Қоғам • 29 Желтоқсан, 2023

Ауыр жұмыстағыларға арнайы әлеуметтік төлем

197 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында: «Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын», деді.

Ауыр жұмыстағыларға арнайы әлеуметтік төлем

ФОТО: aikyn.kz

Шынтуайтында, Мемлекет басшы­сы­ның бұл тапсырмасы ауызекі тілде «регресшілер проблемасы» деп аталып кеткен, негізінен, кеншілердің көкейкесті мә­се­лесін шешуге бағытталған. Бұл жай­лы биік мінберден сегіз жылдан бері айтылып жүргенімен, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары кеншілердің жанайқайын естімегендей кейіп танытып келген еді. Олар тіпті Парламент депутаттарының осы жөніндегі депутаттық сауалдарына да «сырғытпа» жауап қайтарып, «құтылуды» әдетке айналдырған. Бұл тақы­рып­тағы соңғы депутаттық сауалды еңбек жолын шахтер болып бастаған бүгінгі мәжілісмен Арман Қалықов биыл 15 қарашада Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдап: «Біздің сауалымыз тау-кен металлургия саласындағы зиян­ды өндірісте денсаулығын жоғалтқан мыңдаған мүгедек пен регресшінің өті­ні­ші­не негізделген.

2015 жылы Азаматтық кодекске ен­гізілген түзетулер қазіргі уақытта мү­гедектер мен регресшілердің құқық­та­рына нұқсан келтіріп, оларды кемсітіп отыр. Сол түзетулер кәсіптік еңбекке қабі­леттілікті жоғалту бойынша әлеу­мет­тік төлем мөлшері инфляцияның бол­жамды деңгейіне сәйкес белгіленуіне әкелді (мысалы, 2022 жылы инфляцияның нақты деңгейі 20,3 пайызға жеткенде жасалған түзету 8,5 пайыз ғана болды). Бұл ретте инфляцияның болжамды және нақты деңгейлері арасындағы айырмашылық орасан зор екені көзге ұрып тұр. Соның салдарынан зиянды өндірісте денсаулығын құртқан адамдардың және олардың отбасыларының өмір сүру дең­ге­йі жылдан-жылға нашарлап барады.

Бұрын денсаулыққа кел­ті­ріл­ген зиян­ды өтеу бойынша төлемдер өмір бойы төленетін. Бірақ 2015 жылы Азаматтық кодекске енгізілген өзгерістердің салдарынан мұндай төлемдер зейнет жасына келген кезде тоқтатылатын болды. Сонда қа­лай, кәсіби дерті бар адам зейнет жасына жеткенде бір ғажап сиқырмен құлан-таза жазылып кете ме, ал өндірісте жарақат алған мүгедекке жаңа аяқ немесе қол біте ме?» деді.

Депутаттық сауалға берген жауабында вице-премьер Т.Дүйсенова: «Жұмыс­кер­лердің жекелеген санатын өмір бойғы төлеммен қамтамасыз ету мақ­сатында «Қызметкер ең­бек (қызметтік) міндеттерін атқар­ған кезде оны жазатайым оқи­ға­лардан міндетті сақтандыру туралы» заңға тиісті түзетулер енгізу көзделіп отыр. Мәселен, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі алғаш рет 2015 жылғы 10 мамырға де­йін белгіленген және қайта куә­ландыру мерзімінсіз 2015 жылғы 10 мамырдан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылған адам­дарға сақтандыру ұйым­да­­рынан олардың кәсіптік ең­бекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін қайта куәландыру мерзіміне сақтандыру төлем­де­рін алу құқығы берілетін болады, яғни төлемдер зейнет жасына толғаннан кейін де жасалады», деп мәлімдеді.

