Үкімет • 15 Қаңтар, 2024

Балалар басылымы: Кешенді бағдарлама әзірленбек

143 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Балалар басылымының балаларға қолжетімді болуын қадағалап, стратегиялық жоспар құрып, осы саладағы өзекті мәселелерге ден қойған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматыдағы «Достық» үйінде «Қазақстан балалары және шығармашыл интеллигенция» атты сала өкілдерімен кездесу өткізді. Балалар тақырыбындағы өзекті жиынға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та арнайы қатысты. Қос министр елдегі балалар басылымдарына қатысты мәселелер мен ұсыныстарды тыңдады.

Балалар басылымы: Кешенді бағдарлама әзірленбек

Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР

Балалар басылымдары мен бас­па қызметкерлері, балалар әдебиеті мен білім басқармалары өкілдері, республикалық кітапхана директорлары қатысқан кездесу балалар контентін қалыптастырудағы заманауи технологиялар мен креативті идеяларды қолдану қажеттілігіне назар аударды. Мемлекет басшысының балалар кітапханасы мен шығармашылығын дамытуға көңіл бөліп отырғанын жеткізген Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева баспа-басылымдар арқылы өскелең ұрпақтың өнер, білім, ғылым мен әдебиетке қызығушылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баев бала тәрбиесі аса маңызды іс екенін айта келіп, осы тұрғыда балалар әдебиеті мен балалар музыкасын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын мәлімдеді. «Біріншіден, алдағы уақытта композиторлармен, балалар ақындарымен кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Екіншіден, балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру қажет. Қазір Оқу-ағарту министрлігі «Оқуға құштар» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұған дейін де мектептерде балаларға арналған жаңа көркем әдебиеттер ұзақ жыл бойы жүйелі түрде алынбай келгенін байқадық. Бүгінгі таңда «Оқуға құштар» бағдарламасы аясында барлық мектеп кітапханаларына көркем әдебиеттер алына бастады. Биыл Президент тапсырмасына сәйкес, «Балалар кітапханасы» бағдарламасының аясында Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктері бар, балалар әдебиетінің тізімін қалыптастырдық. Осы бағытта кәсіби топты жинай отырып, бұл тізімді жыл сайын толықтырып отыратын боламыз», деді Ғани Бектайұлы.

Бұл туралы Оқу-ағарту министр­лігінің жаңадан құрылған Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Әскербекқызы биылдан бастап «Бір­тұтас тәрбие бағдарламасы» оқу үдері­сіне енгізілгенін айтты. «Бұл жұмыс жанданып, жүзеге асу үшін қос министрлік пен зиялы қауым бірлесіп жұмыс жүргізуі керек», деді министрлік өкілі.

Аида Ғалымқызы басылымдар бағдарламалар арқылы мектептер­де балалар контенті насихатын үйлес­тіру, департаменттермен, өңірлер­дегі білім басқармаларымен, ата-аналар ұйымдарымен, тіпті үлкен еңбек ұжым­дарымен тығыз жұмыс істеу, кездесулер өткізу, әлеуметтік желінің әлеуетін пайдалану қажеттігін, балалардың пікірін, сұранысын білу маңызды екенін, мәселен, кітапханашылар тарапынан балалардың қазіргі заманауи комикс, фэнтэзи, детектив жанр­ларындағы шығармаларды іздей­тіні жиі айтылатынын атап өтті.

Елімізде 20-дан аса балалар басылымы жарық көреді. Олардың ішінде «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен», «Дружные ребята» секілді басылымдар мемлекет қамқорлығымен жас өскіннің рухани өрістеуі үшін қызмет етіп келеді. Жас буынның тілін ана тілінде қалыптастыруда және ұлттық тәрбие идеологиясында балалар басылымдарының маңызы жиі сөз болғанымен, балалар контентінің дамуы көңіл көншітетін жағдайда емес екені белгілі. Жас өскіннің өз төл басылымдарымен қылаусыз достығы да кешегідей емес.

Бұдан кейін Мәдениет және ақпарат министрі сала мамандарының ұсыныс-тілектеріне ден қойып, шеші­мін табуды қажет ететін өзекті мәсе­лелерге құлақ салды.

