Аймақтар • 02 Наурыз, 2024

Павлодарда Ұлттық ұланның модульдік казармалары ашылды

64 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертіс өңіріндегі 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері үшін модульдік үлгідегі заманауи казармалардың ашылуы өтті. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жабайбек, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев пен өзара іс-қимыл органдарының өкілдері  қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Павлодарда Ұлттық ұланның модульдік казармалары ашылды

Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Модульдік казарманың қызыл лентасын ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов пен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев қиды.

«Бүгін біз модульдік үлгідегі жаңа казармалардың ғимараттарын салтанатты жағдайда аштық. Бұл сарбаздарға деген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ел басшылығының, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қамқорлығы деп білгейсіздер.

аа

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері әрқашан жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қорғайды. Осы бағытта абыройлы қызмет ете беріңіздер.

5512 әскери бөлімінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жедел мақсаттағы батальон ғана емес, сонымен қатар арнайы мақсаттағы бөлімшелер де бар. Мұндай жаңашылдықтар алдағы уақытта да жалғасын табады», деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.

Жаңадан салынған модульдік ғимараттар әртүрлі мақсатта қолдануға арналған бөлмелерден тұрады. Атап айтқанда, модульдік казарма кезекші бөлмелерден, демалуға, оқ-дәрілерді, қаруды сақтауға, қаруды тазартуға, жеке броньды қорғаныс және белсенді қорғаныс құралдарын сақтауға арналған бөлмелерден құралған. Сондай-ақ мұнда кезекші бөлімшенің демалыс, жатын бөлмелері, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер, санитарлық торап, душ бөлмесі, спорт зал, жаттығу залы, жауынгерлік дайындық сыныбы, арнайы дайындық тактикасы сыныбы, ақпараттық-тәрбие сыныбы, киім-кешек пен аяқ киімді кептіруге арналған бөлме, қойма, автотехниканы сақтауға арналған бокстар бар.

«Ұлттық ұлан сарбаздарына арналған жаңа нысан сапалы салынған. Сондықтан құқықтық тәртіп әскерінің Павлодар облысының орталығында қызмет етіп жүрген әскери қызметшілерін құттықтаймын! Осындай модульдік ғимараттар көбірек салынуына тілектеспіз. Біз Ұлттық ұланмен бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз», деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жабайбек.

Сондай-ақ салтанатты іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Светлана Шин және «Нұр ана» қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары Талжібек Атамбек қатысып, сөз сөйледі. Ал өз кезегінде «Аналар жүрегі» комитетінің жетекшісі Лилия Хайруллина модульдік казарманың көңілінен шыққанын атап өтті.

«Біз балаларымыздың озық техникалармен жабдықталған осындай тамаша казармада тұратынына қуанып отырмыз. Ғимаратты аралап шықтым. Казарма өте жылы және жайлы екен.  Осындай заманауи казармалар сарбаздардың алаңсыз қызмет атқаруы үшін жасалған», деді Лилия Хайруллина.

Іс-шараның ашылу салтанатынан кейін құрметті қонақтар жаңа нысан ішіне кіріп, сарбаздарға жасалған жағдаймен танысты.

«Бір қабатты жаңа казармада бізге барлық жағдай жасалған. Күнделікті тыныс-тіршілігімізге қажетті заттардың бәрі бар. Бұл жерде спорттық дайындық та жасай аламыз. Сабақ өткізуге арналған сыныптар да кең. Сондықтан бізге алаңдаулы ата-аналарымыз бен бауырларымызға жағдайымыздың жақсы екенін жеткізгім келеді», деді 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұрлан Тәжі.

Айта кетейік, енді жедел полктің сарбаздары жиһаздары мен жабдықтары орнатылған жаңа модульдік ғимараттарда тұрады. Әр казарма 100 сарбазға арналған. Жаңа тұрғын үйлердің ерекшелігі көп: олар блокты-модульді, тікбұрышты типті және әрқайсысының ауданы 1200 шаршы метрді құрайды. Автотехникаларды сақтауға арналған бокстардағы еденнен төбеге дейінгі биіктік – кемінде төрт метр, қалған үй-жайлардың биіктігі – кемінде үш метр.

Еске салайық, 5512 әскери бөлімі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 23 қазандағы қаулысымен Павлодар қаласында жеке арнайы моторлы милиция батальоны ретінде жасақталған.

2021 жылдың 9 желтоқсанында батальон полк болып қайта құрылды. 5512 әскери бөлімінің 200-ден аса әскери қызметшісінен тұратын жеке құрамы Павлодар қаласында 80 жаяу патрульдеу маршруттарында және 6 автомобиль маршруттарында қызмет атқарады.

Полктің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылының негізгі бағыттары – ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтау, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге қатысу, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ төтенше және соғыс жағдайының құқықтық режимдерін қамтамасыз етуден тұрады. Бұдан бөлек, терроризмге қарсы операцияларға, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларға қатысады.

дд