Осылайша, мүдделі мемле­кеттік ор­гандар бізге белгісіз се­бептермен 2015 жылы өз қол­да­рымен туындатып, мыңдаған регресшінің әлеумет­тік жағ­дайын қиын­датқан проблемаға Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, тікелей араласқан соң, Үкімет оны шешу шараларын айқындады. Бұдан бөлек, ауыр жұмыстарды атқарып, ден­саулығына зиян келтіріп жүрген адамдарға шын мәнінде 55 жас­та зейнетке шығумен пара-пар жеңілдік те қарастырылды. Ол – алғаш рет арнайы әлеуметтік төлемнің (АӘТ) енгізілуі. Міне, осы қарапайым еңбек адамдарына деген жанашырлықтан туындаған әділ де бірегей жаңашылдықтар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілді. Бұл маңызды құжат Мәжілісте қабылданып, Сенат мақұлдаған соң, құжатқа Мемлекет басшысы биыл 21 желтоқсанда қол қойды.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қор­ғау министрлігінің түсіндірмесіне қа­ра­­ғанда, АӘТ-ті тағайындаудың мін­дет­ті шарт­­тары – 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорын­да (БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы ауда­рым­дарының болуы. АӘТ төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақ­тан­дыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөл­шерінде; жұмыс беру­шілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен.

Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер Еңбек жағдай­лары зиян­ды жұмыстармен айналысатын жұ­мыс­­­кер­лердің, өндірістердің, жұ­мыс­­тар­дың, кәсіптердің тізбесіне ен­гізіл­ген жұ­мыс­­керлер үшін мін­детті кә­сіптік зей­нетақы жарналарын аударады. Еліміздегі осындай кәсіп­­тер мен қызмет түрлері 2 мың­нан астам екен. Олар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұ­мыскерлердің пайдасына мін­детті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер өз қаржысы есе­бінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тіз­бесін бекіту туралы» 2023 жылғы 24 мамырдағы №170 бұйрығында көрсетілген. Жалпы, АӘТ елі­міздің экономикасының 19 саласында, соның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін азаматтардың игілігіне айналады. Оны алғысы кел­ген жұмыскерлер еңбек жағ­дайлары зиянды жұмыспен айналысуды доғаруға тиіс. Со­дан кейін жеңіл жұмысқа ауы­сып, тиісінше жалақы және АӘТ алуларына болады немесе демалысқа шығып, зейнет жасына жеткенше аталған төлемді ала алады.

«БЖЗҚ деректері бойынша арнайы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере келгенде, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам, 2030 жылы 58 мыңнан астам, 2035 жылы 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуметтік төлем алушылар саны жыл сайын ұлғая түседі. Алдын ала есептеу бойынша 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері оның БЖЗҚ-дағы жинағына байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнайы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің артуы­на байланыс­ты өседі. Мәселен, 2030 жылы төлемнің орташа мөл­шері 339 мың теңгені, ал 2035 жылы 519 мың теңгені құрауға тиіс», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жуырда Пре­зидент жа­нындағы Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингте.

Қолданыстағы заңнамаға енгізілген түзетулер жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау ке­зінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін де же­тілдіріп отыр. Нақты айт­­қанда, өмірді сақтандыру компанияларының зардап шеккен жұмыскердің санаторий-курорттық емделу ақысын 100 айлық есептік көрсеткішке де­йінгі мөлшерде төлеуі; жазатайым оқиға салдарынан кел­ген зиянды өтеу, яғни сақ­тан­дыру төлемінің мөлшерін ай­қындау кезінде жұмыскердің кінәсін бұдан былай ескермеу сияқты оң өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ вице-премьер Т.Дүй­се­нова депутаттық сауалға бер­ген жауабында айтқандай, кә­сіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 2015 жылғы 10 мамырға дейін алғаш рет 30-дан 100 пайызға дейінгі мөлшерде белгіленген және 2015 жылғы 10 мамырдан бас­тап 2024 жылғы 1 қаңтарға де­йінгі кезеңде куәландыру мер­зімінсіз ұзартылған немесе қайта куәландырылған адамдарға сақ­тандыру ұйымдарының қа­ражаты есебінен сақтандыру төлемдерін өмір бойы төлеу қарастырылды. Мұндай төлем­дерді алушылар саны – шамамен 1,4 мың адам.

Сонымен, АӘТ-ті еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтін, жасы 55-ке келген азаматтар келесі жылдан бастап алатын болады. Оған қажетті қаржы Мем­лекет басшысының маңызды бастамаларына ар­налған Президент резервінен бөлінді. Ауыр жұмыстарды атқарып жүрген адамдарға жасалып отырған осы жанашырлық  Әділетті Қазақстан орнату жо­лын­дағы тағы бір маңызды қадам екендігі даусыз.