«Республикалық және облыстық жоғары оқу орындарында 21 журналистика факультеті бар. Солардың біреуінде де балаларға арналған маман даярланбайды. Өндірістік тәжіри­беден өтуге келетін жас мама­ндар біздің бейнетімізді көреді де, телеар­наларға қашып кетеді. Қазіргі жас мамандардың ішінде орфография мен орфоэпияны ажырата алмайтындар да бар», дейді «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбділда.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының балалар әдебиеті секциясының меңгерушісі Нұрдәулет Ақыш балалар әдебиетіне арналған жеке конкурс өткізу, басқа да басылымдарда балаларға арналған бұрыш немесе бет ашу, сонау 1982 жылдан бері Мұзафар Әлімбаевтан кейін балалар жазушысына берілмеген Мемлекеттік сыйлыққа балалар жазушыларын да ұсыну, мемлекеттік стипендиядан да сырт қалмағанын ескеру, балалар образын жасайтын реалистік шығармалар жазу туралы бірқатар ұсынысын алға тартты.

Ал «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсын­ұлы жазылым науқанында респуб­ликаны аралау барысында мектеп мұғалімдерінің «басылымға мәжбүрлеп жаздыруға болмайды» де­генді «басылымға жазылуға болмай­ды» деп теріс түсініп алғанын, түбі­рі­­мен қате бұл түсінікті өзгертуге қол­дау көрсетуді сұрады. «Балалар ба­сы­­лымдарының негізгі оқырмандары – мек­­тепте. Мектептер жазылмаса, олар­ға на­сихаттай алмасақ, жазылуға мәж­бүр­­леу деп қиындықтан қашсақ, ертең­­гі күні сол мектепті бітірген бала әде­­биетті қалай оқиды? Көркем әд­е­биет­­ке, эстетикаға қалай барады?», деп бас редактор құзырлы орынның бас­­шы­­лары­на мәселені қабырғасынан қойды.

Белгілі жазушы-драматург Смағұл Елубай балалар киносы мәселесінің түйіткілдерін тарқатты. «Менің атым Қожадан» кейін балалар көретін фильм жоқ. Оның өзіне алпыс жыл уақыт өтті. Бізге балалар киностудиясын ашу керек. Жылына киноға бөлінетін қаржыдан балалар киносына да тапсырыс беру керек», деп кейінгі жылдары сын көтермейтін саланың ісін ілгерілетуге байланысты нақты ұсыныстарын айтты. Кино драматургиясы жанрында еңбектеніп келе жатқан жазушының бұл ойын белгілі театр сыншысы Әлия Бөпежанов да құптады. «Бізде балалар мен жасөспірімдер театры бар. Бірақ үлкендерге арналған театрларға да жылына балаларға арнап бір-екі спектакль қоюды міндеттесек деймін. Мысалы, бәріміздің немереміз бар. Жаңа жыл кезінде «Сезам» театрына, цирк қойылымдарына алып барамыз. Ол жерде жылда қайталана беретін, адамды мезі еткен бағдарламалар қойылады. Ең өкініштісі, орысша өтеді», деді Ә.Бөпежанова.

Балалар басылымында қырық жылға жуық қызмет істеп келе жатқан «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсенбек Мағлұмов сала жұмысының кешегі-бүгінгі мәселесімен жете таныс. Бас редактордың айтуын­ша, балалар әдебиеті төңірегінде жүрген жетпіске жуық қаламгер редакция тарапынан берілетін тапсырысты орындауға құлшына қоймайды. Себебі балалар тақырыбында жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтін күрделі еңбек.

Алқалы басқосудың соңында қос министр балалар шығармашылығына байланысты әзірленіп жатқан кешенді бағдарламаның бағдар-мазмұнымен та­ныстырды. Мысалы, Оқу-ағарту ми­нистрі қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімдерімен кездесу ұйымдас­тыры­лып, аталған мәсе­лелер­ге қатыс­ты тү­сін­д­іру жұмы­сы жүр­гізілеті­нін, мәде­ниет са­­ласы мен оқу-ағарту саласын­дағы кі­тап­­­ханашылар мәртебесі теңес­тіріліп, ең­­бек­ақыларын көтеру мәселесі бойын­ша жұмыс жүргізілетінінен хабардар етті.

Басқосуды қорытындылаған Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Ғалым­­­қызы балалар контентін жасау, қалып­тастыруға байланысты теле­арналарда арнайы ток-шоу ұымдастырылатынын, балалар басылымдарына жазылу, оқитын ұрпақ қалыптастыру уақытпен бірге жүйелі түрде шешімін табатынын, оқуға құштар­лықты арттыру жұмысы жалға­сын таба беретінін айтты. Балаларға арналған әрбір контент түкпірдегі ауылдар мен кітапханаларға, оқырманға жетуі үшін Әкелер форумы мен ата-аналар комитеті секілді арнайы платформалар да тиімді пайдаланылмақ.

Кездесу түйінделер тұста бірқатар балалар басылымының ұжымына қос министрліктің Алғысхаттары тапсырылып, қалам қарымы мол белсенді тілшілер «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

 

АЛМАТЫ