Жастар • 26 Ақпан, 2024

Жігерлі жастар жарқылы

383 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы «Теңіз» кенішінде жұмыс істейтіндер көп. Өзге елдерден келгендер де бар. Дені – ел азаматтары. Оның ішінде ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүрген жігерлі жастар басым. Бәрі де жұмысын жауапкершілікпен атқарады.

Жігерлі жастар жарқылы

Сондай жігерлі жастың қата­рында Бауыржан Дайыш­қалиев та бар. Оған кен орнындағы кешен­ді технологиялық желі зауы­тының қондырғы операторы мін­детін атқару жүктелген. Кен орнында жұмыс істегеніне бес жылдан асыпты. Кен орны орналасқан Жылыой ауданында туып-өскен ол бастапқыда мерді­герлік компанияға жұмыс­қа орналасқан. Кейін «Теңіз­шев­ройл» ЖШС-ның зауытында жұмыс істеуге бет бұрған.

«Кіндік қаным тамған ауылым бұрын Ескі Қаратон деп атал­ған. Ауылымыз 2000-жылдары «Теңіз­шевройлдың» қар­жы­лай қолдауы­мен Жылыой ауда­ны­ның орталығы – Құлсары қаласына таяу маңға көшірілді. Бала кезімнен «Теңіз» кен орны, онда жұмыс істей­тін мұнай­шы­ларың жұмысы туралы көп есті­дім. Кен орнында жұмыс істе­сем ғой деп армандаушы едім. Сол мақсатым орындалып, елі­міз­дегі ең ірі компания­да­ еңбек етіп жүрмін», дейді Бауыржан. Оның айтуынша, кен орнын­дағы жұмысқа орналасу үшін алдымен Алматыда білім же­тіл­дірген. Содан соң өзге ма­ман­­дармен бірге іріктеуден өткен.

апр

«Жоғары оқу орнын бітірген маманға бірден жұмыс табу оңай емес. «Жұмысқа кіру үшін таныс керек. Ақша бермесең, жұмысқа алмайды», деген қаңқу сөздерді жиі естиміз. Бірақ үміт үзбеген, талпынған жанға мұндай бос сөз әсер етпейді. Рас, жетістікке қол жеткізу бірден мүмкін бола қоймайтын шығар. Жас маманға алдымен тәжірибе жинақтау қажет. Мен де сондай жолдан өту үшін жұмысымды мердігер компанияларда бастауды жөн көрдім. Өйткені кен орнындағы әр жұмыстың жауап­кершілігі бар. Қателікке ұрын­бау үшін біліктілікті шыңдау керек. Қазір менің өмірімде «ТШО-ға дейін» және «ТШО-дан кейін» деген кезең бар. Жұмысым өзіме ұнайды. Компанияның әлеуметтік пакетімен Атырау қаласынан үй сатып алдым», дейді Б.Дайышқалиев.

Орда бұзатын отыз жасқа қадам басқан жігіттің жұмыс күні ауысымды қабылдаудан басталады. Басшылар өткізетін жиынға қатысып, атқарылар жұмысты пысықтап алады. Содан кейін ғана 200-қондырғының жұмыс үдерісін тексереді. Бұл қондырғыда мұнай құрамы су мен күкірттен тазартылады. Сол себептен, қауіпсіздік мәселесіне баса мән беріледі.

«Әр адам бәрін біліп тумайды ғой. Жұмыс үдерісіне орай білімін, кәсіби біліктілігін жетілдіруі қиын емес. Жауап­кер­шілікті сезінген, ізденіс пен адал­дық қағидатын ұстанған адам ғана мақсатына жетеді. Менің ендігі мақсатым – бүгінгі дең­гейде қалмай, ағылшын тілін меңгеруді жетілдіріп, ком­па­ния­ның шетелдегі тәжірибе алмасу бағдарламасы арқылы білік­ті­лігімді одан әрі шыңдау. Бұл үшін барлық мүмкіндік бар. АҚШ-қа барып, білімін шыңдап кел­ген әріптестерім аз емес», деді ол.

Қайрат Жаңаев та «Теңіз» кен орнында оператор болып жұмыс істейді. Ол да – Жы­лы­ой ауданының тумасы. Мұ­най-газ саласындағы кәсібін қазіргі «Жылыоймұнайгаз» бас­қар­ма­сында бұрғылаушылықтан бас­таған әкесі Ертілеудің жолын жал­ғастыруды көздепті.

«Мұнайшы болуыма туған ауы­лымның Мұнайлы деген атауы әсер етті деп ойлаймын. Оның үстіне әкем мұнай-газ саласында 30 жыл жұмыс істеді. Әкемнің мұнайшылық кәсібін жалғастыру үшін мектепте үздік оқуға талпындым. Сөйтіп, 2012 жылы гимназияны «Алтын белгімен» бітірген соң Қ.Сәтбаев атын­дағы қазақ ұлттық техни­ка­лық университетіне оқуға түстім. Мұнда «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша жоғары білім алдым», дейді Қайрат.

Жас маман «Теңіз» кен ор­нын­дағы өндірісте бос жұмыс орын­­дары ашылғанын интернет желісінен көрген. Сөйтіп, ком­панияның ресми сайтына түйіндемесін жолдапты. Ком­па­нияның «Адам ресурстарын бас­қару» бөліміндегі әңгімелесу мен тестілеуден өтіп, жұмысқа ша­қы­рту алған.

«Технологиялық қондырғы опе­ра­торы қызметін 2020 жылы бас­таған едім. Қазір ДМК қон­ды­р­ғысында оператор міндетін ат­қарып жүрмін. Әрине, үш жыл­дық еңбек өтілі көп емес. Бірақ соған қарамастан, мұнда өзім­нің және әріптестерімнің қа­уіп­­сіздігіне қамқор болуды­ үй­р­ендім. Өйткені еңбек қауіп­сіз­дігін сақтамай, алға бір қадам ат­тау мүмкін емес», дейді Қ.Жа­ңа­ев.

Ол ауысымаралық демалысын шетелде емес, Құлсары қаласында өткізгенді қалайды. Өйткені бұл ша­ғын қаланың инфрақұрылымы жақса­рып келеді. Мұнда компанияның қол­дауымен орталық стадион, ауру­хана, балабақша секілді әлеу­мет­тік нысандар бой көтерген.

«Кен орнында жұмыс істей­тін барлық қызметкер бір үлкен отба­сының мүшесі секілді. Бауы­рына көмектескендей, бір-біріне қол ұшын созуға ұмтылып тұрады. Жұмыстың қа­уіп­­сіз атқарылғанын ортақ игі­лік деп түсінеді», деген ойымен бөлісті жас маман.

 

Атырау облысы