. Құлауды үйреніп алдым. Ең бастысы, жылдамдық пен қырағылық танытуда қателеспеген жөн», дейді қақпашы қыз.

«RealSportAcademy» футбол клубының же­тек­­шісі Берік Мұраталы­ұлының айтуынша, Қазақстан футбол фе­де­­рациясының бас­тама­сы­мен 2021 жылы жеке клубтардың рес­пуб­­ли­калық лигасы құ­рыл­ған. Клубтың қақпа­шысы Дильназ Барсаева былтыр аталған лигада үздік қақпашы атанған.

«Футбол клубының Instagram парақшасы­на «Қыздарды қа­был­дайсыздар ма?» деген пікір жазылды. Оны Дильназ деген қыз жазыпты. Алғашында таңданғаным рас, кейін клубқа шақырдым. Әке­сімен бірге келіп, қақпашы бол­ғысы келетінін айтты. Пысық екен, каратэден біраз жетістігі бар. Ол – шапшаң қимылдайтын, қайсарлығы басым қыз. Алдағы жылы шетелде өтетін жарысқа жіберуді жос­парлап отырмыз», дейді Берік Мұраталыұлы.

Қазір қақпашы қыз Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сыныбында оқып жүр. Химия мен ин­форматика пәндерін ұнатады. Бірақ болашағын футболмен бай­ла­ныстыруды көздейді.

«Әр спорттың талабы бар ғой. Ұлдар ойнайтын командада ұдайы болуға мүмкіндік жоқ. Сол се­бептен, қыздар командасы­на ауыс­­қым келеді. Шеберлігім­ді жетіл­діріп, еліміздің, бәлкім, Еуро­паның клубтарында ойнайтын шығармын. Бұл – менің арманым», дейді ол.

 

Атырау облысы